Үздіктерге үлгі болған...
Спорт – дене шынықтырудан бөлек, адамды тәртіпке, табандылыққа, жауапкершілікке және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін үлкен мектеп. Осы саланың дамуына саналы ғұмырын арнап, талай жасөспірімнің спортқа деген қызығушылығын оятып, олардың биік белесті бағындыруына жол ашқан азамат Пазылхан Абдулпаттаев жөнінде қалам тербеуді жөн көрдік. Пазылхан Оспанұлы балалық шағынан спортқа қызығушылық танытып, кейін осы саланы өмірлік мамандығына айналдырды. Қарағанды қаласындағы дене тәрбиесі және спорт техникумын тәмамдап, туған жеріне арнайы маман болып оралды. Содан бері бар ғұмырын аудан спортының дамуына арнады. Еңбек жолын жаттықтырушы қызметінен бастап, кейін жасөспірімдер спорт мектебінің директоры атанды. Аталған қызметті шамамен 13 жыл абыроймен атқарып, аудан көлемінде бұқаралық спорттың дамуына, жас спортшылардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына айрықша үлес қосты. Ал еңбек жолының соңғы кезеңінде спорт бөлімінде әдіскер болып, тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісті.
Ардақты азаматтың спорт саласындағы еңбегінің ерекшелігі – оның спортты тек жарыс пен жеңіс деп түсінбеуінде. Ол үшін спорт – жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралы. Әрбір шәкіртіне спорттық шеберлікті, тәртіпті, еңбекқорлықты, жауапкершілікті және өзіне деген сенімділікті үйретті. Пазылхан Оспанұлы өзіне жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, шәкірттерінің әрқайсысына үлкен талап қоя білді. Оның шәкірттері футболдан аудан намысын республиканың түкпір-түкпірінде қорғады. Білікті маман жас футболшыларды түрлі жарыстарға бастап барып, олардың алаңдағы ойынымен қатар, тәртібіне, ұйымшылдығына да мән берді. Көп жағдайда аудан спортшылары жарыстан жүлделі орынмен оралып отырды.
Пазылхан Оспанұлының бойындағы тағы бір ерекше қасиет – өз жұмысына мығымдығы. Ол тапсырылған істі кейінге қалдырмай, жоспарлы түрде орындауды, шәкірттерінен де жауапкершілікті талап етуді басты қағида санады. Жаттығу барысында тәртіпке ерекше мән беріп, әр спортшының мүмкіндігін дұрыс бағалай білді.
– Жаттықтырушы үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің жеңісі және оның жақсы адам болып қалыптасуы. Спортқа келген бала алдымен тәртіпті үйренеді. Уақытты бағалауды, жеңілісті дұрыс қабылдауды, жеңіске масайрамауды түсінеді. Сондықтан мен шәкірттеріме әрдайым спортпен бірге адамдық қасиетті де қатар алып жүруді үйретуге тырыстым. Әрине, еңбек жолымда маған қолдау көрсеткен әріптестерім мен бірге қызмет еткен азаматтардың орны ерекше. Бірге еңбек еткен әрбір жанның сыйластығы мен қолдауы адамның жұмысын жеңілдетіп, алға ұмтылуына күш береді. Қазір зейнеткерлік демалыстамын. Өткен жылдарға көз жүгіртсем, спорт саласын таңдағаныма еш өкінбеймін. Себебі бар ғұмырымды өзім жақсы көрген іске арнадым. Ең бастысы, кейінгі ұрпаққа пайдалы іс қалдыру. Егер бір шәкіртім менің айтқан ақылымды өмірінде пайдаланып, спорт арқылы жақсы азамат болып қалыптасса, сол менің еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Жастарға айтарым – қандай мамандық таңдасаңдар да, сол кәсіпке адал болыңдар. Еңбек етіңдер, ізденіңдер, үлкендердің тәжірибесін бағалаңдар. Адамның абыройы оның қызметі арқылы емес, елге жасаған еңбегімен өлшенеді. Менің бар тілегім – аудан жастары спортпен шұғылданып, дені сау, рухы мықты, елін сүйетін азамат болып өссе екен, – деген ұстанымда болған спорт саласының ардагерінің еңбек жолы осы сөзімен сабақтасып жатыр.
Пазылхан Оспанұлының спорт саласындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұзақ жылғы табанды қызметі мен аудан спортының дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте марапатталды. «Қазақстан футболына 100 жыл» медалімен, сондай-ақ «Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл» мерекелік медалімен және басқа да марапаттармен наградталды.
Кейіпкерімнің адамдық болмысы да оның кәсіби жолымен үндес. Ашық мінезді, қарапайым, адал азамат ретінде әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленді. Өзінің білгенін кейінгі буынға үйретіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беруден ешқашан тартынған емес.
Спорт саласында ұзақ жыл қызмет еткен адам ретінде ол аудан спортының талай кезеңін көзбен көрді. Спорт нысандарының жағдайынан бастап, жасөспірімдердің спортқа қызығушылығына дейінгі мәселелерге бей-жай қарамай, өз мүмкіндігінше шешімін табуға күш салды. Әсіресе балалар спортына басымдық беріп, ауыл мен аудан жастарының спортпен тұрақты айналысуына еңбек етті.
Бүгінде Пазылхан Оспанұлы – құрметті зейнеткер. Алайда оның спортқа деген сүйіспеншілігі мен осы салада қалыптастырған мектебі артында қалды. Бір кездері жаттықтырушының алдынан өтіп, спорттың әліппесін үйренген шәкірттер бүгінде әр салада еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі.
Өз ісінің майталманының өнегелі жолы отбасында да жалғасын тауып келеді. зайыбы Ұлбосын Бекмағанбетова – білім беру саласының үздігі, қолөнер шебері, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген елге танымал ана. Отбасындағы береке мен еңбектің қадірін жоғары қойған қос азамат балаларын да еңбекке, ізденіске баулыды.
Бүгінде ұлы – Асанхан «Kaz Elit Spec Stroy» ЖШС-нің директоры әрі жеке кәсіпкер болса, Жандос – «KAZ ROYAL GRUP» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер ретінде еңбек етіп жүр. Қызы – Сымбат бүгінде Мысырдың Каир қаласында тұрып, өз кәсібін жетік меңгерген маман ретінде қызмет етуде. Келіндері – Айнұр мен Шолпан кәсіпкерлікпен айналысып, отбасының абыройын еселеуде.
Жаттықтырушы ретінде ол жас спортшыларға жеңіске жетудің жолын, биік шыңға апарар еңбектің қадірін түсіндірді. Себебі спорттағы нәтиже – бір күндік дайындықтың емес, күн сайынғы табанды еңбектің жемісі. Осы қағиданы өзі де ұстанып, шәкірттеріне де үлгі көрсетті.
Бүгінде ел ағасы ретінде құрметті демалыста отырған Пазылхан Оспанұлының маңдай терімен өткен еңбек жолы – кейінгі буынға тағылым. Оның спорт саласына сіңірген еңбегі, жасөспірімдерді тәрбиелеудегі тәжірибесі, шәкірттерінің жеңісі мен адам тәрбиесіне қосқан үлесі уақыт өткен сайын өз бағасын таба бермек.
Өйткені нағыз ұстаздың еңбегі оның қызметтік жылдарымен емес, шәкірттерінің жүрегінде қалдырған ізімен өлшенеді. Пазылхан Оспанұлы да осындай із қалдырған, спортқа ғұмырын арнаған ардагер азаматтардың қатарында.
Б.АЯБЕКҰЛЫ









