Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отандық тауарларды қолдауда атқарылған жұмыстар талқыланды

Отандық тауарларды қолдауда атқарылған жұмыстар талқыланды

Аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетовтің төрағалығымен отандық тауар өндірушілерді қолдау және мемлекеттік сатып алу барысында жергілікті қамту үлесін арттыру мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиын барысында жауапты сала басшылары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың барысы баяндалып, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда отандық өнімдерге басымдық беру, жергілікті өндірушілермен өзара ынтымақтастықты нығайту және заңнама талаптарына сәйкес сатып алу рәсімдерін тиімді ұйымдастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.

– Отандық өндірушілерді қолдау – ел экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі. Біздің міндетіміз – заңнама талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік сатып алу барысында жергілікті кәсіпкерлермен тиімді әріптестік орнату және олардың өнімдерінің өткізу нарығын кеңейту. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс, – деді Роллан Манарбекұлы.

Сонымен қатар, мәжіліс барысында аудандағы кадрлық өзгерістер таныстырылды. Басқа қызметке ауысуына байланысты Тереңөзек аудандық электр тарату торабының басшысы Бауыржан Сұлтанұлы мен «Сыр суы» филиалының Сырдария аудандық оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің басшысы Бауыржан Жұмамұратовқа ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің "Алғыс хаты" табысталды.

Жиын қорытындысында берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, белгіленген міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
05 тамыз 2026 ж. 44 0