Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан алдындағы борыш пен отбасылық бақыт қатар тоғысқан сәт

Отан алдындағы борыш пен отбасылық бақыт қатар тоғысқан сәт

Қасиетті Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүрген жас сарбаздың өмірінде ұмытылмас қуанышты оқиға орын алды. 5547 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген Қызылорда облысының тумасы Абдыханов Бауыржан Асылбекұлы армия қабырғасында жүріп, заңды некеге отырды. Бұл — тек бір отбасының ғана емес, ел қорғаны болып жүрген жас сарбаздардың рухын көтеретін тағылымды оқиға.

Абдыханов Бауыржан Асылбекұлы 2005 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Ол қазіргі таңда 5547 әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр. Болашақ жары — Жұманазар Сымбат, 2006 жылы туған, Қызылорда қаласының тумасы. Жас жұбайлар әскерге дейін бір-бірін танып, отбасын құруға нық шешім қабылдаған. Алайда Бауыржанның әскер қатарына күтпеген жерден шақырылуы олардың жоспарларына өзгеріс енгізді.

Соған қарамастан, қос жас махаббаттарына адал болып, арақашықтық пен қиындықтарға мойымай, байланыстарын үзген жоқ. Бауыржан әскери қызмет барысында сүйіктісіне әскери ант қабылдау рәсімі кезінде ұсыныс жасауды жоспарлағанын айтады. Дегенмен, бұл ерекше сәт тағдырдың қалауымен одан да әсерлі, тосын түрде жүзеге асты.

2026 жылдың 20 қаңтар күні кешкі уақытта Бауыржанның ата-анасы мен болашақ жары Сымбат әскери бөлімге арнайы келіп, жас сарбазға үлкен тосын сый жасады. Сол күні заңды түрде неке қиылып, әскери бөлім аумағында қуанышқа толы ерекше рәсім өтті. Бұл оқиға жас сарбаз үшін күтпеген, жүрек тебірентерлік сәтке айналды.

Шынымды айтсам, мұндай тосын сыйды мүлде күтпедім. Қуанышымда шек болған жоқ. Әскерде жүріп осындай бақытты сәтті бастан өткеру — мен үшін үлкен рухани күш, — дейді Бауыржан.

Әскери қызмет — әрбір ер азамат үшін үлкен сынақ, тәртіп пен төзімділікті талап ететін өмір мектебі. Ал сол жауапты кезеңде отбасылық өмірге қадам басу сарбазға ерекше жауапкершілік пен жігер сыйлайтыны анық. Бұл оқиға жас жауынгердің қызметке деген ынтасын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтты.

Әскери бөлім басшылығы мен әріптестері де жас отбасына ізгі тілектерін білдіріп, мұндай өнегелі оқиғалар сарбаздардың рухын көтеріп, елге деген сүйіспеншілігін арттыратынын атап өтті. Отан қорғау мен отбасы құндылықтары — бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар екені осы сәтте айқын көрініс тапты.

Бүгінде Абдыханов Бауыржан әскери қызметін абыроймен жалғастырып, болашаққа нық қадам басып келеді. Ал Сымбат — сарбаз жары ретінде сабыр мен сенімнің, төзім мен махаббаттың үлгісін көрсетіп отыр.

Отан алдындағы борыш пен отбасылық бақытты қатар алып жүрген жас жұбайларға мықты денсаулық, отбасылық береке, ұзақ та баянды ғұмыр тілейміз. Осындай жарқын оқиғалар ел қорғаны болып жүрген жас сарбаздарға әрдайым рухани демеу болары сөзсіз.
 Фариза МАРАТОВА
Тәрбие және
әлеуметтік-құқықтық жұмыстар
бөлімшесі бастығының
(мемлекеттік тілді
енгізу жөніндегі)
аға көмекшісі     
      
22 қаңтар 2026 ж. 48 0