Ғасырлар қойнауынан жеткен мәңгілік мұра
Осыдан алты жыл бұрын атаулы мерекелер тізбесіне енген Абай күні туралы пікірінде Президентіміз бұл күннің той қуалайтын емес, ой қуалайтын дата екенін айтқан еді. Мемлекет басшысы айтқандай, ғұламаның өлшеусіз еңбегіне орай белгіленген атаулы күнді ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуға, дамытуға арнау маңызды. Осы тұрғыдан келгенде Абай күнінің мән-маңызы айрықша, көтерер жүгі ауыр. Абай мұрасы – ұлтымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Ол адам болмысының терең қатпарын толық қамтып, бүгіні мен болашақты ұштастырған өміршеңдігімен қымбат.2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Абай күнін белгілеп, еліміздің атаулы мерекелік даталар тізбесіне енгізді. 10 тамызға белгіленген атаулы күн – қазақ қоғамы үшін тарихи оқиға және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жаңа белесіне болды.
Абайдың әдеби мұралары – қазақтың бітім-болмысын, ұлттық ерекшелігін тамыршыдай дөп басуымен өміршең. Әдетте, «ұлттық ерекшелік» дегенімізде, қазақтың батырлығы, шешендігі, дархан мінезі, қонақжайлығы ойға оралады. Бірақ, Абай осы бір мақтаулы сипаттарымызға басқа қырынан да қарады.
Абай Құнанбайұлы туралы індете ізденгендер көп. Солардың ішінде Абайдың бұрын-соңды қазақ ақын-жырауларына ұқсамайтын даралығын алғаш тілге тиек еткен Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаев еді. Мағжан ақын 1912 жылы «Шолпан» журналында «Алтын хакім Абайға» деп өлең арнаса, Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақала жазды. Одан кейін Абай Құнанбайұлының өзін, шығармашылығын зерттеп, көлемді, ауқымды еңбектер жазған ғалым-жазушылар қатарында Мұхтар Әуезов, одан беріректе Мекемтас Мырзахметұлы, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Ғаббас Тоғжанов, Ғарифолла Есім есімдерін ерекше айтып өтуге болады.
Қазақтың бас ақыны өз мәні мен маңызы жоғары шығармалары арқылы елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, қалың ұйқыдағы елге қозғау салып, бес асыл іс пен бес дұшпанды ажырата білу керектігін дәріптеді. Алға жылжудың негізі терең білім мен ғылымсыз бос әуре екенін нақты мысалдармен жеткізді. Ақын халықтың ізденісті серік етіп, оқып-үйренгенін, тіл меңгергенін, заман талабына сай кәсіп игергенін қалады. Әр шығармасында елді ынтымақ пен бірлікке шақырып, жастарды жалқаулықтан, ұйқышылдықтан, рушылдықтан, бір-бірін күндеуден, көре алмаушылықтан, жат әдеттерден аулақ болуға үндеді. Сондықтан Абай мұрасы отаншыл, адал, парасатты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеудің түпкі негізі болып табылады. Осы ретте, ұлы ақынның шығармаларын қазіргі заманның талаптары мен тетіктерін ескере отырып, барлық салада кеңінен насихаттаған жөн.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бас ақынымыз туралы зерттеу еңбектері баршылық. Жер-жерде Абай Құнанбайұлының ескерткіштері де қойылған. Әрбір елдімекенде баба атымен аталған көше де бар. Ал Абай туралы фильмдердің көбі – деректі фильмдер. Онда көбіне Абай өмірінің үш кезеңі көрсетіледі. Біріншісі – ата-анасының, әжесінің қасында жүрген бала Абай, екіншісі – ер жетіп сезімдері бүршік атқан жас Абай, сондай-ақ егде тартып, шәкірт тәрбиелеген даналық кезеңі.
Халық қаншама тарихи кезеңдерді бастан өткерсе де, Абай мұрасы, Абай өсиеті жол көрсетер темірқазығы, бой түзейтін айнасы, ой түзейтін кемеңгері болып қала бермек. Абай мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, маңызын жоймайтын қайнар көзі. Абай есімі ұлттық сана-сезімде мәңгі аталатын ұлы тұлғаға айналды. Абай Құнанбайұлының асыл мұрасы халқымызды білім мен ғылым сапарына жетелеп, санасында мәңгілік сақталары хақ.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











