«Ерікті қоныс аудару» – кадр тапшылығын жоюдың жолы
Еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен еңбек ресурстарының теңгерімді орналасуына байланысты. Соңғы жылдары Қазақстанда халық санының табиғи өсімі мен көші-қон үдерісі әр өңірде әркелкі қалыптасып, бірқатар аймақта жұмыс күші артып жатса, енді бір өңірде білікті маманның тапшылығы айқын сезілуде. Әсіресе, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және коммуналдық салада кадр жетіспеушілігі өңірлердің дамуына елеулі әсер етуде. Осы мәселені жүйелі шешу мақсатында мемлекет ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын жүзеге асырып келеді.Бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек ресурстары артық өңірден кадр тапшылығы байқалатын аймаққа азаматтарды ерікті түрде көшіру арқылы еңбек нарығындағы теңгерімді қамтамасыз ету. Бұл бастама тек жұмыс күшін тиімді орналастырумен қатар, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруды, халықтың әл-ауқатын жақсартуды және ішкі көші-қонды қолдауды көздейді.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау іс-шарасы жыл сайын жетілдіріліп келеді. Биыл қоныс аударушыларға берілетін тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Ауқымды жоба – жаңа өңірге көшкен азаматтардың баспаналы болып, тұрақты өмір сүруіне мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік қолдау.
Мемлекеттік қолдау тұрғын үй сертификатымен ғана шектелмейді. Бағдарламаға қатысушыларға көшу шығыны субсидияланып, тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтің бір бөлігі өтеледі. Бұдан бөлек, азаматтарға жұмысқа орналасуға жан-жақты көмек көрсетіліп, жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ жұмыс орнын таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өз кезегінде қоныс аудару тәуекелдерін азайтып, азаматтардың жаңа ортаға тез бейімделуіне жағдай жасайды.
Бағдарламаның тағы бір маңызды ерекшелігі – оған қатысушылар санатының кеңеюі. Егер бұрын бұл мүмкіндік негізінен жұмыссыз азаматтарға ұсынылса, енді еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да мемлекеттік қолдау іс-шарасын пайдалана алады. Мұндай өзгеріс еңбек ресурстарының сапасын арттырып, ауылдық жерге кәсіпкерліктің дамуына, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жұмыс істеуіне оң ықпал етеді.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігін едәуір арттырды. Бүгінде азаматтар өтінімді онлайн беріп, қоныс аударуға болатын өңірлердің картасымен, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысып, өзіне қолайлы жұмыс орнын алдын ала таңдай алады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаның тиімділігі нақты көрсеткіштерден де байқалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2017 жылдан бері ерікті қоныс аудару бағдарламасына 73,9 мың адам қатысқан. Соның ішінде, мемлекеттік жұмыспен қамту іс-шарасының нәтижесінде, 31 мыңнан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш бағдарламаның еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты теңестірудегі маңызды құралға айналғанын көрсетеді.
Кадр тапшылығының алдын алу – кез келген мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының басты бағытының бірі. Білікті маман жетіспейтін өңірлерге қажетті кадрларды тарту өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне, әлеуметтік нысанның үздіксіз қызмет көрсетуіне және ауылдық елді мекендердің дамуына серпін береді. Әсіресе дәрігерлердің, мұғалімдердің, инженерлердің, агрономдардың және техникалық мамандардың тапшылығын азайту халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
Ерікті қоныс аудару бағдарламасы – әлеуметтік қолдау мен экономикалық тиімділікті ұштастырған кешенді жоба. Бір жағынан, азаматтардың жаңа ортада тұрақты өмір сүруіне жағдай жасалса, екінші жағынан еңбек күші жетіспейтін өңірлердің дамуына тың серпін беріледі. Баспанамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, көшу шығындарын өтеу және цифрлық қызметтердің қолжетімділігі бағдарламаның тиімділігін арттырып отыр.
Қазіргі таңда өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының теңгерімін сақтау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, ерікті қоныс аудару бағдарламасы кадр тапшылығын азайтуға, азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеруге және өңірлердің әлеуетін нығайтуға бағытталған тиімді мемлекеттік бастама ретінде өз нәтижесін беріп келеді. Алдағы уақытта бұл бағдарламаның мүмкіндігін кеңейтіп, оған қатысушы санын арттыру өңірлік дамудың жаңа кезеңіне жол ашатыны сөзсіз.
Б.ОРДАБЕКОВ











