«Менің жазғы демалысым» – жастарға зор мүмкіндік
Қоғам өмірінде жасөспірімдердің еңбекке ерте араласуы жиі талқыланатын мәселенің біріне айналды. Бірі мұны баланың жауапкершілігін арттыратын жақсы тәрбие десе, енді бірі жасөспірімдердің құқығы бұзылмауы керек екенін алға тартады. Дегенмен мемлекет бұл бағытта нақты заң талаптарын бекітіп, оқушылардың қауіпсіз әрі заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап отырғанын мақалаға арқау етеміз.Оқу жылын аяқтап, соңғы емтиханын тапсырған оқушылар үйде бос жатқысы келмейді. Жаз бойы «сабаққа қажетті оқу құралдарына ақша жинаймын», «ата-анама көмектесемін» деген желеумен қара жұмыс жасайтын жастардың қатары көбейеді. Мұндайда заң не дейді? Мектеп оқушыларына жұмыс жасау қағидаты құқықтық тәртіп бойынша реттелген. Елімізде 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат етілген. Алайда олардың еңбегі арнайы талаптармен реттеледі. Мәселен, 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, яғни күніне 4 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Ал 16-18 жас аралығындағы жастар үшін апталық жұмыс уақыты 36 сағаттан, күніне 6 сағаттан аспауы қажет.
Заң бойынша кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта жұмысқа тартуға, ауыр әрі денсаулыққа зиян келтіретін жұмыстарды істетуге, вахталық қызметке жіберуге және үстеме тапсырма беруге тыйым салынған. Бұл талаптар ең алдымен жасөспірімдердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.
Бүгінде мемлекет жастарды жұмыспен қамту бағытында жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді. Соның бірі – Enbek.kz порталы арқылы іске қосылған «Менің жазғы демалысым» жобасы. Аталған бөлім оқушылардың жазғы уақытта ресми түрде жұмыс табуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 5 мың 300 оқушы осы мүмкіндік арқылы еңбекке араласып үлгерген.
Бұл бастаманың басты ерекшелігі – жасөспірімдердің заңсыз еңбекке емес, ресми әрі қауіпсіз жұмысқа тартылуында. Өйткені кей жағдайда балалар бейресми жұмыс істеп, еңбек құқығы қорғалмай жатады. Ал арнайы портал арқылы жұмысқа орналасқан оқушылардың еңбек уақыты, қауіпсіздігі және құқықтары заң аясында бақыланады. Қазақ халқы қашанда баланы еңбекке баулып өсірген. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз бекер айтылмаған. Алайда қазіргі заманда еңбек тәрбиесі заң талаптарымен қатар жүруі маңызды. Баланың жұмысы оның оқуына, денсаулығына және демалысына зиян келтірмеуі керек.
Жасөспірімдердің еңбекке араласуы – олардың болашаққа деген жауапкершілігін арттырады. Еңбек арқылы олар уақытты бағалауды, қаржының қадірін түсінуді және қоғаммен қарым-қатынас жасауды үйренетіні рас. Сондықтан мемлекет ұсынып отырған мұндай мүмкіндік жастардың тәжірибе жинап, еңбекке бейім азамат болып қалыптасуына оң әсер етпек. Жалпы, жастар тұрақты жұмыс жасай отырып, ерте еңбекке араласудың мәнін тереңнен ұғынатыны рас. Бұл ретте, мемлекеттің ұстанған саясаты дұрыс. Жасөспірімнің бос уақытын тиімді пайдалану – құптарлық мәселе. Қашанда қабілеті жеткен жұмыспен айналысу арқылы жастар – табыс табудың тетігін меңгере алады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











