Кәсіби мерекеге арналған салтанатты іс-шара өтті
Апта ағымында Сырдария аудандық ауруханасының базасында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Оған аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева, салалық орынбасарлар, медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Айкерім Тыныштықбаева, ақ халатты абзал жандар мен сала мамандары қатысты.Мерекелік кеште сөз алған Жанар Әшімқызы әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ десек, сол өмір мен денсаулықты сақтауда сіздердің еңбектеріңіз орасан зор. Медицина саласы – үлкен жауапкершілікті, терең білімді, табандылық пен төзімділікті, ең бастысы адамға деген шынайы жанашырлықты талап ететін қасиетті мамандық. Сіздер күн сайын сан түрлі тағдырмен бетпе-бет келіп, науқас жандарға шипа сыйлап, олардың өміріне үміт пен сенім ұялатасыздар. Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, жүрек қалауымен ғана атқарылатын сауапты іс. Сырдария аудандық ауруханасының ұжымы қай кезде де аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен адал қызметтеріңіздің арқасында аудан медицинасы жылдан-жылға дамып, жаңа белестерді бағындырып келеді. Әрбір жетістіктің артында күндіз-түні тынбай еңбек еткен дәрігерлердің, орта буын мамандарының, кіші қызметкерлер мен сала ардагерлерінің маңдай тері, өлшеусіз еңбегі жатыр. Бүгінгі мерекеде біз ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегіне тағы бір мәрте құрмет білдіреміз. Сіздердің әрқайсыларыңыздың аудан халқына сіңірген еңбектеріңіз зор. Әсіресе, адам жанына араша түсіп, шұғыл сәттерде сабыр мен кәсібилікті серік етіп, науқастарға мейірім мен қамқорлық танытып жүрген барша медицина қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Медицина – тек мамандық емес, бұл – үлкен миссия, адам өміріне деген адалдықтың, антына беріктіктің, жүрек жылуы мен жанашырлықтың көрінісі. Сіздердің табанды еңбектеріңіз, кәсіби біліктіліктеріңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіз әрдайым құрметке лайық, – деді бас дәрігер.
Салтанатты іс-шарада аудандық аурухананың дәрігерлері мен сала мамандары бірнеше жоғары марапатқа ие болды. Медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды. Аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, көпшілікке шад-шадыман көңіл күй сыйлады.










