Біз өмірді сүйеміз

Руханият ордасына айналған орталықтағы мұражайда кеңес мүшелері мен есепте тұратын бірнеше бала және олардың ата-аналары бас қосты. «Біз өмірді сүйеміз» тақырыбын арқау еткен іс-шараның алғысөзін Әжелер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева ашты.
–Балаларды қорғау дегеніміз – әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. Бұлтсыз күн, ашық аспанда біздің балаларымыз бейбіт өмір сүрсе, олардың жүректерін қайғы-мұң шалмаса, нағыз бақыт осы емес пе?! Ал Тәңір сынақты көтере алмас пендесіне жүктемейді. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын қайткен күнде де оңалту, аяққа тұрғызып, өмірге бейімдеу. Баланы қамқорлығына алып, өсіріп, үкілеп отырған ата-ана қандай мықты болса, ерекше балаларға күтім жасап отырған он есе мықты жандар. Қазір медицина жан-жақты дамыған. Құдай қаласа, бүгінгі балалар ертеңгі үлкен арманына қол жеткізетін болады. Бала – мемлекетіміздің байлығы. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын, – деді Ұ.Жанәлиева.
Білім саласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлбар Әбілқызы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алимаш Мырзахметова, Тереңөзек кенті әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Байдушева, аудандық әйелдер кеңесінің мүшелері Несібелі Керейтбаева мен Ақгүл Әмірханқызы пікірлерін білдіріп, балаларды мерекемен құттықтады.
– Аудандық әйелдер кеңесі түрлі бағытта іс-шараларды ұйымдастырып отырады. Кеңес мүшелерімен ақылдаса келе 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнін өздеріңіздей жас балғындармен бірлесіп өткізуді жөн санадық. Бұл ұсынысты кеңес мүшелері түгел қолдап, бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Жаз мезгілі – әсіресе балалар үшін көңілді кезең. Дәстүр бойынша, жыл сайын халықаралық деңгейде бұл мереке аталып өтеді. Құрметті балалар, мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздер – біздің жарқын болашағымызсыздар. Мереке құтты болсын, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Есентұрқызы.
Айта кетейік, іс-шара соңында аудандағы ерекше балаларға тәтті сый-сияпат таратылды. Балаларды қуантуға әйелдер кеңесінің мүшелері атсалысып, демеушілік жасады. «Қуанса, бала қуансын» деген ардақты жандар осындай диагноздағы бірнеше баланы арнайы үйіне барып, құттықтап та қайтты. Жалпы, он ерекше бала осылайша мереке мезіретін сезіне алды. Мерекелік іс-шара кішкентай балғындардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ал ерекше балалардың ата-аналары ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ