Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституция – адам құқығы мен қадір-қасиетінің негізгі кепілі

Конституция – адам құқығы мен қадір-қасиетінің негізгі кепілі

Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде айқындалған. Әр азаматтың құқықтары мен бостандықтары туғаннан бастап тиесілі болып, мемлекет тарапынан қорғалуға тиіс.

Бұл қағидалар адамның күнделікті өміріндегі маңызды мәселелерден нақты көрініс табады. Атап айтқанда, әр азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмауы, жеке өмірінің қорғалуы және заң алдында тең болуы – конституциялық кепілдіктердің маңызды бөлігі. Сонымен қатар азаматтардың еңбек етуге, білім алуға, денсаулығын қорғауға және білікті заң көмегін алуға құқықтары қамтамасыз етіледі.

Қазіргі цифрландыру дәуірінде жеке мәліметтердің қауіпсіздігі де ерекше маңызға ие. Конституция азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауды көздейді. Электрондық коммуникациялар мен банктік ақпараттың құпиялылығының сақталуы да азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды тетігі болып табылады. Сондықтан әр адам өз құқықтарын біліп қана қоймай, оларды қорғаудың заңды жолдарын да түсінуі қажет. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және жастарға құқықтық білім беру осы бағыттағы маңызды міндеттердің бірі. Конституцияны құрметтеу – ең алдымен адамның өз құқығын және өзгенің құқығын құрметтеуден басталады.


САВЕТБЕК МУХАМЕДЖАНОВ,
Сырдария аудандық Отбасы қолдау орталығы маманы
07 қазан 2026 ж. 71 0