Аграрлық салада әлеуеті зор «Аманат»
Сырдария ауданы – Сыр өңіріндегі ауыл шаруашылығының негізгі тірегінің бірі. Әсіресе, күріш шаруашылығы аудан экономикасының басты саласы ретінде жыл сайын жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, заманауи технологияның енгізілуі және диқан қауымның тынымсыз еңбегінің арқасында егіс алқабының өнімділігі артып, ауыл шаруашылығының даму қарқыны жылдан-жылға күшейіп келеді.2026 жылы Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы дақылдары 32 473 гектар жерге егілді. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 18 541 гектарға, ал 1885 гектарға жаздық бидай, 395 гектарға мақсары, 105 гектарға соя, 738 гектарға жүгері, 2200 гектарға жаңа жоңышқа, 7800 гектарға ескі жоңышқа себілді. Ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 809 гектар алқапты қамтып отыр. Бұл көрсеткіш ауданның егін шаруашылығын әртараптандыруға бағытталған жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Биыл аудан шаруашылықтары су ресурстарын тиімді пайдалану мен өнімділікті арттыру мақсатында заманауи лазерлік жер тегістеу технологиясын кеңінен қолданды. Нәтижесінде 4000 гектар жерге лазерлік тегістеу жұмысы жүргізіліп, өткен жылғы 3500 гектарлық көрсеткіштен асып түсті. Қазіргі таңда аудандағы егістік алқаптарының 80 пайыздан астамы лазерлік әдіспен тегістелген. Бұл технология су шығынын азайтып, егістіктің біркелкі суарылуына және өнім сапасының артуына мүмкіндік береді.
Осындай ілгері бірқатар бастаманы жүзеге асырып отырған шаруашылықтың бірі – «Аманат» шаруа қожалығы. Ұжым еңбекқорлығымен, техникалық әлеуетімен және өндірісті тиімді ұйымдастыруымен аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың санатына енген. Шаруашылықта бүгінде 55 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтып қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да өз үлесін қосып келе жатқан шаруашылық ұжымының алдына қойған өзіндік мақсаты бар. Көп жылдан бері қалыптасқан тәжірибе мен жауапкершіліктің арқасында ұжым әрбір егіс маусымын жоғары дайындықпен қарсы алады.
Осы жылы «Аманат» шаруа қожалығы 575 гектар жерге күріш ексе, 150 гектар ескі жоңышқа мен 50 гектар жаңа жоңышқа өсіріп отыр. Қазіргі таңда жоңышқаның екінші орымы жүргізілуде. Мал азығы қорын молайтуға бағытталған бұл жұмыс шаруашылықтың тек егіншілікпен ғана шектелмей, жемшөп базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлетінін аңғартады. Шаруашылықтың төрағасы Меңдіғали Есжановтың айтуынша, әрбір гектардың өнімділігі уақытылы атқарылған агротехникалық жұмысқа тікелей байланысты. Сондықтан көктемгі дала жұмысынан бастап бүгінгі күнге дейін барлық технологиялық талап толық сақталып келеді.
– Шаруашылықтың техникалық әлеуеті де жылдан-жылға нығайып келеді. Бүгінде іргелі ұжымда екі астық комбайны, төрт жер тегістеу техникасы, МТЗ-80 тракторы, МТЗ-1221 маркалы қуатты трактор, жүк көтергіш техника және ЗИЛ автокөлігі тұрақты жұмыс істейді. Заманауи техниканың болуы көктемгі дала жұмысын, егін күтімін және орақ науқанын қысқа мерзімде әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді. Әсіресе, лазерлік жер тегістеу технологиясын пайдалану шаруашылықтағы суды үнемдеу мен еңбек өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізуде. Бұл әдіс күріш алқабының біркелкі суарылуын қамтамасыз етіп, шығынды азайтып, өнім көлемінің артуына ықпал етеді. Егістік алқабы тұрақты бақылауда. Күріштің күтімі уақытылы жүргізіліп, минералдық тыңайтқыш толық берілді. Суару жұмысы белгіленген кестеге сәйкес ұйымдастырылып жатыр. Біздің басты мақсатымыз – әр гектардан мол өнім алып, ел ырысын арттыру, – дейді шаруашылық басшысы.
Бүгінде шаруашылық мамандары күріш алқабын күнделікті бақылап, зиянкестердің алдын алу, су деңгейін реттеу және минералдық қоректендіру жұмысын жүйелі жүргізуде. Диқандардың айтуынша, егістің қазіргі жағдайы көңіл қуантады. Күріштің шығымы жақсы, түптенуі талапқа сай, алқаптар дер кезінде күтіп-бапталған.
Ауыл шаруашылығында табысқа жетудің басты кепілі – еңбек пен бірлік. «Аманат» шаруа қожалығы осы қағиданы берік ұстанып келеді. Ұжым мүшелерінің ынтымақты еңбегі, басшылықтың ұйымдастырушылық қабілеті және заманауи технологияны тиімді пайдалануы шаруашылықтың тұрақты дамуына негіз болып отыр. Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстың нәтижесі бүгінде нақты көрсеткішпен айқындалуда.
Берекелі еңбек пен маңдай тердің арқасында туған жердің ырысын арттырып жүрген диқан қауымының қажырлы еңбегі қай кезде де құрметке лайық. «Аманат» шаруа қожалығының бүгінгі тыныс-тіршілігі – ауданның аграрлық әлеуетін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жүйелі еңбектің жарқын көрінісі.
Б.ОРДАБЕКОВ










