Ауыр жүк көтермейін десе...
«Қызға қырық үйден тыйым» деген қазақтың тәмсілі кейде қате түсіндіріліп жатады. Оның астарында қыз баласын шектеп ұстау емес, оған қоғам болып қамқорлық жасау, қадірін арттыру, болашағына жауапкершілікпен қарау деген терең мағына жатыр. Өйткені қыз – бүгінгі отбасының ғана емес, ертеңгі ұлттың анасы. Сондықтан оған берілетін тәрбие де, жүктелетін міндет те оның табиғатына, денсаулығына, психологиялық және физиологиялық ерекшелігіне сай болуы керек.Соңғы жылдары қоғамда «қыз бен ұл тең болуы керек» деген ұғым жиі айтылады. Әрине, білім алуда, еңбек етуде, мүмкіндікке қол жеткізуде әйел мен ер азаматтың құқығы тең. Бірақ бұл қыз баласына ер азаматпен бірдей физикалық салмақ түсіру керек дегенді білдірмейді. Өкінішке қарай, кейбір отбасында қыз бала ұлдың орнын басып, ауыр жұмысты атқаруға мәжбүр болады. Құрылысқа араласады, ауыр қап көтереді, отын жарады, малдың барлық қара жұмысын жалғыз атқарады. Кейде «еңбекке үйренсін» деген желеумен оның шамасынан тыс жұмыс жүктеледі.
Еңбек – тәрбиенің негізі екені сөзсіз. Бала еңбектің қадірін біліп өсуі керек. Бірақ еңбек пен шамадан тыс ауыр жұмыс – екі бөлек ұғым. Қыз баласына үй шаруасына көмектесу, жауапкершілікке баулу – дұрыс. Ал оның денсаулығына зиян келтіретін ауыр жүк көтерту, ұзақ уақыт физикалық күш талап ететін жұмысқа салу – ойланып қарауды қажет ететін мәселе.
Дәрігерлер қыз баланың ағзасы белгілі бір кезеңде ерекше күтімді қажет ететінін жиі айтады. Жасөспірім шақтағы шамадан тыс физикалық жүктеме кейін омыртқа, буын, жамбас сүйегі, репродуктивті денсаулық сияқты маңызды мәселеге әсер етуі мүмкін. Сондықтан «біз де осылай өстік» деген түсінік әрдайым дұрыс шешім бола бермейді.
Иә, өткен ғасырдың ауыр кезеңінде қазақ әйелі елдің еңсесін көтеруге өлшеусіз үлес қосты. Соғыс жылдары мен одан кейінгі кезеңде талай жас ана трактор айдады, комбайн жүргізді, бақташы болды, егін екті, құрылысқа қатысты. Олар ауыр еңбекке еріккеннен барған жоқ. Елде ер азаматтың қатары сиреп, бар ауыртпалық аналардың иығына түскендіктен солай етуге мәжбүр болды. Сол нәзік жандының еңбегі – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен ерлік пен тағылым.
Алайда сол кезеңнің қиындығын бүгінгі өмірдің қалыпты өлшеміне айналдыру дұрыс емес. Кешегі аналардың ауыр тағдыры бүгінгі қыздың міндетіне айналмауы керек. Қазіргі қоғамның мақсаты – өткеннің ауыртпалығын қайталаудан аулақ болып, одан сабақ алып, келер ұрпаққа қолайлы жағдай жасау.
Бүгінде әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, «Қыз екенімді әкеме қалай түсіндіремін?» деген сарындағы бейнеролик жиі кездеседі. Бір қарағанда әзілге құрылғандай көрінгенімен, оның астарында үлкен мәселе жатыр. Сол видеода қыздардың қабырға бұзып жүргенін, құрылыс алаңында кірпіш тасып, кесек көтеріп, цемент араластырып, ауыр жүк тиеп жүргенін көруге болады. Кейбірі әкесінің немесе отбасының барлық ауыр жұмысын үн-түнсіз атқарып жүреді. Көпшілік мұндай бейнеге күліп қарайды, ал шын мәнінде ол қоғамдағы белгілі бір көзқарастың көрінісі.
Әлеуметтік желідегі әрбір бейнеролик өмірдің толық шындығын көрсетпесе де, оның кеңінен таралуы ойлануға негіз береді. Себебі қыздың күшті, еңбекқор болуы бір басқа да, оның нәзіктігі мен табиғи ерекшелігін ескермеу мүлде басқа мәселе.
Тағы бір алаңдататын жайт – соңғы жылдары көптеген қазақ қызының шетелге қара жұмыс істеуге кетуі. Олар жақсы өмір іздеп, отбасының жағдайын жақсартуды көздеп, түрлі мемлекетке аттанады. Бірі қонақүйде тазалықшы, бірі зауытта жұмысшы, енді бірі қоймада жүк сұрыптаушы болып еңбек етеді. Арасында күні бойы ауыр жүк көтеретін, ұзақ уақыт аяқтан тік тұратын жұмысты атқаратындары да аз емес.
Әрине, адал еңбек етудің еш айыбы жоқ. Қандай жұмыс болса да, маңдай термен табылған табыс құрметке лайық. Бірақ қоғамды ойландыратын мәселе – қыздарымыздың өз елінде лайықты мүмкіндік таппай, денсаулығына ауыр салмақ түсіретін жұмыстарға амалсыз баруы. Бұл жеке отбасының назарында болып қана қоймай, тұтас қоғамның назарында болуы тиіс мәселе.
Қыз баласы ұлттың болашағын жалғастыратын тұлға болғандықтан ерекше қамқорлыққа лайық. Ертең ана болатын адамның денсаулығы – келешек ұрпақтың денсаулығы. Сондықтан қыздың бойындағы мейірімділік, нәзіктік, сабыр мен сұлулықты сақтай отырып, оны еңбекқорлыққа тәрбиелеу – ең дұрыс жол.
Отбасында міндет бөлісу әділ болғаны жөн. Ұл бала да үй шаруасына араласуы керек, қыз бала да еңбекке үйренуі қажет. Бірақ әрқайсысының жасына, күшіне, мүмкіндігіне қарай жүктеме берілгені дұрыс. «Қыз болса да бәрін істейді» немесе «ұл болған соң ғана ауыр жұмысты атқаруы тиіс» деген біржақты түсініктен гөрі, өзара қолдау мен сыйластыққа негізделген отбасы мәдениеті әлдеқайда маңызды.
Қазақ «Қыз өссе – елдің көркі» дейді. Бұл сөз сыртқы сұлулық туралы айтылмаған. Қыздың дені сау, білімі терең, тәрбиесі биік, өмірге сеніммен қарайтын азамат болып қалыптасуы туралы айтылған. Қыздың қадірін оның қанша қап көтергенімен өлшенбейді. Қанша жүрекке жылулық сыйлай алғанымен, қанша ұрпаққа өнеге бола алғанымен өлшеген халықтың ұрпағымыз.
Қызға еңбек етуді үйретейік, бірақ оның иығына шамасынан тыс ауыр жүк артпайық. Қызға жауапкершілік жүктейік, бірақ табиғатына қайшы міндет жүктемейік. Өйткені қызды аялау – ұлттың ертеңін қорғау.










