Егістікті әртараптандыру жүргізілуде
Ардагерлердің жұмысымен арғы беттегі ауылдарды аралап жүріп Шағанға арнайы ат басын бұрдық. Өйткені бұл ауыл халық саны жөнінен Тереңөзектен кейінгі екінші елді мекен саналады. Мұнда бес мың халық тұрады. Қош делік. Ауылда мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көптеген игілікті істер атқарылуда. Атап айтқанда, ондаған көше кеңейтіліп, жаңадан асфальт төселген. Электрмен жабдықтау жаңартылған. Ауылдық ауруханаға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген.Сондай-ақ шаруашылығы бар ауыл тұрғындарының қашанда жүздері жарқын. Бұл ретте, «Шаған-Жер» ЖШС бірнеше жүздеген тұрғынды жұмыспен қамтып, оларға нәпақа тауып беріп отыр. Биыл шаруашылық 2 мың гектар жерге Сыр салысын егіп, күтіп баптады. Қазіргі таңда егін жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Егін орағы жардан ауды, көңілдегідей өнім алынуда. Сыр салысын өсірушілер Мұхтар Сейтасқаров, Нұрлыбек Несіпбаев, Кенжетай Омаров жоғары өнім алса, комбайншы Алмас Сматов, жаткашы Қанат Қалмаханов, тасымалда Ермек Бақтаев үздік көрсеткіштерге жетіп келеді.
Қырманда тау-тау астық үйілген. Біз осы астық сақтайтын орынға келгенде шаруашылық басшысының орынбасары Жамбыл Тәуекелов пен бас инженер Асан Бақалбаевты жолықтырдық. «Шаған-Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов іс-сапарда екен. Қазіргідей науқан қызу жүргізіліп жатқанда басшының шешетін мәселесі көп. Іс-сапардың мақсаты да сол. Мәселе оңымен шешіліп жатыр.
– «Шаған-Жер» ЖШС – аудандағы ірі де іргелі шаруашылықтардың бірі. 6-7 жылдан бері бұл өндіріс орнын Жеңісбек Шәкімбайұлы абыроймен басқарып келеді. Ол ауыл әкімі, кент әкімі, аудандық әкімдіктің бөлім басшысы қызметтерінде шыңдалып барып, шаруашылықтың тізгінін ұстады. Биыл да шаруашылық жылды табысты аяқтайтынына сенім мол, – дейді жолсерігіміз, аудандық жер комитетін ұзақ жыл басқарған, бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Иә, айтса айтқандай, бір қырманның өзінде өткен жылдармен салыстырғанда едәуір өзгерістер бар екен. Таразы жаңадан салынған ғимаратқа көшіпті. Жаңа заманауи қондырғылармен жабдықталған. Бізді бір таңғалдырғаны – тау-тау үйілген астықтың басында ұшып жүрген бірде-бір құстың болмауы. Бұл жерде анда-санда тапаншаның дауысындай тырс-тырс еткен дыбыс естіледі. Бұл құстарды үркітетін аппарат екен. Осының нәтижесінде, қырман еңбеккерлері бір маусымда 20 тоннадай күрішті зиянкестерден сақтап қалады екен. 20 тонна дегенің аз астық емес. Ауылшаруашылығында осындай озық істердің бар екеніне куә болдық.
Шаруашылық басшылары егісті әртараптандыруға да мықты көңіл бөлуде. Яғни суды аз қажет ететін дақылдарды егуге бетбұрыс жасап жатыр. Биыл 300 гектар алқапқа жүгері егілген. Одан алынған алғашқы 60 тонна өнім мүйізді ірі қара ұстайтын шаруашылықтарға сатылған. Енді қалған өнімдер аудан орталығындағы жүгері өңдейтін зауытқа жіберілмекші.
Шаруашылықта механизатор кадрларын даярлауға да айрықша көңіл бөлінуде. Бұл жөнінде Сырдария агротехникалық колледжімен меморандумға отырған. Бұл – 6-7 жылдан бері дәстүрге айналған игілікті жұмыс. Ауыл жастарын туған жерде еңбек етуге ынталандырудың да бірден бір жолы.
Қысқасы, шағандықтар егін орағын абыроймен аяқтап, алға қойған мақсаттарын жүзеге асырып, ауылдың гүлденуіне атсалыса беретіні ақиқат.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ











