Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 180 долларға сатылған қазақ қызы

180 долларға сатылған қазақ қызы


Бұл оқиға Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары болған еді. Алматыда орналасқан Әлем қазақтары қауымдастығының бас маманы Ботагөз Уатқан телефон шалып, Пәкістаннан атажұртына оралған бір кісінің басындағы жәйтті өз аузынан естуімізді сұрады.

Қызық оқиға, қызық емес-ау, қасіретті жағдай. Қазір аты-жөнін ұмыттым, алпысты алқымдаған қаба сақал қараторы кісі Пәкістаннан кеше ғана келгенін айтты. Қайтсем атажұртқа оралам деген арманы жанын жәй таптырмай, әйел мен бала-шағасын ертіп әуежайға келеді. Қолындағы азын-аулақ қаражатына Алматыға ұшу үшін билет сатып алмақ болады. Тезірек бұл елден кетпесе, аласапыран болып жатқан аймақтан шығуы қиын. Сол жылдары бұл елде террорлық әрекет өріс алып, діни араздық өршіп тұрған еді. Әр тұста орын алған жарылыстар, өздерін өздері шейіт жасап, жанын пида етушілер көбейіп кеткен-ді. Бұл қарапайым жұрттың үрейін алып, тыныштық бермей тұрған. Оның үстіне жергілікті полиция қашқын-босқындарды аулап, қамайтынын қамап, қалғанын құл-құтан етіп сатып жібереді. Бастары саудаға салынып, құлдыққа түсіп кетпей тұрғанда, есіміз барда елімізге жетейік деген бір ғана тілек болды.
Еліміз егемендігін алған соң шет мемлекеттердегі ағайын қандастарымыз атажұртқа атбасын бұра бастаған тұс. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы 1992 жылдың қыркүйек айында Республика сарайында өтіп, онда Мемлекет басшысы сөз алып, алыстағы ағайындарды атажұртқа шақырып, азат Қазақстанның туын желбіретіп, іргетасын бірге қаласуға үндеді. Сол жолы Алматыда өткен құрылтайға әлемнің әр қиырынан келіп қатысқан ағайындар әсерленіп, атажұртқа оралуға деген құлшыныстарын білдіріп жатты.
Бұл қазақ не көрмеді. Өткен ғасыр басындағы зобалаң жылдары елден безіп, босып қашқан ағайындардың бір шоғыры Ауғанстан асып, сол жақта жатжұрттықтардың қолынан қынадай қырылғаны туралы кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Сейстан сұмдығы» деген мақаладан оқығанымыз бар. Солардың ішінен тәңір жарылғап аман қалған бірен-саран қазақтар Пәкістан асып, сол жерді паналап, өлместің күнін көріп, тірлік кешкен жайлары белгілі. Әлгі ағайын солардың жұрнағы болмаса нетті.
Сол Пәкістанға айтып болмас зобалаңның салдарынан бала кезінде ауып кеткен Саламат қажы жасы тоқсаннан асып атажұртқа оралған. Сол жолы 14 адам келіпті. Оларды бұрынырақ келген Қамардин деген кісі күтіп алған. Саламат қажының айтуынша, өзі білетін, елге кетсек деп телмірген 20 отбасы Иранда, отыз шаңырақ Пәкістанда буынып-түйініп отырса керек. Алайда олардың ұшаққа отыра салып тартып отыруға жағдайы келмейді. Тіпті күнделікті нан алуға мүмкіндігі жоқ көрінеді. Соларға жедел көмек керек деген еді. Ал бұрынырақ келгендері Түркістан шаһарынан қырық шақырым жердегі Достық ауылына қоныстаныпты. Біз осында болған сапарымызда Ираннан келген бір топ ағайын балабақша жатақханасына уақытша орналасыпты. Ақ жейде, дамбал киіп, кебіс сүйреткен ер кісілермен бірге дәмдес болып аз-кем сөйлестік. Жылы жақтан келгендер өздеріне оңтүстік өңірді қолайлы көріпті. Көбі саудамен айналысып, кебіс тіккенге бейім екен. Ал жаңа келген әйелдері бөлек тұрып жатты. Үлкен бөлме есігінен бізге қарай басын қылтитып, сығалап қарап қояды. Бұл осының алдындағы оқиға еді.
Содан Қауымдастық ғимаратына келгенімде Пәкістаннан келген әлгі кісі ертесінде есін жиған соң кәдімгідей бойжетіп қалған, бір мүшелге енді толған қызынан айрылғанын, өз қолымен сатып жібергенін жаңа ғана пайымдап, «аһ» ұрып отырды. Алайда одан не пайда, жат елде, өзге жұртта қалдырған қаршадай қызын енді көрмесі анық. Пәкістан әуежайында болған оқиғаны ол кісі былай деп айтып берді.
— Қазақстанға оралсақ деген арман бізді жетелеп Карачи әуежайына алып келді. Осының алдында бір таныстарымыз атажұртқа қоныс аударғанын естігенбіз. Қазақ елі өзінің бостандығын алып, коммунистік жүйеден құтылғаны туралы әңгіме жиі құлаққа шалынатын. Бұл біздің де үмітімізді оятып, қиялымызға қанат бітіргендей болды. Аталарымыз отызыншы жылдары орын алған дүрбелең, алмағайып заманда бас сауғалап, Қазақстанның батысынан қашып-босып, осы жаққа өтіп кеткен болатын. Адам басына ауыртпалық түскенде бәріне үйренеді екен. Бұл жақта да шекеміз шылқ еткен жоқ. Әкелеріміз бар малынан айрылып, мамыражай күндері көзден бұлбұл ұшып, жан бағып, бала-шағаны асырау үшін аз уақытта етікші, тігінші, саудагер болып шыға келді. Біз үш ағайынды — екі ұл, бір қыз едік, көп ұзамай тете ағам мен әпкем жұқпалы аурудан қайтыс болды. Менің екі шешем болған, әкем мен ұлы анам ертерек, ал кіші шешем беріректе дүниеден өтті. Мен де талай ауырғанмен, дәм бұйырып аман қалдым. Өлмеген соң жан бағу үшін жат елде қара жұмыстың барлық түріне бейімделіп, талай кәсіпті меңгердік. Бізбен ағайындас, туыстас келетін бір жекжатымыздың қызымен бас қосып, содан қатыным алты құрсақ көтергенімен олардың төртеуі жастары онға жетпей өліп қалды, — деп ол кісі өткен өмірін бір сәт еске алды. Маңдайынан шыққан шып-шып терді етектей орамалымен сүртіп қойып әңгімесін одан әрі жалғастырды.
— Өстіп жүргенде алпысқа да келіп қалдық. Ел жақтан жақсы хабар естіген соң, он бестегі ұлым мен он үштегі қызымды, әйелімді ертіп «есің барда еліңді тап» деген бар ғой, Қазақстанға жетіп алуды көздедік. Кебіс тігіп жинаған азын-аулық ақшаның басын қосып, құрауға да келмейді, күнделікті ішіп-жемнен артылмайды. Сөйтсе де, жол қаражатын жинаған болдық. Осылайша жолға шығуға бел будық. Бірақ төртеумізге бірден ұшаққа билет алуға бәрібір ақшамыз жетпеді. Ал бұдан қалсақ кейінгі күніміз бұлыңғыр еді. Көшеде қаптаған, тіпті әуежайды кезіп жүрген Пәкістанның полицейлері жалаңдап тұр, қиыс бассаң іліп әкетіп түрмесіне қамайды. Одан әрі тағдырың белгісіз, әлдекімдер ойыңа келмеген іске жегіп, жалдап әкетуі мүмкін, болмаса ұзақ жылдарға қара жұмысқа жегіліп кете барасың. Содан не істейміз? Үш билет алуға ғана қауқарымыз жетеді, сондықтан төртеуіміздің біреуіміз қалуымыз керек. Алпысты алқымдаған бәйбішем аурушаң, ұлым болса ұрпағымды жалғастырар жалғыз тұяғым, амал жоқ, қызымды қалдыруға тура келді, — деп кемсеңдейді Пәкістаннан келген оралман.
Осылайша Карачиде он үш жасар, бір мүшелге енді толған қаршадай қыз шырылдап, небары 180 долларға сондағы біреуге сатылып кете барған. Елге келіп, енді ғана есін жиып, алды-артын бажайлаған әлгі кісі санын соғып, Карачиде қалған қызын қимай «аһ!» ұрады. Жанын қоярға жер таппай, Алматыдағы дүниежүзі қазақтары қауымдастығына келіп шырылдайды. Амал нешік, жат елде, тілі де, тірлігі де бөлек быжынаған халық ішінде, қызын жетектеп кеткен аты-жөні де белгісіз біреуді ол кісі енді қайдан тапсын?! Содан бері 15 жыл өте шықты. Осы оқиға менің есімнен әлі кетпейді. Пәкістаннан оралған ағайын аман болса өзі қолынан жетектетіп жіберген, тірідей айрылған қаршадай қызын өмір бойы ойлап, шарқ ұрып, қан жұтып жүрген шығар, сірә. Бұл қазақ алмағайып заманда не көрмеді. Бұдан асқан қасірет жоқ шығар.

Саясат БЕЙІСБАЙ,

https://elana.kz/

30 тамыз 2018 ж. 995 0