ЗЕЙНОЛЛА ШҮКІРОВКЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ МҰРА
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында Атырау облысы, Құрманғазы ауданында 1905 жылы дүниеге келіп, 90 жасқа келгенде дүние салған (1995 жыл) ақын-жазушы Әбу Сәрсенбаевтың Зейнолла Шүкіровке жазған үш хаты сақтаулы тұр. Бірі – 1962 жылы, екіншісі –1963 жылы, ал үшіншісі – 1972 жылы жазылған.
Біз жазушы Әбу Сәрсенбаевтың 1972 жылы Зейнолла Шүкіровке жазған хатын назарларыңызға ұсынғымыз келіп отыр:
«Зейнулла! Есен-саумысың? Қарағым, сені шешеден айырылды деген хабарды газеттен оқыдым. Одақтың көңіл айтуы бәрмізге ортақ қой. Ал жеке өз атымнан көңіл айтуға кезінде сөз таба алмадым. Не демек едім саған. «Жылама» демекпін бе? Олай деуге хақым жоқ! Шеше қай кезде де, жасқа да, егдеге де шеше! Әке мен шешеге өзгесін былай қойғанда тек, өмірге әкелгені үшін де мәңгілік борыштымыз ғой!
«Біраз суысын, өзіне өзі келсін!» деген ниетпен саған кешеуілдеп көңіл айтқалы отырмын. Бәрі бір көңіл айту деген көңілдегі жараны қайтадан жаңартады. Алайда амалсыз көндігеміз. Сен тағдыр деген мейірімсіздің мазағына көнбейтін, ешқашан тізерлемейтін, керек болса тағдырдың өзін мазақ етерлік құдыреті бар нағыз батыр адамсың. Қас батыр деген сөз біреуге арналар болса мен алдымен сол бір қасиетті атақты саған ғана арнар едім!
Майдангер батырлардың талайын білеміз. Олардың жағдайы бір басқа. Біз кейде алтын жұлдыздыларды ғана батыр санаймыз. Ал жұлдызсыз батырлар қанша! Бауыржанды мен төрт рет батыр еткен болар едім. Сен анау өткен жыл қайтыс болған Мыңбаевты білесің. Екі қолсыз оралған еді ғой. Жақында маған Құсайын Өтешқалиев деген майдандасым келіп кетті. 1943 жылы дәл жиырмаға толған күні екі аяқтан бірдей айырылған. Қазір тоқпан жіліктен қалған бір сүйем тұқылға жайдақ арба байлап, қолмен итеріп жылжиды.
Ал енді осы батырлардың қай-қайсысы да сендік биіктен жоғары ма екен? Жоқ, сен жеке шыңдасың! Әрине, деңгейлестірудің өзі де дұрыс емес! Дегенмен де сенің орның бөлек! Сен төсекте жатып мектеп бітірдің. Сенің білігің институт бітіргендердің көбінен жоғары! Алдымен, осылардың өзі ерлік! Ал, еңбектерің ше? Сен балықшымен бірге дүлей теңіз кешесің. Сен малшымен бірге шөл даланы, қарлы боранды кешесің. Сен студенттермен бірге биік армандарға самғайсың. Сен жасыл парктардарда таңғы шықтай мөп-мөлдір махаббат кәусары боп ынтызарландырасың. Сен жас буындарды әсемдік әлеміне бағдарлайсың. Биік мақсатқа, адалдыққа, адамдыққа баулисың. Демек, сен қара күштің батыры емес, аса қиын еңбектің батырысың! Анығырақ айтқанда сен ұстаздық еңбектің батырысың! Әрине, өңіріңде алтын жұлдыздарға сен де ортақсың!
Демек, сенің бойыңдағы батырлық қабілет мынадай аса ауыр қаза кезінде де әлсіремейді, жасымайды деп сенемін! Анаңның топырағы торқа болсын, қарағым! Қынжыла тұрсаң да қасіретке бой бермеуге тырыс! Ана рухы алдындағы перзенттік борышың сенің творчествоға жаңа шабыт бергей! Абзал ана бейнесін шығармаңнан кездестіретін болайық! Биікке самға, қыраным!
Деніңе саулық, шабытыңа дауылпаз қанатын тілеймін. Құшағыма қаусырып, бетіңнен сүйдім, қарағым!
Ағалық адал ниетпен, Әбу Сәрсенбаев. 13.4.71. Алма-Ата, 72. Интернациональная, 129, кв 1.»
Жазушы Әбу Сәрсенбаев хатты әдетте «Зейнулла! есен-саумысың?» деп бастайды. Музей қорында сақтаулы 3 хаттың екеуі осылай басталған. Зейнолла Шүкіровтің анасы 1972 жылы дүниеден өтеді.
Әбу бұл хатта Зейноллаға көңіл айту және анасының өлімі қажытпас үшін жігерлендіру сөздерін жазған. Ер басына күн туғанда, қараспаса дос дос, аға аға бола ма? Інісіне рухани тірек бола білген Әбу Сәрсенбаев темірдей берік төзімділік танытуын сұраған, сұрап қана қоймай, «алтын жұлдызды батырға» теңеген.
Әбу Сәрсенбаев хатта Зейноллаға шексіз сенім мен өшпес үмітті сыйлағандай әсер қалдырады. Әбу ағалық ақ тілекпен Зейнолланы қас батырға теңеп, жас буынның Зейнолланың шығармаларымен сусындап жатқанын тілге тиек етеді. Әбу Зейнолланың халық үшін, әсіресе жастар үшін керек екенін аңғартады.
Соғысқа барып, аяқ-қолсыз келген майдандас-замандастарының өмірге деген құлшынысын мысалға келтіре отырып, тулап жатқан өмір дариясында еш мойымай, өз әлінше құлаш сермеуге, алға қарай ұмтылуға жігерлендіреді. Өзіне қару болған ой-жарығының, сана-сезімінің биіктігі Зейнолланың өзі жазған шығармалар кейіпкерлерінің прототипімен бірге жүрмесе де, бірге болғандай әсер қалдырады.
Аяғынан 7 жасында айырылса да, балалық және бозбалалық шағы теңізде балық аулаумен, жерде мал бағумен өткендей. Әлемді ой көзімен көру деген осы шығар. Шығармаларынан сондай шынайылықты байқаған Әбу Сәрсенбаев Зейнолла Шүкіровті «ұстаздық еңбектің батырына» балаған.
Хаттан ауыр кеселдің запыран-зәрін ішіп жатса да, күн-түн демей жазып, тағдырына бас имей, арпалысып, әр минуттық ғұмыры үшін тісін тісіне қойып, соңына дейін күресе білген қайсар жанды көруге болады.
Әбу Сәрсенбаев хатында Зейнолла Шүкіровті батырға теңей отырып, қайықтары желге өрлеп, өмір өзенінде үйректей жүзіп, қаздай қалқып, сау-саламат жүрген жандар оның жасап жүрген ісіне бара алмайтынын айтқысы келді. Өмірдің әрбір минутын босқа сарп қылмай, ел игілігіне жұмсап жатқан Зейнолланы мақтан етеді, жақын тартады.
Анасына көңіл айта отырып, шығармаларында ана образының болуын қалайтындығын білдіреді. «Деніңе саулық, шабытыңа дауылпаз қанатын тілеймін. Құшағыма қаусырып, бетіңнен сүйдім, қарағым!» дегенінен-ақ, ағалы-інілі жылы туыстық қатынас сезіледі. «Жақсылардың ақылы – азық, сөзі – сусын» демекші, Әбу Сәрсенбаевтың ағалық ақылы Зейнолла Шүкіровке күш-қуат бергендей көрінеді. Хатта панасына алып жүрген ағалық мейірім сезіледі.
Әйгерім БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлктану музейінің
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу
бөлімінің меңгерушісі