Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғи ресурстарды қорғау – күн тәртібінен түспейді

Табиғи ресурстарды қорғау – күн тәртібінен түспейді

Орман – табиғаттың баға жетпес байлығы, қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтаудағы маңызды экожүйе. Орманды қорғау, оның аумағын сақтау мен молайту, жануарлар дүниесін қорғау – келешек ұрпақ алдындағы ортақ міндет. Қазақстанда жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Орман шаруашылығы қызметкерлері күні аясында Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің бастығы Болатбек Ұлтанбекұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Сұхбатта аудандағы орман шаруашылығы саласының маңызы, табиғи байлықты қорғау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар, орманшылардың жауапты қызметі мен саладағы өзекті мәселе толықтай қамтылатын болады.

– Болатбек Ұлтанбекұлы, ауданда орман шаруашылығы бағытында қанша жер қоры бар? Табиғи байлықты қорғауға байланысты қандай жұмыс атқарылуда?


– Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеті – орман қорын сақтау, табиғи байлықтарды қорғау, жасыл желектің көлемін арттыру және олардың жай-күйін жақсарту. Қазіргі таңда мекеменің жалпы орман қорының жер көлемі 263 361 гектарды құрайды. Осындай ауқымды аумақты күтіп-баптау, қорғау және орман шаруашылығы жұмысын жүйелі түрде жүргізуге мекеменің 57 маманы атсалысып келеді. Үлкен жауапкершілікті, тұрақты бақылауды және маусымдық жұмыстарды уақытылы ұйымдастыруды талап ететін маңызды міндетте сала мамандарының еңбегі зор. Атап айтқанда, 2026 жылы №9 аялдама саябағында көгалдандыру және абаттандыру бағытында бірқатар жұмыс жүргізілді. Көктем мезгілінде ағаш отырғызу, жер жырту, жеміс ағаштарының санын толықтыру іс-шарасы қолға алынды. Саябақ аумағын тазалау, ағаштардың түптерін әктеу, қоршауларды ретке келтіру және басқа да күтім жұмыстары атқарылды. Мұндай іс-шара саябақтың санитарлық жағдайын жақсартуға, жасыл желектің қалыпты өсуіне және тұрғындарға қолайлы демалыс ортасын қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе отырғызылған ағаштардың жерсінуіне жағдай жасау, оларды күтіп-баптау мен қорғау жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың күзгі жұмыс жоспарына сәйкес, Іңкәрдария елді мекенінің маңынан 10 гектар жерге тұқымбақ ұйымдастыру жұмысы жасалды. Аталған аумақ қоршалып, жері жыртылып, қара сексеуіл тұқымын егу және оны суару іс-шарасы жүзеге асырылды. Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – сексеуіл көшетін өсіріп, алдағы уақытта орман алқабын молайтуға қажетті отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету. Қазіргі мәлімет бойынша, егілген қара сексеуіл тұқымының шығымдылығы 50 па­йызды құрады. Бұл көрсеткіш тұқымның өну жағдайын бақылап, өсімдіктердің қалыпты жетілуіне қажетті күтім жұмысын жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді. Алдағы уақытта тұқымбақтағы өскіндерді күтіп-баптау, суару және олардың өсіп-жетілуін қадағалау барысы жалғасын табады. Жалпы орман шаруашылығы саласындағы жұмыс тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Ол – табиғи ортаны сақтау, жасыл желектерді көбейту, орман қорын қорғау және келер ұрпаққа бай табиғи мұра қалдыру жолындағы жүйелі еңбек. Сондықтан мекеме мамандарының күнделікті қызметі қоршаған ортаның тұрақтылығын сақтауға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
– Жануарлар дүниесін қорғау бағытындағы кешенді іс-шара жоспары толық орындалды ма?

– Біздің мекеме тарапынан заңсыз аң аулаудың, табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудың және орман заңнамасын бұзудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы жылы мекеменің орманшы-инспекторлары жабайы жануарларды браконьерлерден қорғау, табиғи байлықтардың сақталуын қамтамасыз ету және заң талаптарының орындалуын бақылау мақсатында бүгінгі күнге дейін 49 рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Нәтижесінде, 13 заңбұзушылық анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, табиғатқа зиян келтіретін әрекеттің жолын кесуге басымдық беріледі. Орман қоры аумағында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін мекеме қызметкерлері тұрақты бақылау жүргізіп, табиғи ресурстарды қорғау іс-шарасын жүзеге асырады. Әсіресе өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқаратын ақбөкендерді, қызыл мия тамырын және сексеуіл ағашын қорғау мәселесі назардан тыс қалған емес. Осыған орай әрбір елді мекендегі орманшылар тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, сирек кездесетін және қорғауды қажет ететін табиғи байлықты заңсыз аулаудың, жинаудың немесе кесудің зардабын насихаттайды. Заң талабын бұзу дерегі анықталған жағдайда тиісті құжат рәсімделіп, белгіленген тәртіппен іс-шара қабылданады. Орман өрттерінің алдын алу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы жүйелі түрде жүргізіледі. Мекеменің орман күтушілері мен өрт сөндірушілері қажетті байланыс құралдарымен, соның ішінде рациялармен қамтамасыз етілген. Өрт шығу қаупі жоғары маусымда мекеме ғимаратында және өрт бақылау мұнарасында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Мұндай іс-шара өрттің алғашқы белгісін дер кезінде анықтап, оның таралуына жол бермеуге бағытталған. Өйткені орман өртінің алдын алу – табиғи байлықты сақтаудың және қоршаған ортаға келетін залалды азайтудың маңызды шарты. Мекеме мамандары су айдындарындағы балық қорын сақтауға да ерекше назар аударады. Қыс мезгілінде аудан аумағындағы резервтік қорда тұрған су айдындарында балықтардың жаппай қырылу қаупін болдырмау мақсатында мұз ою жұмысы жүргізіледі. Мұз астындағы суда оттегінің азаюы балықтың тіршілігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұзды ою арқылы су мен ауаның алмасуына жағдай жасауға, балықтың қырылу қаупін төмендетуге бағытталған жұмыс жасалады. Ал күз айларында егістік алқаптарындағы егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін шабақтарды сақтау іс-шарасы ұйымдастырылады. Осы кезеңде су айдындарында қалып қойған шабақтардың қырылу қаупінің алдын алу мақсатында оларды қауіпсіз жерге жеткізіп, көлдерге жіберу шаралары жүзеге асырылады. Жалпы мекеме қызметкерлерінің күнделікті еңбегі орман алқабын, жабайы жануарларды және су айдындарындағы тіршілік иесін қорғауға бағытталған. Табиғатты сақтау тек арнайы мекеменің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, заң талабын сақтау және табиғи байлыққа жанашырлықпен қарау – келешек ұрпаққа таза әрі бай табиғи орта қалдырудың негізгі кепілі.

– Техникалық базаны нығайтуға ұдайы көңіл бөліне ме?

– Мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту және қызметкерлерді қажетті техникамен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда мекеме теңгеріміндегі техникалардың 70 пайызы жаңартылған. Орман қорын қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және рейдтік іс-шараны тиімді ұйымдастыру мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, 2024 жылы мекеменің техникалық әлеуетін арттыру мақсатында 1 трактор және 1 «Нива» автокөлігі сатып алынды. Ал 2025 жылы «Лизинг» бағдарламасы арқылы 2 трактор мен 1 JAC маркалы шағын өрт сөндіру автокөлігі алынды. Аталған техникалар орман шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге, орман алқаптарын күтіп-баптауға және өрт қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Биыл мекеменің техника паркі тағы да толықтырылды. Атап айтқанда, 2 дана Lovol тракторы «Лизинг» бағдарламасы бойынша алынса, арнайы есепшот қаражаты есебінен 1 «Нива» автокөлігі жаңаланды. Жаңа техникалардың қатарға қосылуы қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға жағдай жасайды. Жалпы материалдық-техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңарту – мекеме жұмысының тиімділігін арттырудағы маңызды қадам. Алдағы уақытта да қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, техникалардың жарамдылығын сақтауға және орман шаруашылығы саласындағы жұмысты заманауи талапқа сай ұйымдастыруға басымдық беріледі.

– Көктемгі және күзгі егіске дайындық барысы қалай?

– 2026 жылға арналған жоспарлы жұмыс аясында орман қорын молайту және жасыл желектердің көлемін арттыру мақсатында көктемгі және күзгі маусымда 600 гектар жерге сексеуіл егу жұмысы жоспарланған. Орман алқаптарын қалпына келтіруге, шөлейттенудің алдын алуға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған қызметтің барысының ауқымы кең. Сонымен қатар қосымша 10 гектар аумақта сексеуіл питомнигін дайындау көзделіп отыр. Аталған аумақта жерді әзірлеу, тиісті агротехникалық жұмысты жүргізу және қара сексеуіл тұқымын себу жоспарланған. Питомникте өсірілетін көшеттер алдағы уақытта орман алқаптарын толықтыруға және сексеуіл егуге қажетті отырғызу материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы сексеуіл егу мен питомник ұйымдастыру – табиғи ресурстарды сақтаудың, құм көшкінін тежеудің және жердің тозуына қарсы күрестің маңызды бағыты Сондықтан жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау мекеменің негізгі міндеті.

Сұхбаттасқан Балтабай ОРДАБЕКОВ
17 қазан 2026 ж. 98 0