Аймағымызда өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді
«Сыр болашағы» құзыреттілік орталығында «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы» бағдарламасы аясында облыстық прокуратураның, «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Enbek hub QYZYLORDA» өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.Шараға облыс әкімінің бірініші орынбасары Д.Е. Жаналинов, және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері және 1 500-ге жуық жұмыс іздеушілер мен жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға ниетті азаматтар қатысты.
Жәрмеңкеде жергілікті 42 жұмыс берушілерден 600-ге жуық және Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген делегация мүшелері білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша 9 984, барлығы 10 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды.
- Павлодар облысынан – 4 112;
- Солтүстік Қазақстан облысынан – 2 135;
- Қостанай облысынан – 900;
- Шығыс Қазақстан облысынан – 827;
- Ұлытау облысынан – 403;
- Абай облысынан – 1607.
Шара барысында облыс әкімінің бірініші орынбасары Д.Е. Жаналинов 2025 жылы халықты жұмыспен қамту саясатына белсенді қатысқан, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын артттыруға өз үлестерін қосқан 5 үздік жұмыс берушілерге облыс әкімдігінің «Алғыс хатын», техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 5 бітіруші түлегіне тұрақты жұмыс орындарына жолдама табыстады.
Сондай-ақ, облыстық прокуратурамен пробация есебіндегі жұмыссыз 6 азаматқа жұмысқа орналасуға жолдамалар берілді.
Жәрмеңкеге қатысушылар өздерінің еңбек нарығындағы мүмкіндіктері мен жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларының тиімді тұстары туралы кеңінен ақпарат алып, жергілікті және Солтүстік өңірлерден келген жұмыс берушілерден ұсынылған бос жұмыс орындарымен танысып, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасты.
«Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы жаңа өңірде жаңа өмір бастауға таптырмас мүмкіндік.
Аталмыш бағдарлама аясында соңғы 6 жылда облысымыздан 710 отбасы (2 903 отбасы мүшелері) Солтүстік өңірлерге қоныс аударып, тұрғын үймен, тұрақты жұмыспен, біржолғы қаржылай көмекпен қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қолдаудың игілігін көруде.
Жұмыс күші артық өңір ретінде Қызылорда облысында «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мамандардың әлеуетін тиімді пайдаланып, оларды жаңа өңірлерде жұмыспен қамтуға жол ашып отыр.
Бүгінгі жәрмеңке барысында 200-ден аса азамат жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен тұрақты жұмысқа жолдамалар алды. 80-ге жуық қала тұрғындары Солтүстік өңірлерден келген жұмыс берушілерден ұсынылған жұмыс орындарымен танысып, қоныс аударуға ниет білдірді.
Сонымен қатар шара барысында мемлекеттен қайтарымсыз гранттар алған, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша өз кәсібін ашып, табысын арттырып отырған кәсіпкерлердің және «Еңбек – Қызылорда» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Жергілікті кәсіпкерлердің дайын өнімдері жәрмеңкесі» ұйымдастырылды.










