Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мерейі өскен майталман

Мерейі өскен майталман

Жұртшылық біреудің еңбегі еленіп, марапатталса «мерейі өсті» дейді. Сол айтпақшы ауданның мәдениет саласында ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келе жат-қан Әбдірайым Тоқаяқовтың жақында мерейі өсті. Ол Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіп-тік одағының «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Саналы ғұмырының қырық жылын өнер мен мәдениет саласына арнаған азаматтың есімі сырдариялықтарға етене таныс. Ол бүгінде аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушы қызметін атқарып келеді. Әбдірайым Тоқаяқовтың киелі сахнада сомдаған рөлдері талғамы биік көрерменнен өз бағасын алып үлгерген. Себебі, майталман маман – өз жұмысын жетік білетін кәсіби актер.

– 1982 жылы Жетісайдағы мәдени ағарту училищесін «Халық аспаптар оркестрінің дирижері және клуб қызметкері» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Міне, осы кезден бастап өнер мен мәдениет саласында еңбек етіп келемін. 1986 жылы Ташкентте өткен «Мархоба талантлар» атты халықаралық фестивалінің және ІІ Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атандым, – дейді отызында орда бұзып, биік шыңды бағындырған Әбдірайым аға бізбен әңгімесінде.

1999 жылы аудандық мәдениет үйіне қызметке орналасқан кейіпкеріміз 2001 жылдардан бері қарай О.Мәлібаев, Қалжан ахун ауылындағы ауылдық клубтың меңгерушісі болған. Кейін Айдарлы халық театрының суретшісі қызметін атқарған. Сыр өңіріне белгілі «Құрақтың Досжаны» халық аспаптар оркестрінің мүшесі ретінде де аудан, облыс көлеміндегі мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысқан. Осы еңбегі еленіп, жақында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Ә.Тоқаяқов Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Марапатты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев табыстады.

– Бүгінде біз де алпыстың асқарына шығып, кейінгі толқын жастарға аға болдық. Өткенге көз салсақ, ыстық естеліктер көп. Жақсы азаматтармен әріптес болдық. Талантты тұлғалармен кездестік, сахналарда бірге өнер көрсеттік. Мәдениет саласы қайнаған қазан секілді, ешқашан дамыл таппайды. Әріптестерімнің еңбегін жоғары бағалаймын және әрқашан шығармашылық сәттілік тілеймін, – дейді Ә.Сатуұлы.

Майталман маманның жары Ғалия Сансызбаева да ауданның мәдениет саласында еңбек етеді. Ол – Тереңөзек кент клубының әдіскері. Екеуінің бас құрап, отау құрғандарына қырық жылға жуық уақыт болған. Қызмет жолын да қатар бастаған қос өнерпаз бес бала тәрбиелеп, өсірген. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Тоқаяқовтар шаңырағын жеті немересінің күлкісі шаттыққа бөлеп отыр.

Өнер дарып, құт қонған отбасы 2010 жылы облыстық өнерпаз оралман отбасылар байқауында жеңіс биігінен көрінсе, 2014 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды.

– Мәдениет қызметкерлері халық үшін жұмыс жасайтынын жақсы түсінеміз. Сондықтан қолдан келгенше осы саланы жандандыруға күш саламыз, – дейді Ғ.Сансызбаева.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 маусым 2021 ж. 423 0