АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗБАЙДЫ...
Ұлт рухына айрықша серпін беріп, қазақы ғұрпымызбен біте қайнасқан асық ойынының негізін ата-бабамыз ертеректе ойлап тапқан. Бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған оның тарихы сонау қазақ хандығы тұсынан бастау алады. Ата кәсібі мал шаруашылығымен айналыса жүріп, артынан өкшелеп ерген ұрпағының бала күнінен жүйке жүйесі қалыпты болуына мән беріп, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа шыңдап отырады. Ендеше, ел Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасы аясында ұлттық ойынымыздың жаңа замандағы мәртебесін көтере отырып, басты функционалдық міндетін айқындау парызымыз деп білеміз.
Жалпы алғанда, асық төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қолға ұстауға икемді болу үшін көбіне уақ малдың асығын ойынға пайдаланады. Осы ретте асық түрлерін жеке дара бөліп қарастыруға болады. Атап айтқанда, көпшілігімізге белгілі «сақа» асықтың үлкені болып саналады. Сонымен қатар, «кеней» деп көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықты, «шүкейт» жас малдың асығы, «қойлық» қойдың асығы, «ешкімек» ешкінің асығы, «құлжа» құлжаның асығы, «көктабан» қорғасын құйылған салмақты сақа асық, «топай» сиырдың асығы, «жабай» ірі асық, «қолқар» арқардың асығы болып бөлінеді. Бұл жерде асықтың атауы да айрықша назар аудартады. Мысалы, «алшы» – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы яғни алшы тұруы, «тәйке» – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы, «бүге» – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі, «шіге» – асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі, «омпы» –асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы, «шоңқай» – асықтың омпаға қарсы жағымен тік түсуін айтады. Бұл ретте асық ойынының ережесіне сай көптеген түрі халық арасында тараған. Оны бұрындары күндіз де, түнде де ойнаған деседі. Ең бастысы балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында «тақталық» түріне «хан», «ханталапай», «хан ату», «құлжа ату», «құмар», «қақпақыл», «қаржу», «қаржымақ», «сасыр», «төрт асық», «бес тас», «бес асық», «иірмекел» жатқызылады. Ал, күні бойы дала кезген ойын баласы үшін «алаңдағы» түрі дағдыға айналған. Нақтырақ айтар болсақ, «арқаласпақ», «алты атар», «омпа», «кетсін бір», «шыр», «бәйге», «алшы», «бес табан», «көтеріспек», «атқабыл» секілді тағы да басқа түрлері әр өңірдің өзіне сай мәдениеті мен менталитетіне байланысты дамып отырған.
Жастарды ептілік пен төзімділікке баулыған асық ойынының ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалуы маңызды құбылыс. Кезінде саяси оқиғалар көптеп орын алған тұста рухани құндылығымыз құлдыраудың сәл-ақ алдында тұрған. Десек те, болашақты алыстан бағдарлай білген ата-бабамыз ұлттық ойынымызды сақтап қалуға айтарлықтай күш салғаны мәлім. Талай жыл көлемінде қазақ баласының бар байлығы мал баға жүріп, жинаған дорба-дорба асығы болатын. Жазғы демалысқа келген жас балғын үлкендердің қасынан табылып, ауыл балаларымен асық ойнайтын. Бар ермегі жаңа сойылған қошқардың асығына қорғасын құйып, «сақа» жасау, атасы «аманат» еткен асығын ұтылмай өз иелігінде сақтау еді. Бұл жерде ойын баласының бір-бірімен бәсекелестігі артып, мергендігімен, жылдамдығымен, қатарының алды болу басты мақсат еді. Ал, дәл қазіргі уақытта жаһандану үдерісіне ілескен жас буын өкілінен байқағанымыз асық ойнауға деген қызығушылығы күрт төмендеген. Бұрынғыдай көше бойында топ болып жиналған баланы көрмейсіз. Сақасын ұттырып, намыстанған балалық шақтың қызық дәуреніне куә бола алмайсыз. Неге дейсіз ғой?! Ойынқұмар баланың бар уақытын, санасын ақылды гаджет, сиқырлы смартфон мен тәуелділікке әкеп соқтыратын компьютер ойыны жаулап алған. Одан қалды шетелдік нұсқада жасалған түрлі бұйымдар әр қазақ баласының қолында жүреді. Сан ғасырлық тарихы бар сарғайған асық апамның сандығының түбіне түскелі осы күні бар қадір-қасиетінен айырылған іспетті. Себебі, бұрын үлкеннің тәлімін алған ересек атаана буыны қатаймаған баласына асық ойнатқаннан гөрі смартфон әпергенді қалайды. Тек ұлттық спорт түрлеріне жатқызылып, белгіленген күнде жарыс өткізумен шектелмей әр шаңырақта қамшы ұстар ұлына асық ойнауды үйрете білсек келешегіміз кемелдене түсетіні хақ.
Сондай-ақ, сөз соңында айтарымыз әлем елдерінің халқына ұялмайтындай ұлттық бренд ретінде көрсете алатын асық ойынының түбірін қопарып, тектілігімізді көрсету баршамыздың борышымыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ