Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы
Қыз бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесінің өзегі. Халқымызда «Ұрпағыңды тәрбиелегің келсе – ұлыңды тәрбиеле, Ұлтыңды тәрбиелегің келсе – қызыңды тәрбиеле» деген нақыл сөз бар. Бұл сөз қыз баланың тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның айнасы екенін білдіреді.Аудан әкімінің тапсырмасымен Сырдария аудандық әйелдер кеңесі мүшелері аудан орталығындағы мектептердің жоғары сыныбындағы оқушы қыздармен кездесті. Алғашқы кездесу №35, №36 мектеп-лицейде өтсе, келесі күні №210, №131 орта мектепте жалғасты. Кездесуге аудандағы әжелер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, Тереңөзек кенті әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Байдушева, бас дәрігердің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Ақгүл Құлекеева, аудандық емхананың дәрігер-гинекологы Индира Өтемұратова, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали қатысып, ой-пікірлерін ортаға салып, кеңестерімен бөлісті. Ұлт тәрбиесін көздеген маңызды жиынды аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Сәркеева жүргізіп отырды.
– «Қызға қырық үйден тыйым» деген даналық сөз қыз тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін көрсетеді. Қыз баланы ибалы, білімді, еңбекқор етіп тәрбиелеу – болашақ ананың, саналы ұрпақтың негізін қалау. Себебі, «Анаға қарап қыз өсер» дейді. Яғни, қыздың бойындағы қасиет ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Сондықтан қыз тәрбиесіне мән беру – ел болашағына мән беру деп ойлаймын. Қыз бала – елдің ертеңі. Сіздер өз құндылықтарыңыздың биік екенін түйсініп, тәрбиелі, инабатты болуларыңыз керек. Себебі, қыз бала – біздің, ұлттың ертеңі, – деді Ұлмекен Шанайқызы.
Келелі кездесулерде сала мамандары ұлттың ұлағатына айналар қыз баланың тәрбиесіне қатысты тақырыптарды қозғады.
– Мемлекет басшысы жақында ғана Қызылорда облысында өткен Ұлттық құрылтайда қыз алып қашудың қылмыс екенін айтып, Шымкент қаласында орын алған оқиғаны назарға алды. Бұл ұрпақ тәрбиесінде қыз баланың орны ерекше екенін анық аңғартады. Адам өз өмірін жүріп өткен жолыңа мойын бұрып қарағанда ұялмайтындай етіп сүруі қажет. Қазір мектеп оқушысы, ертең үлкен өмірге қадам басасыздар. Кез келген адам өзінің ортасына, кіммен жолдас болып жүргеніне баса мән беруі керек. Әсіресе, үлкен қалаға, жоғары оқу орнына барғанда. Қыз бала – ұлттың айнасы, ұрпақ жалғастырушы. Сіздер тәрбиелі, саналы, ибалы болып өссеңіздер, ел ертеңі жарқын болмақ, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Есентұрқызы.
Ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз бала тәрбиесі – жай бір отбасылық мәселе емес. Бұл – қоғамның да, ұлттың да ең үлкен аманаты. Бұл орайда маңызды кездесулерде оқушылар өз ойларын ортаға салды. Ал сырлы әңгіме, маңызды кеңеске құрылған жиындар барлық ауылдық округ мектептерінде де өтіп жатқанын айта кету орынды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










