АТҚЫШТАР БРИГАДАСЫНЫҢ АҚИҚАТЫ
Елбасының 2017 жылғы «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласы, қазақ халқының ұлттық жаңғыруын жаңа белестерге бағыттап ұлттық идеологиямыздың темірқазығы болып, бойға қуат, санамызға сенім беріп, халқымыздың ұлттық патриоттық рухын көтере түсуде. Біздер, шығармашылық қауымның өкілдері Елбасының осы мақаладан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда, өз үлесімізді қосуға міндеттіміз.
Қандай заман, қандай дәуір болмасын қоғамның да баға жетпес құндылығы – адам. Өкінішке орай, сол адамдар адами құндылықтарды үнемі бағалай білмейді. Тек қана соңғы жиырмасыншы ғасырдағы ғылым мен техниканың, мәдениет пен өркениеттің дамыған заманында болған Ресейдегі революциялық төңкеріс пен екі дүниежүзілік соғысты айтсақ жетіп жатыр. Дүниенің түрлі аймақтарындағы қақтығыстармен лаңкестіктер, басқа да қолайсыз айтыс-тартыстар мен араздықтар қаншама миллиондаған адамдардың өмірін қиды, қайғы-қасірет әкелді. Бұл нәубеттерді қазақ ұлты да, оның аға ұрпақтары да бастарынан кешіріп тауқыметін тартты. Мың өліп, мың тірілді. Оған тарих куә. Ұлтымыздың қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі бастарынан кешкен зұламат замандарды айтпағанда, өзіміз соғыс балалары атанып, сол жылдардың ауыртпалығын тартып ер жеттік. Иә, еліміз үшін ең ауыр, қайғылы да, қасіретті жылдар – Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Халқымыздың басына күн туған, ер етікпен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен жылдары 18-25 жас аралығында қазақстандықтардан, олардың 85 пайызы қазақтардан жасақталған 100-ші, 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы жасөспірім боздақтар еді. Осы екі ұлттық атқыштар бригадасы, орыстың қақаған қысында қару-жарақ пен киім, тамақтың тапшылығына қарамай, жаудың Мәскеуге тікелей шабуыл жасап келе жатқан сан және сапа жағынан басым «Орталық» тобына қарсы тұрып жан беріп, жан алысқан қанды шайқасқа түскен. Бригада құрамы үнемі қазақ жауынгерлерімен толықтырылып, бір қадам артқа шегінбей, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп соғысқан. Біздер соңғы жылдары ғана жариялық пен демократияның арқасында олардың ерліктерін түрлі деңгейдегі баспасөздерден оқып естіп біле бастадық. Сол жылдар аралығында шайқастарда екі бригададан 20-мыңға жуық қазақ жауынгерлері Тверь облысының, Ржев-Вязьма «Марс» операциясы кезінде, Оленино-Белый аудандарын жаудан тарзартуда, Великие Луки, Неваль қаласын жаудан азат етуде опат болған. Тек қана соғыс тауқыметін ғасырлар бойы бастарынан өткізген, сол аймақтың патриот орыс азаматтарының із кесушілер тобы 10 мың қазақ жауынгерлерін батпақты ормандардардың арасынан аршып тауып, Ржев қаласындағы Мемориалға есімдерін қашап жазғандары біздерді қуантады. Ал, Отан үшін опат болған жауынгерлердің орыс орманының батпағында жатқаны қаншама? Ұзақ жылдардан бері 101-ші ДАБ-сының соғыстағы жорық жолдарына қалам тартып жүруіме байланысты, РФ Қорғаныс Министрлігінің орталық мұрағатынан қайта-қайта сұрау салып 101-ші бригаданың құрамында шайқасқан, қаза тапқан, хабарсыз кеткен, елге оралған барлығы 7940 жауынгердің тізімін алуға қол жеткіздім. Олардың жеке есімдері, қаза болған, жерленген күндері, жылдары электронды поштамда сақталуда. 101-ші ДАБ-нің жорық жолдары жайлы баспа беттерінде жарияланғандар да өзімде сақталып келеді. Мен енді «Лениншіл жас» газетінің 1965 жылғы №64 санында ақтөбелік 101-ші бригаданың жауынгері Қалыш Асқаровтың Тереңөзек ауданының тумасы Темірбек Табынбаев туралы жазған «Танкі мен адам» атты мақаласын оқырмандарға ұсынуды жөн көрдім. «Халықтың басына екі талай күн туған шақта қар төсеніп, мұз жастана жүріп соғысқан сәттер, адам көңілінде тасқа басқандай болып сақталып қалады екен» деп бастады соғыс ардагері өз сөзін. Ол күндердің шежірелері бүгінгі күнге дейін көз алдымда. Ақтөбе қаласындағы №6 мектепті бітіріп, 101-ші атқыштар бригадасының сабына қосылдым. Осындағы әскерге дайындықтан кейін батысқа тарттық. Майдан, соғыс! Мен ол кезде неге екенін қайдам осы бір сөздің мағынасын көз алдыма елестете алмадым. «Соғыс» деген маған мүлде бейтаныс дүние болатын. Тек кейін келе ұрыс шебіне енген кезде ғана соғыстың доп ойыны емес екеніне көзім жетті. Великие Луки қаласының маңы. Біздің қатарымыз күн санап қомақтана бастады. Қазақстаннан жаңа күштер комсомолецтер толықтыра түсті. Солардың ішінде Нұрмат Мырзатаев, Әбдіғали Әміров, Нұри Алиев және Оразалиев, Серғазин сияқты таңдаулы жастар көп болды. Мен өзім туралы көп нәрсе айта алмаймын. Қатардағы жауынгер болып, азаматтық борышымды өтедім. Небір жан беріп, жан алысқан шайқастарға қатыстым. Тірі қалдым елге оралдым. Бірақ, тамшы жиналып теңіз болады дегендей біздің жігіттер ажал оғынан арпалысып ерлік көрсетті. Күні бүгінге дейін Темірбек Табынбаевтың жарқын тұлғасы көз алдымнан кетпейді. Ол Ұлы Отан соғысына дейін қазақ радиосында әуелі диктор, кейін председательдің орынбасары болып жұмыс істеген. Әй, өзі бір жігіттің гүлі еді-ау. Темірбек қақпақ жауырынды апайтөс алып жігіт болатын.
Біз оны әзіл-шыны аралас «Багратион» деп айтатынбыз. Шынында да оның тұлғасында дене бітімінде Багратионға ептеп ұқсайтын қасиеттері де жоқ емес-ті. Ол ақжарқын бауырмал, бейпіл сөздерді білмейтін турашыл жігіт еді. Біз сонысын қатты қадір тұтатын едік. Темірбектің бір қасиеті – ол қысылтаяң сәттерде әбіржіп тарығуды білген емес. Мен оны соңғы рет Великие Луки қаласының маңындағы Мишукова қаласы үшін болған ұрыста шабуылға шығар алдында көрдім. Ол өзін әдеттегідей сабырлы күйде ұстады. 1942 жылдың қыс айы болатын, немістер соңғы үш күннен бері осы Мишукова селосына ірге теуіп бекініп алған. Селоның алдында алқымы кең үлкен сай бар. Біз сол сайдың құлама бауырындамыз. Сәл бас көтерсек болды жау жағы пулеметпен оқ боратып, алдымызды орай береді. Бел алдырар емес. Немістерді тура шабуылмен ала алмай күшіміз азайғандай болды. Енді не істеу керек? Осы бір сауалдың жауабы бәрімізді де қатты толғандырды. Сол кезде Темірбек: «Жолдас командир, рұқсат етіңіз! Асылы немістерге ту сыртынан тап бермей болмас, сонда олардың күштері екіге бөлінеді. Рұқсат етіңіз жауынгерлерді мен бастап барайын» деді. Оның бұл ұсынысына бригада командирі қарсы болған жоқ, бірақ айтқаны: - Барынша сақ болыңдар, алдарың мидай жазық қой. Мұндайда батылдық емес, ептілік ұтады. Сол күні түнде көз байлана Темірбек өзінің атқыштар ботальонын бастап немістердің ту сыртынан тиісті. Түн түнге тіреліп аспан асты айқыш-ұйқыш болды да қалды. Ажал оғы қара барқыт түнде тілгілеп сумаңдап жүр. Міне, енді біздің де бас көтеруге мүмкіндік туды. Жау бекінісіне лап қойдық. Ұрыс қыза-қыза найзаның ұшымен мылтықтың дүміне көштік. Таң сәріде жау қолынан селоны азат еттік. Күн көтеріле Темірбекті майдан даласынан таптық. Ол ең соңғы гранатымен жау танкісінің астына түсіпті. Ол басқарған екінші атқыштар батальоны жаудың елу шақты солдаттарын сегіз танкісін жайратыпты. Біз Темірбектің қалтасынан оқ тесіп қанға бөккен коммунистік билетін тауып саяси бөлімге тапсырдық. Иә, біздің Темірбек осындай жігіт еді. Ол ерлік өліммен қаза тапты. Өз Отанын бостандық пен азаттығы үшін алысқан ардагер ағаның абзал тұлғасы, жарқын бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда. Оның ерлік жолы кейінгі жастарға үлгі болатынына еш күмән келтіруге болмайды»...
Бұл тек бір ғана 101-ші бригаданың жауынгерлердің ерлігі болғанымен, соғыс барысында қазақ жауынгері мен құрамы үнемі толықтырылып, штат бойынша жеті мыңнан аса жауынгерлерден жасақталған 101-ші Ұлттық дербес атқыштар бригадасы кеңестер одағының қарулы күштерінің тарихында қалған еді.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
зейнеткер.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
зейнеткер.