ТІЛЕК ДҰҒА
Ай жүзінен ағарып таң атқандай,
Арман болған ағаларым бақ қандай.
Күнде маған көрінеді Қонекем,
Кеңсесінен шығып келе жатқандай.
Көз алдымда бар келбеті, түр-түсі,
Сәл-пәл ғана езу тартқан күлкісі.
Тәртіптің нақ терең мәнді символы,
Тазалықтың тәңірі еді-ау бұл кісі.
Бара қалсаң құлақ қойып тыңдайтын,
Жұмыс десе барын салып тынбайтын.
Қандай мықтың қаһар төгіп тұрсада,
Қаймықпайтын, оңайлықпен сынбайтын.
Орақ түсіп науқан әбден қызғанда,
Ағамызды таба алмайсың бұл маңда.
Күндіз түгел егістікті аралап,
Түнде келіп бюро өткізер қырманда.
Жазуын айт, бір артық сөз жазбайтын,
Сөйлеп кетсе жанған оттай маздайтын.
Ашуланса көзден оты ұшқындап,
Таудың өзі құлап кете жаздайтын.
Қамын ойлап күйттемеген бір басын,
Кітаптардан тапқан жақын сырласын.
Қонысбектей ағамыздан көрдік біз,
Адамдықтың, адалдықтың тұлғасын.
Жақсылардан жарық із қап жатады,
Елі-жұртына мейірім төгіп шапағы.
Іскер басшы, ізетті жан тұсында,
Ауданымның асқақ шықты атағы.
Арайланып алдан атып нұр таңы,
Ағамызды аңсап іздер жұрт әлі.
Жалғастырып жатыр жолын бүгінде,
Ғалымбек пен Ғанибектей ұрпағы.
Төрін беріп жұмақтың нұр есігі,
Тербеп жатыр Сыр ананың бесігі.
Елі-жұрты, халқы аман тұрғанда,
Ағамыздың өшпес мәңгі есімі.
Алып жатқан Сырдың жарты аумағын,
Арайланып құлпырады бау-бағым.
Елбасының үндеуіне үн қосып,
Өркендей бер, гүлдене бер ауданым!
Мұхтар САҚТАПОВ,
ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы».
ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы».
Пікір 2