Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№27 газет

14 сәуір 2026 ж.

№26 газет

11 сәуір 2026 ж.

№ 25 газет

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Білімі таяз маман, жегізді таяқ маған

Білімі таяз маман, жегізді таяқ маған

Қазіргі уақытта адамдар өмірінде түрлі қиындық пен ішкі күйзеліс жиі кездеседі. Көп адам мұңайғанда, жылағанда немесе өмірлік мәселеге тап болғанда бірден психологқа немесе коучқа жүгінуге тырысады. Бұл – қалыпты құбылыс, себебі адамға қолдау мен түсіністік қажет етіп тұрғандай көрінеді.

Алайда мұндай сәтте әр адам өзіне көмектесетін маманды дұрыс таңдауы өте маңызды. Кейде күйзеліс үстінде жүрген адам асығыс шешім қабылдап, біліктілігі төмен немесе тәжірибесі жоқ маманға жүгінуі мүмкін. Бұл керісінше жағдайды ушықтырып жіберуі ықтимал. Жалған психологтар көбіне тез нәтижеге жетуге уәде етіп, ғылыми негізі жоқ әдістерді қолданады. Олар адамның ішкі жағдайын терең зерттемей, үстірт кеңес беру арқылы кейде қате бағыт көрсетуі мүмкін. Кей жағдайда мұндай мамандар адамның сенімін пайдаланып, оны өзіне тәуелді етіп қою қаупін тудырады. Бұл адамның психологиялық жағдайына кері әсер етіп, үлкен зиян келтіруі ықтимал.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілердің дамуы бұл мәселені одан әрі күшейтті. Осы ретте әлеуметтік желіде өзін «психолог», «коуч», «энергия маманы» деп таныс­тыратындар көбейген. Алайда олардың барлығының бірдей ресми білімі мен кәсіби тәжірибесі жоқ. Сондықтан ақпаратты сараламай қабылдау – үлкен қателік.

Коучинг пен психология – екі бөлек бағыт болғанымен, дипломы жоқ коучтар да кездеседі. Кейбір коучтар адамның жеке мәселелеріне терең араласып, кәсіби этиканы сақтамайды. Ал коуч – адамға дайын шешім бермей, оны өз жауабын табуға бағыттайтын маман болуы тиіс. Бұл үшін арнайы оқудан өту, тәжірибе жинау және жауапкершілікті сезіну өте маңызды.

Сондай-ақ бұл тақырып төңірегінде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов журналистерге берген сұхбатында айтып өткен еді.

– Алдағы уақытта арнайы білімі жоқ психолог, коуч өзін «коучпын» деп айта салу мүмкін болмайды. Елімізде Коучинг қызметінің кәсіби стандарты ресми түрде күшіне енеді. Енді бұл жай ғана сән немесе BIO-дағы әдемі сөз емес, мемлекет реттейтін мамандық. Ең бастысы – коучтардың білімі мен біліктілігін растайтын арнайы құжаттары болуы қажет, басқа да талаптар бар, – деді депутат.

Әрине, психолог немесе коуч таңдауда маманның біліміне, тәжірибесіне және кәсіби этикасына мән беру өте маңызды. Сенімді маман клиентті өзіне тәуелді етпей, керісінше оның дербес ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.

Қазіргі қоғамда психологиялық сауаттылықтың артуы – уақыт талабы. Әр адам өзіне көмектесіп жатқан маманның біліктілігін ажырата білуі тиіс. Бұл – өз денсаулығы мен ішкі әлемін қорғаудың маңызды қадамы.

Психология – адамның ойы, сезімі және мінез-құлқын зерттейтін ғылым. Сондықтан психолог маманы тек белгілі бір топқа емес, барлық жасқа қажет.

Адам өмірі нәрестелік кезеңнен бастап қарттық жасқа дейін жалғасады. Осы аралықта адамның ішкі күйі, эмо­ция­сы және өмірге көзқарасы үнемі өзгеріп отырады.

Кішкентай бала үшін психолог – қорқыныш пен эмоцияны түсінуге, әлемді тануға көмектесетін маман. Мектеп жасындағы балаға ол қарым-қатынас орнату мен өзін-өзі дамытуға бағыт береді.

Жасөспірім шақта адам көптеген психологиялық өзгерістерді бастан кешіреді. Бұл кезеңде мектеп психологы өзін түсінуге, дұрыс шешім қабылдауға және ішкі сенімділікті арттыруға көмектеседі.

– Бір кездері мен коучқа сеніп, курсын сатып алдым. Шамамен 5000 теңгені құрады. Ол маған бәрі оңай өзгереді, «тез нәтиже болады» деді. Мен соған сеніп, өз жолдасыммен жиі ұрыса бас­тадым. «Сенікі дұрыс емес, сен өзгеруің керек» деген сөздер мені соқыр сенімге әкелді. Ақырында мен жақын адамымды түсінудің орнына, оны өзгертуге тырысып, өз өмірімді өзім қиындатып алдым. Қазір түсіндім, ешбір маман отбасыңды сенен артық білмейді. Ешкім сенің орныңа шешім қабылдамауы керек екен. Ең үлкен қателігім – кеңес тыңдау емес, оны ойланбай өміріме енгізу болды, – дейді есімін атамауды сұраған аудан тұрғыны.

Ересектер үшін психолог – өмірлік қиындықтар, жұмыс, отбасы және стресс жағдайларын жеңуге қолдау көрсететін маман. Сондықтан маман таңдауда аса мұқият болу – өз психологиялық саулығын қорғаудың ең маңызды қадамы.


Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА
Фото: ашық дереккөз
14 сәуір 2026 ж. 89 0