Жұбайлыққа ұласқан таныстық
Бірлік пен ынтымақ жарасым тапқан бұл отбасында тәрбиелі ұл мен қыз өсіп келеді. Тереңөзектік Жамбыл Кәрібаев жұбайы Мария Балжановамен ұзақ жыл бірге тату-тәтті тірлік кешіп келеді. Ерлі-зайыптылар ауданда мемлекеттік қызметшілер ретінде саланың ауыр жүгін арқалап жүрген білікті мамандар. Атқаратын қызметі әртүрлі болғанымен мемлекет алдындағы қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын отбасында құт-береке берік орнаған.– Екеуміз бір ауданда тұрсақ та, бір көшемен жүрсек те алғаш танысуымыз қала мен аудан арасына қатынайтын автобустың ішінде болды. Қалада оқитын кезіміз. Оқуға қатынап жүргенімізде жиі-жиі кезігетін болдық. 1996 жылы басталған таныстық екі жылға ұласып, бір-бірімізді әбден танып білдік. 1998 жылдың жазында шаңырақ көтердік. Жас болсақ та отбасы деген ұғымның киесін түсініп, құрметпен қарадық. Қандай қиындық болса да бірге жеңуге, қуанышты күндерді бірге өткізуге серттестік, – дейді жастық шағы туралы, қазіргі кезде ұл мен қызды дүниеге әкелген ана.
Жоғары білімді маман ретінде қолына дипломын алып, 2000 жылы алғашқы еңбек жолын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бастаған Жамбыл мемлекеттік қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін біле бастады. Тәжірибе жинаған жас маман салық комитетіне бас маман болып қызметке ауысты. Одан соң аудан әкімдігінде жетекші маман болып қызмет атқарды. Осы күні Қалжан ахун ауылдық округінде 7 жылдан бері бас маман қызметін абыроймен атқарып келеді. Ал келіншегі Мария кенттегі №36 орта мектепте кассир болып еңбек жолын бастаса, кейін Құндызды ауылдық округінде қызмет етеді. Кәсіби маман 2010 жылдан бері аудандық мәслихатта мемлекеттік қызметті мінсіз атқаруда.
– Отбасылық достар ретінде көп жылдан бері араласамыз. Жамбыл мен Марияның адамгершілігі мен қарапайымдылығы туралы айтудың өзі ғанибет. Қазір арамызда балалары есейген жұп. Үлкендері оқу бітіріп, бір-бір мамандық иесі атанды. Кенжелері Даниял Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы университеттің соңғы курсында оқиды, болашақ экономист. Жамбылдың басты қасиеті – балажандығы. Балаларды өте жақсы көреді. Өз балаларына деген махаббатын айтып жеткізу қиын. Біздің де балаларымызға мейірімін төгіп тұрады. Тіпті құрдастардың кішкентайларын мойнына салып отырады. Кішіпейіл, ақкөңіл достарымызға ұзақ ғұмыр тілейміз, – дейді құрдастары Батырхан мен Гүлжанат.
Бибісара ЖАНӘЛІ











