Жаңа саяси кезең үлкен жауапкершілік жүктейді
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.Мәжіліс барысында 1 шілдеден бастап күшіне енген Жаңа Конституция аясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы қаралып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
– Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа талаптар мен тың міндеттер жүктейді. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметші үшін жауапкершілікті арттыратын маңызды кезең. Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, әділетті әрі тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыру. Сондықтан біз Президент жүктеген әрбір тапсырманы сапалы әрі мерзімінде орындап, тұрғындардың талап-тілегіне жедел үн қатып, нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет. Жаңа саяси кезең баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар мәжілісте аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарының сыртқы келбетінің талапқа сай болуы, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын күшейту, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы қаралып, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жобалардың тиімділігін арттыру, жеңілдетілген несиелердің мақсатты игерілуін қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты басшыларға берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, әрбір мәселенің нәтижесіне баса мән беруді міндеттеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










