«Кітап оқы да, кемелден»: ауқымды жоба қайта жалғасады
«Руханият орталығында» өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, рухани-танымдық әлеуетін дамытуға бағытталған «Кітап оқы да, кемелден!» атты дәстүрлі көркем әдебиет оқу байқауының ашылу жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Нұрмат Мансұр, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының орынбасары Айгүл Есенқызы, аудандық орталықтандарылған кітапханалар жүйесінің директоры Рүстембек Бәйділдаев, білім және мәдениет саласының мамандары қатысты.Жиында аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев Мемлекет басшысының жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға қатысты бастамасына тоқталып, кітап – ұлттың рухани дамуы мен зияткерлік әлеуетін арттыратын басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.
– Кітап – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазына, баға жетпес байлық. Кітап – тек білімнің ғана емес, адамзаттың ақыл-ойы мен тәжірибесінің жиынтығы, тарихтың шынайы куәсі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп ерекше атап өтті. Ауданымызда кітап оқуға байланысты жақсы үрдіс қалыптасты. Жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында бұған дейін 3 рет «Кітап оқы да, тұлға бол» байқауы өткізілген болатын. Аталған байқауға аудандағы жомарт жандар демеушілік жасап, оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуге үлес қосты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Кітап – өткенді танытатын кілт, болашаққа бастайтын жол» деп атап көрсеткен. Сондықтан сарқылмас қазына – саналы ұрпақ өсірудің, ел болашағын кемел етудің кепілі саналады, – деді Талғат Мейрамханұлы.
Өз кезегінде жоба авторы Нұрмат Мансұр аталған байқаудың маңыздылығына тереңнен тоқталды.
– Кітап – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір, ұлттың рухани жадын сақтайтын баға жетпес мұра. Қай кезеңде болсын елдің өркендеуі білімді де зерделі азаматтың қалыптасуына байланысты. Ал білімнің бастауы – кітап. Сондықтан жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, олардың оқу мәдениетін қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті деп білемін. Осы мақсатта Сырдария ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқау жылдан-жылға мазмұндық жағынан да, ауқымы жағынан да кеңейіп келеді. Биыл байқаудың аудан көлеміндегі 10 білім ошағында өткізілуі – кітапсүйер жастардың қатары артып келе жатқанын аңғартады. Әсіресе, әрбір ауылдағы жанашыр азаматтардың демеушілік жасап, жас оқырманды қолдауға атсалысуы – ел болашағына деген жанашырлықтың, руханиятқа деген құрметтің айқын көрінісі. Осындай азаматтардың қолдауымен жас жеткіншектердің кітапқа жақындап, көркем әдебиет арқылы дүниетанымын кеңейтуіне мүмкіндік жасалып отыр. Байқау жеңімпаздарды анықтайтын жарыс деп есептелмейді. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың ой-өрісін кеңейтетін, ұлттық құндылықты дәріптейтін тағылымды жоба. Осындай игі бастаманың нәтижесінде кітап оқуды өмір салтына айналдырған, ойы сергек, білімі терең, елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын жас буын қалыптасатынына сенемін. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, кітапқа деген құштарлықтары ешқашан бәсеңдемесін, – деді Нұрмат Мансұр.
Байқаудың басты мақсаты – оқушының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, бос уақытын мазмұнды өткізуге бағыт беру және көркем әдебиет арқылы олардың дүниетанымын кеңейту. Биыл байқау ауданның барлық 10 білім беру ұйымында ұйымдастырылып, 5-7 және 8-10 сынып оқушысы арасында өтеді. Әр жас ерекшелігіне сай көркем шығармалардың арнайы тізімі әзірленіп, қатысушыға ұсынылды. Жоба аясында әрбір ауылда жергілікті демеушінің қолдауымен үздік оқырмандар марапатталып, кітап оқуды насихаттау ісі кеңінен жалғасын табады. Осындай игі бастама жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың рухани-танымдық әлеуетін дамытуға зор мүмкіндік береді.
Осы ретте, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының орынбасары Айгүл Есенқызы кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың өзектілігіне тоқталып, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында Қызылорда облысында ауқымды жұмыс атқарылуда. Негізгі бағытта Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өңірдегі барлық кітапханамен бірлесіп, тұрғындардың, әсіресе балалар мен жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталған көптеген жобаны жүзеге асырып келеді. Бүгінде облыс бойынша 209 мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Кітапханалардың тұрақты оқырмандарының саны 260 мыңнан асады, ал кітап қоры 4,5 миллионнан астам дананы құрайды. Бұл – өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Кітап – жай ғана ақпарат көзі емес, ол ұлттың рухани капиталы, мәдениеті мен тарихи жадының алтын арқауы. «Кітап керуені» жобасы да ауыл тұрғындарына рухани құндылықты насихаттауға тың серпін берді. Жоба аясында шалғай елді мекенге кітаптар жеткізіліп, түрлі әдеби-мәдени кездесу ұйымдастырылып, оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Облыстық кітапхана жанынан балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі оқу жобалары, әдеби байқаулар мен танымдық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Атап айтқанда, «Үздік оқырман» байқауы оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың оқу мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етеді. Осындай игі бастама арқылы біз кітап оқуды тек жарыс ретінде қарастырмай, өмірлік құндылыққа айналдыруды мақсат етеміз. Осы тұрғыдан алғанда, Сырдария ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Кітап оқы да, кемелден!» көркем әдебиет оқу байқауының маңызы ерекше. Ауқымды бастама балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың кітаппен тұрақты дос болуына, көркем әдебиет арқылы ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруіне жол ашады. Ең бастысы, мұндай жоба жас ұрпақтың бойында ізденімпаздықты, білімге құштарлықты және рухани жауапкершілікті қалыптастырады. Сондықтан бұл игі бастаманың алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңірдің өзге аудандарына үлгі болатын тағылымды жобаға айналатынына сенім мол. Осындай ізгі іске үлес қосып жүрген ұйымдастырушыларға, демеушілерге және кітапсүйер оқырманға алғысымды білдіремін. Кітап оқитын ұрпақ – елдің ертеңін жарқын ететін ең үлкен күш, – деді А.Есенқызы.
Жиын соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рүстембек Байділдаев, білікті маман Сайра Сейтен байқау жөнінде ойларын ортаға салды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










