Аудандық ауруханада «Мектепке жол» акциясы өтті
Жаңа оқу жылының қарсаңында Сырдария аудандық ауруханасында игі дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Жұмабаева, аурухана жанындағы медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айгерім Тыныштықбаева және медицина саласының қызметкерлері қатысты.Бұл ретте, әлеуметтік маңызы зор іс-шараның негізгі мақсаты – медицина саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсетіп, мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау екені мәлім. Акция аясында жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа баратын медицина қызметкерлерінің балаларына мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдары табысталды. Балғындардың мектепке дайындығына қолдау көрсету мақсатында жасалған бұл сыйлық балалардың көңілінен шығып, ерекше қуанышқа бөледі. Іс-шарада сөз алған аудандық аурухана бас дәрігері Жанар Жұмабаева бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтап, оларға білім жолында сәттілік тіледі.
– Балалардың мектепке баруы – әр отбасы үшін ерекше қуаныш. Бірінші сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндердің жүзінен қуаныш көру – біз үшін де үлкен мәртебе. Бүгінгі акцияның мақсаты – балаларға қажетті оқу құралдарын ұсынып қана қоймай, олардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауына себепші болу. Барша бүлдіршінге сапалы білім, биік жетістіктер және жарқын болашақ тілейміз, – деді бас дәрігер.
Өз кезегінде аурухана жанындағы медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айгерім Тыныштықбаева мұндай қайырымды іс-шараның ұжым мүшелеріне көрсетілген әлеуметтік қолдаудың бір көрінісі екенін атап өтті. Айта кетерлігі, мектеп құралдары «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы және аурухана жанындағы медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің атынан табысталды. Жалпы алғанда медицина саласының қызметкерлеріне ғана емес, олардың отбасы мүшелеріне де көрсетіліп отырған ерекше қамқорлықтың белгісін сала мамандары ұйымдастырушыларға шынайы алғысын жеткізді.
Кәсіподақ ұйымдарының басты міндетінің бірі – еңбек ұжымындағы қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, олардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ету. Осы бағыттағы нақты істердің қатарында жас ұрпаққа қолдау көрсету, қызметкерлердің балаларына қуаныш сыйлау секілді игі бастамалардың орны бөлек.
«Мектепке жол» акциясы аясында табысталған мектеп сөмкелері мен оқу құралдары сырт көзге қарапайым сыйлық болып көрінгенімен, кішкентай балғындар үшін оның маңызы айрықша. Себебі әрбір жаңа сөмке, әрбір жаңа дәптер мен оқу құралы – баланың білімге деген алғашқы қадамының жарқын естелігі.
«Тт» ақпарат











