Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлімнің мықты спортшысы

Бөлімнің мықты спортшысы

Төтенше жағдай қызметі – еліміз үшін маңызды саланың бірі. Құтқарушылар кез келген жағдайда адам өмірін қауіптен қорғап, түрлі жағдайдың алдын алады. Жауапкершілігі зор саланың қызметкерлеріне жүктелетін міндетті абыроймен атқарып келе жатқан азаматтардың бірі – Нұрлан Каримов.

Әріптесіміз №12 Өрт сөндіру бөлімінде 2018 жылдан бері қызмет атқарады. Қызметіне адалдық танытып, өзгелерге үлгі болып жүрген 32 жастағы өрт сөндіруші саламатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен.

Аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы орта мектепте оқып, тоғызыншы сыныпты бітірген соң Қызылорда қаласындағы колледжде заңгер мамандығын алған Нұрлан Салманұлы Отан алдындағы борышын Өскеменде өтейді. 2009 жылы "Маханшы – 2086" әскери бөлімшеде аға кинолог қызметін меңгеріп, 2010 жылы кіші сержант шенімен туған елге оралады. Әскери борышын өтеген азамат Қарағанды қаласындағы университетке оқуға түсіп, 2013 жылы жоғары білімді заңгер мамандығын алады.
Спортқа деген әуестігі мектеп оқушысы кезінде қалыптасқандықтан алғашқы жаттықтырушысы Пазылхан Абдулпаттаев Нұрланды футболдың қыр-сырына үйретеді. Жас спортшының жігерін жанып, түрлі жарыстарға апарады. Кейін жоғарғы сыныпта оқып жүргенде спорт шеберлігіне үміткер болып, футболға деген әуестігі кәсіби дағдыға айналады.

– Бала кезімізде футболды жақсы көрмейтін жігіт болмайтын. Кешкісін спорт алаңына барып, команда құрып, футбол ойнаймыз. Ойын ережесін үйреніп, командада ойнауға машықтанамыз. Жаттығудан қалмаймыз. Ойында ұтылсақ, одан сайын жігерленіп, келесі жолы басым болуға барымызды саламыз. Бала кезімнен келе жатқан хоббиім футбол десем болады. Ауданның мықты жаттықтырушылар Пазылхан Абдулпаттаев пен Бақытжан Ахметов өзіне шәкірт етті. Қазір де қызметте жүрсек те апта сайын спорт алаңынан табылуға тырысамыз, – дейді әріптесіміз Нұрлан Каримов.

Спорт шебері атағын 2018 жылы алған Нұрлан Салманұлы соңғы 11 жылдан бері "Тереңөзек" құрама командасында ойнайды. Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімінде футбол командасының капитаны. Команданың жетекшісі ретінде спортшылардың жаттығуын, дайындығын қадағалайды. Апта сайын сәрсенбі және жұма күндері спорт залында жаттығып, футбол ойнайтын өрт сөндірушілер бірнеше жыл қатарынан Сырдария ауданы әкімінің кубогі үшін жарыста жүлдегер атанды. Бас аяғы 7 кубокті еншілеген команданың 10 ойыншының ең үлкені Нұрланның өзі болса, жасы кішісі 24 жастағы Нұрсұлтан Әбухас.

Нұрлан Каримов – әке жолын жалғаған ұлағатты ұл. Әкесі – Салман Каримов өрт сөндіру бөлімінде 28 жыл жұмыс істеп, командир болған сала ардагері. Нұрланның інісі Ғазиз де әкесі мен ағасының жолымен осы бөлімде жүргізуші болы қызмет етеді.

Ауданның төтенше жағдай қызметінде абыроймен қызмет атқарып келе жатқан әріптесіміз үлгілі отбасының отағасы. Жұбайы Сәния Тайманова – бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі 1 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отыр.

Әріптесіміздің саламатты өмір салтын насихаттау жолында сүйікті хоббиі болған футболды жанына серік еткеніне жиырма жылдан асты. Осы уақыт аралығында жеңіс тұғырынан бірнеше мәрте көрінген спортшымыз әлі талай намысты қолдан бермесіне сенім мол.

С.Джалмухамбетова,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері

01 желтоқсан 2022 ж. 148 0