Жолдау – ел дамуының басты бағдары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбындағы халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді талқылау мақсатында «Денсаулық» бастауыш партия ұйымында жиын өтті.Жиын барысында Президент Жолдауында көтерілген маңызды мәселелер, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, денсаулық сақтау саласын жетілдіру, медициналық қызмет сапасын жақсарту және қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы міндеттер кеңінен талқыланды.
Кездесуде сөз алған қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің болашақ даму бағдарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат екенін атап өтті. Әсіресе, халық денсаулығын сақтау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, саланы заманауи технологиялармен дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Президент Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, әр салаға нақты міндеттер жүктейтін маңызды құжат. Соның ішінде денсаулық сақтау саласын дамыту, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету – басты басымдықтардың бірі. Себебі ұлт денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы, ал дені сау ұрпақ – ел болашағының кепілі. Осы орайда әрбір медицина қызметкерінің жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігі маңызды рөл атқарады. Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға баршамыз үлес қосып, халық денсаулығын нығайту жолында бірлесе еңбек етуіміз қажет, – деп атап өтті Жадыра Бағдатқызы.
Сонымен қатар «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салып, Президент бастамаларына қолдау білдірді. Олар денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, халықтың медициналық сауаттылығын арттыру және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айтып, елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмыстарға белсенді атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.











