Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адвокатураның құқықтық мәртебесі айқындалады

Адвокатураның құқықтық мәртебесі айқындалады

Қазақстан Республикасы Конституциясының 86-бабында адвокатураның құқықтық мәртебесіне ерекше көңіл бөлінуі – елімізде адам құқығы мен бостандығын қорғауға басымдық берілгенінің айқын дәлелі. Аталған норма адвокатураны тек заң көмегін көрсететін институт ретінде емес, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға қызмет ететін маңызды құқықтық тетік ретінде айқындайды.

Адвокатураның негізгі миссиясына әрбір адамның мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу құқығын тиімді жүзеге асыруына ықпал ету жатады. Әділ сот төрелігі тек тәуелсіз соттың қызметімен қатар кәсіби әрі тәуелсіз адвокаттың жұмысымен де қамтамасыз етіледі. Себебі азаматтың құқығы толық қорғалуы үшін оның заңды мүддесін сауатты әрі кәсіби деңгейде қорғай алатын адвокаттың болуы аса маңызды.

Жалпы алғанда, 86-бапта заң көмегін адвокатпен қатар заңда көзделген өзге де тұлғаның көрсету мүмкіндігі белгі­ленгенімен, адвокаттардың ерекше құқық­тық мәртебесі сақталады. Адвокат – азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз ете­тін, заң үстемдігін нығайтатын және әділ сот төрелігінің жүзеге асуына тікелей ықпал ететін тәуелсіз құқық қорғаушы.

Конституцияда адвокаттың құқығы, мін­деті мен жауапкершілігі заңмен айқын­далатыны көрсетілуі олардың қызметінің кәсібилігін, тәуелсіздігін және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Бұл өз кезегінде халықтың адвокатура институтына деген сенімін күшейтеді.
Қазіргі құқықтық мемлекет жағ­да­йында адвокатураның рөлі бұрынғыдан да артып келеді. Азаматтық, әкімшілік, қыл­мыстық және кәсіпкерлік даулардың күрделенуі азаматтардың сапалы заң көмегіне деген қажеттілігін ұлғайт­ты. Сондықтан адвокаттардың кәсіби білік­тілігін тұрақты арттыру, олардың тәуелсіз қызметіне кепілдік беру, мемлекеттік кепілдендірілген заң көмегінің қолжетімділігін кеңейту және адвокаттық қызметті цифрландыру уақыт талабына айналып отыр.

Адвокатура институтын одан әрі жетілдіру үшін адвокаттардың про­цес­суалдық құқықтарын кеңейту, дәлел­демелер жинау мүмкіндігін жетілдіру, адвокаттық құпияның мызғымастығын қамтамасыз ету және жас адвокаттарды даярлау жүйесін халықаралық стан­дарттарға сәйкестендіру маңызды. Бұл шаралар азаматтардың құқығын қорғау тетігінің тиімділігін арттырып, әділ сот қағидаттарын толық жүзеге асыруға мүм­індік береді.

Ашығын айтқанда, Конституцияның 86-бабы адвокатураның қоғамдағы ерекше орнын конституциялық деңгейде бекітеді. Адвокатура – құқықтық мем­лекеттің ажырамас институты, заң үстем­дігінің, әділ сот төрелігінің және адам құқықтарын қорғаудың сенімді кепілі. Адвокаттардың кәсіби әрі тәуелсіз қызметі азаматтардың Конституциямен кепіл­дендірілген құқықтарының нақты жүзеге асуына және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарының нығаюына қызмет етеді.

Қалдыгүл ЖАППАСБАЕВА,
Сырдария заң кеңсесінің меңгерушісі
30 маусым 2026 ж. 35 0