Техникалық регламенттерді бұзудың құқықтық салдары
Қазіргі таңда өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету – тұтынушылардың денсаулығын қорғаудың, нарықтағы қауіпсіз айналымды қамтамасыз етудің және кәсіпкерлік субъектілерінің заң талаптарын сақтауын қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасында өнімге, оның өндірісіне, сақталуына, тасымалдануына және өткізілуіне қойылатын міндетті талаптар техникалық регламенттер арқылы белгіленеді. Техникалық регламент – өнімнің немесе оған байланысты процестердің қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құжат.Өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде азық-түлік және азық-түлік емес өнімдерге техникалық регламенттер қолданылады. Кәсіпкер немесе өндіруші өз қызметінде өнімнің нақты түріне қолданылатын техникалық регламенттің талаптарын анықтап, сол талаптарды сақтауға міндетті. Техникалық регламенттерді бұзуға төменде көрсетілген жағдайлар жататады.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімді өндіру немесе айналымға шығару, өнімнің міндетті сәйкестігін бағалаудан өткізілмеуі, қажетті сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларация болмаған жағдайда өнімді айналымға шығару, өнімді техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін таңбамен таңбаланбауы, өнім туралы міндетті ақпараттың тұтынушыға ұсынылмауы, техникалық регламентте белгіленген сақтау, тасымалдау немесе пайдалану талаптарын сақтамау, сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды заң талаптарына сәйкес пайдаланбау. Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар да техникалық реттеудің маңызды бөлігі болып табылады. Техникалық регламент талаптарын бұзу заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзуға арналған арнайы 415-бап көзделген. Жауапкершіліктің нақты түрі мен мөлшері жасалған құқық бұзушылықтың сипатына, субъектінің мәртебесіне, бұзушылықтың қайталануына және заңда көзделген өзге де мән-жайларға байланысты анықталады. Сондықтан техникалық регламент талаптарын бұзған әрбір жағдай бойынша тек «техникалық регламент бұзылды» деп жалпы баға бермей, нақты қандай талаптың бұзылғанын, қандай өнімге қатысты екенін және ӘҚБтК-нің қай нормасы қолданылатынын анықтау қажет. Мысалы, қоғамдық тамақтану және сауда объектілерінде азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне, таңбалануына, қаптамасына, сақтау жағдайларына және өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттарға назар аударылады. Егер бақылау барысында техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін өнім анықталса, уәкілетті орган заңнамада көзделген бақылау және ден қою шараларын қолданады.
Техникалық реттеу саласындағы талаптарды сақтау – қауіпсіз өнім, жауапты кәсіпкерлік және тұтынушы құқығын қорғаудың негізгі кепілі.
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
Сурет: ашық дереккөзден
Сурет: ашық дереккөзден










