Орманды қорғау саласының шебері
Орман шаруашылығы – экономиканың маңызды бір саласы. Қазан айының үшінші жексенбісі – орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінде еңбек ететін қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Осы салада табиғат жанашыры болып, зейнет жасына дейін еңбек еткен жанның бірі – Алтынбек Балжанов.Ол Сырдария аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде 2005 жылдан бастап еңбек етіп, зейнетке шыққан. 13 жыл орман шебері қызметін атқарған маман жұмыс барысындағы оқиғаларымен бөлісті.
– 2006 жылы Түркістан қаласынан егуге көшеттер әкелдік. Сол жылдары қазіргідей техника жоқ. Жалғыз УАЗ автокөлігі бар болатын. Сонымен біртіндеп тасыдық. Көшеттердің арасында сексеуіл, алма, терек, өрік, шие, қара өрік, жүзім сияқты түрлері болды. Оларды №9 аялдамаға барып ектік. Оны суарып, баптаудың өзі бір өзіндік жұмыс еді. Кезекпен суғарып, қараусыз қалмады. Бүгінде сол жақтағы бақ – бұрынғы еңбек еткен жылдардың жемісі, – дейді ардагер.
Орманмен бірге жануарлар дүниесін қорғау – табиғатты сақтау ісінің ажырамас бөлігі. Қазақстанның орман және аңшылық инспекторлары бүгінде жабайы аңдардың мекенін сақтау, браконьерлікпен күрес, дала өртінен сақтану жұмыстарын жүргізеді. Әр мекеме барлық техникамен жабдықталған. Тіпті жолы жоқ ен далада жүріп өтуге арналған арнайы мотоциклдермен қамтамасыз етілген. Орманшылардың ең ауыр кезеңі – өрт маусымы. Жаз айларында қапырықта шыққан бір ұшқын мыңдаған гектар орманды жалмай алады. Сондықтан орман қызметкерлері өрттің алдын алу жұмыстарына айрықша мән беріп, орман ішінде өртке қарсы жыралар қазады, бақылау бекеттерін күшейтеді, рейдтер өткізеді. Бұл жұмыс қарапайым адамға бір сәттік іс болып көрінгенімен, ал орман қызметкерлері үшін жыл он екі айға созылатын күрес. Осы саланың ардагері әрі орман шебері Алтынбек Доспанұлы қазіргі таңда еңбек ететін орманшыларға ақыл-кеңесін айтты.
– Бүгінде жас мамандарға айтар ақылым, қандай салада болсын, тек адал болыңдар. Тапқан несібелерің адалынан болсын. Маңдайдан тер аққанша еңбек етуден жалықпаңдар. Біздің кезімізде ауданға қарасты орман қоры 237 мың гектарды құраса, бүгінде ол еселенген болар. Сондықтан Сыр жерін өрт қауіпсіздігінен қатаң сақтаңдар. Орман қорына тиесілі жерде заңсыз іс-әрекетке бой алдырмағандарың өздеріңе абзал. Туған жердің әр топырағы ыстық. Соны бағалап, еңбек етіңдер, – дейді жанашыр жан.
Өзінің атқарған еңбек жолындағы тәжірибесімен бөліскен Алтынбек Доспанұлы 50 жыл отасқан Оралкүл Болысбаевамен 1975 жылы шаңырақ көтерген. Зайыбы да аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде бас бухгалтер қызметін атқарған. Қазіргі таңда үш қызы мен бір ұлынан 13 немере, 4 шөбере сүйіп отырған мейірімді ата.
Г.ТАБЫНБАЙ











