Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАҢҒОЙЛЫҚ ӨРГЕ СҮЙРЕМЕЙДІ

ДАҢҒОЙЛЫҚ ӨРГЕ СҮЙРЕМЕЙДІ


Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» делінген. Мұнан әрі прагматизм туралы айтылып, оның сипаттамасы берілген. Яғни, прагматизм дегеніміз өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз деп дәйекті түрде түсіндіріледі.
Қазіргі қоғамда шын мәнінде орынсыз сән-салтанат көбейді. Мұндай жерде қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік қайдан болсын. Керісінше, бір-бірінен асып түсу бәсекелестігі болатыны соншалық, оның арты өкінішке әкелетін, шығынға батыратын іс-әрекет екенін ешкім елемейді. Осындай даңғазалық қазір аптаның әр күнінде болып жатыр. Қаптаған мейрамханаларда бос күн жоқ. Мерейтойлардан бастап, үйлену тойы былай тұрсын, баланың туған күні де, қыз ұзату тойы да мейрамханаларда аталып өтілетін болды. Ал ата-бабамыз туған күннің не екенін білмеді десек, қазіргі көзқараспен күлкілі болар. Сондықтан оны отбасылық мереке деп өткізсек қандай жарасымды. Қыздарымызды өсіп-өнген отбасынан, өз босағасынан ұзату бабалар салған, ізгі жол екенін біле тұра, бойжеткенімізді мейрамханадан жіберу салты кең өріс алғаны соншалық, «қыздарымыздың қалауы» - деп өз-өзімізді ақтап жататынымыз жасырын емес. Осындай жөн-жосықсыз той-томалақтарды көріп, қалтасы жұқа, айлықтан-айлыққа, ай сайынғы зейнетақыға әзер жетіп отырған отбасылардың тойдан кейінгі қарызға белшеден батқан жай-күйі еріксіз толғандырады.
Жақында бір танысымның үйінде той болды. Тойға әзірлік бір-екі ай бұрын басталатыны белгілі. Дегенмен жиған-терген малы жоқ, тапқаны күнделікті қу тірлікке, күн көрісіне жететін отбасының жағдайы белгілі еді. Зейнетақысына несие алып, баласын үйлендірмек болған кісі қайдан мол қаржыға кенелсін. Алған несиесі тойға қажеттіліктің жартысына да жетпейді. Айналасындағылардан қалыспай мейрамхана жағалап, ондағы той өткізу құнын білгенде, төбе шашы тік тұрады. Баласының көңіліне қарап, қайтсемде ешкімнен кем қалмай дүркіретіп той өткізем деп ағамыз амалсыз үйін кепілге қойып, пайызға ақша алады. Мөлшері көп ақшаның пайызы да жоғары болады. Ағамыздың тойға келгендер құр келмей тиын-тебен әкелсе қарызды да жабамын деген ойы іске аспайтынын қайдан білсін. Тойлық ақша пайызға алынған ақшаның бір айлық үстеме пайызын жабуға ғана жетеді. Ай артынан ай өтіп, күндер жылжиды.
Осы ретте бір әзілкеш өнер адамының шындыққа толы әзілі еске оралады, «кредит дегеніміз - кіреді ит» деген сөз, деп еді. Бұл отбасына дәл сол кезден бастап қара бұлт төнеді. Зейнетақының жартысынан астамы ай сайын банкте қалып жатты. Ал пайызға алынған ақша сол күйі қозғалыссыз қалғаны қаш-ш-ан. Отбасынан маза кетіп, оның әрбір мүшесі күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. Тіпті ағаның бауыр еті баласы «осы қарыз деген бәле менің кесірімнен келді, бекер үйленген екенмін» деген ойға келіп, тығырықтан шығар жол іздейді. Күндердің бір күнінде әлгі пайызға ақша беруші үйлерін алып қоятынын ескертіп, үш күннен соң-ақ үйді босатуларын талап етеді. Амалы таусылған отбасы пәтер жағалап кетеді. Қуықтай пәтерде олар қайтып тұрсын. Түскен келін де мінез шығарып, бұл үйде жағдайы болмайтынын күйеуіне айтып, шағымданады. Ол бөлек пәтерге шығып кеткісі келеді. Бірақ жігіттің намысы ондайға жібермейді. Перзенті үшін осындай халге түскен ата-анасын ешуақытта тастап кетпейтінін, оның аузы мұндайды қарт ата-анасына айтуға да бармайтынын айтады. Жігерлі жігіт қиыншылықтың уақытша екенін және жаман ойлардан арылу керектігін түсінеді. Қазір ол сүйген жары төркініне кетіп қалғанымен, уақыт өте келе келіншегі ақылға келіп, үйіне қайтып келетініне сенімді. Себебі екі перзенті тұрғанда бұлардың отбасы шайқалуға тиісті емес.
Бұл болған оқиға қазіргі қоғамға таңсық емес. Десек те Елбасы осындай мәселенің кез-келген қазақ отбасыларында кездесіп жатқанын біліп, оны құр даңғойлықпен байланыстырады. «Көрпеңе қарай көсілу» керектігін әрдайым ескертіп, бір-екі күндік бекерге мал шашудың соңы жақсылыққа әкелмейтінін айтудан жалыққан емес. Ұлы Абайдың бес нәрседен аулақ болу қажеттігі сол заманда да мақтаншылықтың болғанын көрсетеді. Бірақ қазіргі заман талабы қатаң. Өз қолыңды өз аузыңа жеткізбесең, тағдыр теперіші қатты соққы беруден тайынбайды. Сондықтан екі қолға бір күрек тауып, табылған жұмысты істеумен қатар, мемлекет беріп жатқан мүмкіншілікті пайдалану қажет. Білімі жоқтарға білім беріп, кәсіби мамандықтарға қайта даярлану арқылы кәсіппен айналысу біздің мемлекеттің берген мүмкіндігі. Бұл жайлы жұмыссыз азаматтар арнайы бөлімнен толық мағлұматтар ала алады. Жалпы үйсіз-күйсіз жүру қазіргі қоғамға сын. Мұндайға жол бермеу мемлекеттің назарында. Кез-келген азамат өз елінде, өз отбасында бақытты өмір сүруге құқылы.

Б.ЖАНӘЛІ

29 желтоқсан 2017 ж. 2 480 0