Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 газет

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Бағдарлама игілігі: он бір сырдариялық баспаналы болды

Бағдарлама игілігі: он бір сырдариялық баспаналы болды

Жоғары оқу орнында білім алып жүрген әрбір жастың көкейінде өзі таңдаған мамандық иесі атанып, тұрақты жұмысқа орналасу арманы тұрады. Бүгінде ауылдық жерде қызмет ететін сала мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету мемлекет бастамасымен жүйелі түрде жүзеге асуда. Осыдан 16 жыл бұрын жас мамандарды қолдауға бағытталған бастама аясында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске қосылды. Республика көлемінде осы уақыт аралығында көптеген жас отбасы қоныс тойын тойлап, өз баспанасына қол жеткізді. Оның ішінде ауылға еңбек етуге келген сырдариялық жастар да аз емес.

Аудан көлемінде «Дипломмен ауылға» бағ­дар­ламасы аясында жұмыстарды аудандық экономика және қаржы бөлімі ұйымдастырады. Негізінен, бағдарламаның мақсаты – ауылдағы кадр тапшылығын азайту, жастарды жұмыспен қамту және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Аталған бағдарламаға жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын бітірген жас мамандар қатыса алады. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіп кешені, ветеринария салаларының мамандары қамтылады.

Бағдарлама аясында жас мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы беріліп, тұрғын үй алу немесе салу үшін жеңілдетілген несие ұсынылады. Бұл өз кезегінде баспаналы болуға мүмкіндік алып, әлеуметтік жағдайына алаңдамай, еңбек етуіне жол ашады.
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шең­берінде жастарға жұмысқа орналасуға және әлеуметтік бейімделуге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл бастама жастарды еңбекке ынталандырып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Білікті кадр­лар арқылы ауыл инфрақұрылымы нығайып, түлектерге өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Бағдарлама – жастар үшін үлкен мүмкіндік, ал ауыл үшін – білікті маманмен толығудың тиімді жолы. 2025 жылы Сырдария ауданында бір реттік көтерме жәрдемақыны 100 маман алса, тұрғын үй алу немесе салу үшін жеңілдетілген несиеге 11 маман қол жеткізді, – дейді аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов.

Нарықтық заманда мемлекеттік бағдар­ламалардың жастар үшін қолжетімді болуы – маңызды фактор. Кез келген маман өз саласы бойынша жұмысқа орналасып, сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін «Дипломмен ауылға» бағ­дарламасына қатысу үшін өтініш бере алады. Өз кезегінде мекеме басшысы жас маманды кезектілікке қою үшін экономика және қаржы бөліміне ұсыныс хат жолдайды. Барлық құжат толық рәсімделген соң қаражаты автоматты түр­де жас маманның есепшотына аударылады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ


20 желтоқсан 2025 ж. 21 0