Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№60 газет

11 тамыз 2026 ж.

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Көркем сөзбен көмкерілген Абай әлемі

Көркем сөзбен көмкерілген Абай әлемі

Абай мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани құндылық. Ақын шығармалары жас ұрпақты білімге, еңбекке, ізгілікке, адамгершілік пен адалдыққа үндейді. Халық қаншама тарихи кезеңдерді бастан өткерсе де, Абай мұрасы, Абай өсиеті жол көрсетер темірқазығы, бой түзейтін айнасы, ой түзейтін кемеңгері. Ақын мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, маңызын жоймайтын қайнар көзі.

10 тамыз – Абай күніне орай Қоғалыкөл ауылдық клубында облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Ауыл әкімдігінің қолдауымен, мәдениет қызметкерлерінің ұйым­дас­тыруымен оқушылар арасында өткен байқау «Абайдың сөзі – халықтың айнасы» тақырыбын арқау етті. Ең алдымен мерекелік іс-шара әсемделуімен көрерменді ерекше әсерге бөлеп тұрды. Қонақтарды қазақы нақышқа сай ұлттық тағаммен қарсы алғаннан кейін арнайы көрме, оқушылар өнері паш етілді. Абайдың қара сөздері ерек­ше үйлесіммен орналастырылып, оқушылар көркем оқу, көрініс арқылы қонақтардың жүрегінен жол тапты.

Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, оқушылардың көркемсөз оқу шебер­лігін арттыру, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің тағылымдық мәнін терең ұғындыру мақсатында өткен өнер додасына облыстың әр ауданынан 7 жас талапкер қатысты. Байқау барысында жас өнерпаздар Абайдың таңдаулы шығармаларын мәнерлеп оқып, ақынның терең ойы мен көркем сөзін, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды көрерменге шебер жет­кізді. Байқау «Өлең – сөздің патшасы» және «Ғибратқа толы қара сөз» атты екі кезең бойынша өтті. Қатысушылар бірінші кезеңде Абай өлеңдерін жатқа оқыса, екінші кезең бойынша ақынның қара сөздеріндегі философиялық ой мен тәрбиелік тағылымды аша білді.

Көркемсөз оқу байқауына облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бө­лім меңгерушісі, Мәдениет саласының үздігі Ғазиза Жүнісова, аудандық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақбота Асанова, №44 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлназ Құлымбетова төрелік етіп, оқушылардың өнерін бағалады. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені сырдариялық Диас Асанов еншіледі. Сондай-ақ жүлделі 1-орын қазалылық Кәусар Тасқалиға бұйырды. Ал 2-орынды жаңақорғандық Балауса Ғаниқызы мен қармақшылық Мария Ким жеңіп алды. 3-орынды жалағаштық Ерасыл Байсерік, аралдық Толғанай Жолдыбаева және сырдариялық Аяулым Балғабай өзара бөлісті.

– «Абайдың сөзі – халықтың айнасы» атты облыстық байқау – жас таланттардың өнерін шыңдап қана қоймай, ұлы ақын мұрасын ұлықтап, ұлттық руханиятты дәріптеген тағы­лымды мәдени іс-шара болды. Абайдың шығармаларын мәнерлеп оқу арқылы қатысушылар ақынның терең ойы мен рухани құндылықтарын бойына сіңіріп қана қоймай, өздерінің сахна мәдениеті мен шешендік қабілеттерін де шыңдайды. Байқаудың облыстық деңгейде өткізілуі – өнерлі жастардың басын қосып, олардың шығармашылық әлеуетін танытуға үлкен мүмкіндік. Сайысқа қатысқан жас өнерпаздардың дайындығы мен ізденісі көңіл қуантады. Әр қатысушы Абай шығармаларын өзіндік мәнермен жеткізіп, ақын мұра­сына деген құрметін көрсете білді. Абайдың «Толық адам» ілімі мен адамгершілік, білім, еңбек туралы терең ойлары бүгінгі ұрпақ үшін де аса маңызды. Сондықтан ақын мұрасын дәріптейтін мұндай мәдени іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табуы керек деп есептеймін. Бұл – ұлттық руханиятымызды жаңғыртып, жас буынның бойына әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын маңызды бастама, – дейді Қоғалыкөл ауылдық клуб меңгерушісі Елдос Жаппасбаев.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
11 тамыз 2026 ж. 57 0