Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Қоғалыкөлдегі кілем жуу орталығы

Қоғалыкөлдегі кілем жуу орталығы

Халық сұранысына сай кез келген кәсіпті бастауға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы тапсырмасымен жүзеге асып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған ауданда кәсіпкерлер жетерлік. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған жоба арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкердің бірі – Нұрлан Төленов.

Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Нұрлан Төленов бүгін­де кілем жуу және химиялық тазалау орталығын ашып, екі айдан бері ауыл тұр­ғын­дарының тұрмыс сапасын жаңа дең­гейге көтеруге септігін тигізуде.

– Бұл кәсіпті бастамас бұрын халық сұранысын зерттеп көрдім. Содан соң, кә­сіпкерлік бөлімнің ма­мандарымен ақыл­дасып, осы кәсіпті бастадым. Өйткені кілем жуу орталығы аудан орталығында ғана бар екен. Ал біздің ауылға жақын ауылдарда болмағандықтан өз ауылымызда ашуды жөн көрдім, – дейді жеке кәсіпкер Нұрлан Төленов.

Кәсіпкер бағдарлама аясында жыл­дық 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алып, қажетті қаражатқа қол жеткізді. Осы қаражат арқылы кілем жуу және химиялық тазалау орта­лығына қажетті роторлық жуу құралы, кілемді сығатын және кеп­тіретін центрифуга сатып алды. Бұл кілем жуу сапасын одан әрі жақсартты. Сондай-ақ кілемнің сапасын сақтау үшін кілем жуу процесінде тек қана сапалы кір жуатын ұнтақ пен сусабындар, парфюмдер пайдаланады. Тапсырыс берушілерге ыңғайлы болу үшін алып кету, жеткізу қызметі те­гін қа­растырылған және аптаның 7 кү­нінде де жұмыс жасайды.

– Күнделікті 5-6 кілем жуамыз, 1-2 күн­де да­йын болады. Кілемнің барлық түрін жуамыз. Жұмыс барысына келетін болсақ, цех заманауи апараттармен жаб­дықталған. Кілемді алдымен шаңын қағып, содан соң жуамыз. Арнайы сусабындар, парфюм, дақ кетіргіш ұнтақтарды қол­данамыз. Дайын болған кілемді арнайы целлофан қаптамамен жеткізіп береміз. Бұл біздің отбасылық бизнесіміз. Тапсырыс берушілерден кілемдерді өзім әкеліп, жеткізіп беремін. Ал ұлым кілемдерді жуу қызметін көрсетеді. Өйткені, менің ден­саулығым жарамайды, мүмкіндігім кел­мейді. Қазір мемлекет тарапынан бизнес бастауға берілетін көмекті тиімді пайдалану керек. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік осал топ өкілдері, жас­тарға қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік көп, – дейді кәсіпкер Нұрлан Тінейбекұлы.

Нұрлан Төленовтың адал еңбегінің арқасында табыс тауып, халыққа қызмет көрсетіп отырғаны көпке үлгі. Бүгінде отбасылық бизнесті қолға алған берекелі шаңырақта жұбайы Марина Көмірбаевамен 4 баланы тәрбиелеп отыр. Отбасылық кәсіп иесі үшін ең бастысы – тұрғындардың алғысы мен сенімі. Ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған кілем жуу және химиялық тазалау орталығының қызметіне деген сұраныс күннен-күнге артып келеді.


Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
22 қыркүйек 2026 ж. 91 0