Үнсіз үндескен қос жүрек
Адамның өмір жолы әрдайым тағдырдың жазуымен өрілсе де, алға ұмтылуға деген жігер мен қайсарлық кез келген қиындықты жеңуге мүмкіндік береді. Иә, қате оқыған жоқсыз. Адам өміріндегі әрбір мүмкіндік – кез келген жанды алға жетелейді. Біз жақында Тереңөзек кентінің тұрғыны Нұрболат Әбдіғаппаровтың қуанышты жаңалығын естігенде оқырман қауымға жеткізуге асықтық. Бір жылда туған замандасым өмірге келген сәттен дыбыс шығарып, сөйлемеген. Осы күні өзі секілді тағдырлас жанмен отау құрып, жаңа өмірге қадам басты.Биыл 32 жасқа келген Нұрболаттың балалық шағы Тереңөзек пен Шымкент қаласында өтті. Жеті жасынан бастап Шымкент қаласындағы саңырау және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектепте білім алды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ еңбекке бейімділігі мен шығармашылыққа қызығушылығын танытқан ол кейін «Мирас» колледжінде тігінші-дизайнер мамандығын меңгерді. Талабы таудай Нұрболат №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепте маусымдық жұмыс істейді. Қалған уақытта Қызылорда қаласындағы «Дәстүр» сауда орнында еңбек етеді. Бір жылдары аграрлық-техникалық колледжде қызмет атқарып, жастар тәжірибесінен өтті.
Айта кетейік, спорт – Нұрболаттың өмірінің ажырамас бөлігі. Мектеп жасынан грек-рим күресімен тұрақты айналысып келеді. Республика көлемінде осы спорт түрінен орасан жетістікке қол жеткізе білді. Өз кезегінде мылтық атудан өткен жарыста бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, өзінің мергендігін дәлелдеген. Бұдан бөлек, волейбол мен баскетболды да жанына серік еткен. Оның спорттағы жетістігі – мүмкіндігі шектеулі жанның да биік белесті бағындыра алатынының айқын дәлелі.
– Нұрболат – мен үшін тағдырдың берген үлкен сыйы. Баламның естімейтіні мен сөйлей алмайтынын білгенде, әрине, ана жүрегі алаңдады. Бірақ біз ешқашан оның болашағынан үміт үзген жоқпыз. Оның бүгінгі жетістігіне біздің ғана емес, ата-анамыздың, яғни атасы Қанжарбай Әбдіғаппаров пен әжесі Ақтұрған Нұртаеваның сіңірген еңбегі орасан зор. Олар 14 жыл бойы төрт мезгілдің ыстығы мен суығына қарамай, Шымкент қаласына қатынап, немересін арнайы мектепке тасып оқытты. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жанкештілік пен мейірімнің көрінісі. Сол кісілердің төзімі мен қамқорлығының арқасында Нұрболат білім алып, өмірден өз орнын таба білді. Балам кішкентайынан еңбекқор, қайсар, мақсатына жетпей тынбайтын жігерлі болып өсті. Еңбек етуден ешқашан қашқан емес. Спортпен айналысып, түрлі жарыстарда жеңіске жетуі де – оның табандылығының жемісі. Бүгінде тұрақты жұмыс істеп, өз отбасын құрып, ел қатарлы өмір сүріп отырғанын көргенде, аналық жүрегім қуанышқа толады. Мен баламмен мақтанамын. Оның өмір жолы қиындыққа мойымай, адал еңбекпен, сабырмен және қайсарлықпен алға ұмтылған әрбір жанға үлгі болады деп сенемін. Осындай азамат болып қалыптасуына қолдау көрсеткен ата-анамызға алғысым шексіз. Немересінің болашағы үшін аянбай еңбек еткен олардың қамқорлығы мен мейірімі ешқашан ұмытылмайды, – деді Гүлмира Әбдіғаппарова.
Нұрболаттың келіншегі Карина Ағыбаева дәмханада қызмет етеді. Ерлі-зайыптының екеуі де үшінші топтағы мүгедектігі бар, есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған. Соған қарамастан, олар өмірдің әр күніне үмітпен қарап, еңбек етіп, бір-біріне сүйеніш болуда.
Нұрболат пен Каринаның өмір жолы – үнсіздіктің ішінде де үлкен мақсат пен асқақ арманның өмір сүретінін көрсететін тағылымды тағдыр. Қандай қиындық кездессе де, мойымай алға ұмтылу, адал еңбек ету және саламатты өмір салтын ұстану – олардың өмірлік ұстанымы. Мұндай жандар қоғамға жігер сыйлап, өзгеге өмірдің қадірін түсінуге, қайсарлық пен төзімділіктің мәнін ұғынуға үлгі бола алады.
Бүгінде Карина Қызылорда қаласында дәмханада жұмыс істейді. Дәмі тіл үйірер тағам дайындауды жаны қалайды. Қармақшылық Карина ер-азаматының бабын тауып, жұмысты да қатар алып жүреді.
– Ана үшін баласының ел қатарлы өсіп, өз өмірінен орнын тауып, шаңырақ көтергенінен асқан бақыт жоқ шығар. Бүгін Нұрболатымның азамат болып қалыптасып, өз отбасын құрғанын көріп, жүрегімді қуаныш пен шүкіршілік сезімі кернейді. Нұрболат кішкентайынан өте еңбекқор, жауапкершілігі жоғары болып өсті. Қандай істі қолға алса да, соңына дейін тиянақты орындауға тырысады. Өзінің мүмкіндігіне емес, атқаратын ісіне қарап еңбек етеді. Сеніп тапсырылған жұмысты адал атқару – оның өмірлік қағидасына айналған. Тағы бір ерекше қасиеті – айналасына жанашырлығы. Қолынан келсе, ешкімнің өтінішін жерге тастамайды. Көмек сұраған адамға қол ұшын созуға әрдайым дайын тұрады. Адамдарға жасаған жақсылығын міндетсінбейді, керісінше, біреуге пайдасы тигеніне қуанып жүреді. Осындай кең жүрегі мен ақ пейілі үшін оны туған-туысы да, әріптестері де құрметтейді. Екеуінің бір-біріне деген сыйластығы мен түсіністігін көргенде, ана ретінде көңілім марқаяды. Олар өмірдің қандай сынағы кездессе де, бір-біріне демеу болып, татулық пен сыйластықты серік етіп, берекелі отбасы болады деп сенемін. Менің ең үлкен тілегім – баламның бақыты баянды болып, шаңырақтарының шаттығы арта берсін. Екеуі де адал еңбектерімен елдің ықыласына бөленіп, өмірдің әр белесін қол ұстасып еңсерсін. Балаларымның жүзінен күлкі, жүрегінен мейірім, үйлерінен береке кетпесін. Сол кезде біздің де ата-аналық еңбегіміздің ақталғаны деп білемін, – деді Гүлмира Қанжарбайқызы.










