Ат баптаған Әділбек
Атбегілік – қазақтың қанына сіңген, ең көне ұлттық өнер. Тақымы ат арқасына тисе әруақтанып, қайраттанып кететін, жылқымен бірге өсіп, біте қайнасқан қазақ сәйгүлікке қатты мән берген, себебі жақсы ат азаматтың жан серігі, мақтанышы, рух күші болған. Халқымызда ертеден келе жатқан «Ат шаппайды, бап шабады», «Жүйріктің арты – атбегі, алды – сын» деген өмір тәжірибесінен туған қанатты сөздер бар.Аттың сыны мен бабын дөп басатын атбегілер мен сыншылар тұлпардың маңдайынан тұяғына дейін қарап, болашақ жүйрікті тай кезінен таныған. Тарихтағы Толыбай сыншы сияқты атты сыртынан қарап-ақ қасиетін танитын тұлғалар әлі бар. Мен осы мақаламда Нағи Ілиясов ауылында тұратын атбегі Әділбек Әлиев жайлы айтпақпын.
Бүгінгі күні жарысқа жылқы баптау мен ат спортын дамытуды қазақтың ұлттық кодының ең жарқын бөлшегі деп білеміз. Тұлпар баптау өнері – үлкен құндылық, оған сабыр мен сезімталдық, намыс пен ынталылық керек десек, мен осы қасиеттерді Әлиевтер әулетінен көрдім. Бұл әулеттің жүйрікке құмарлығы, тұлпар танығыштығы мен білетінде әкелері Сәдуақас (Сәду) ағамыздан басталады. Ол кісі кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан, осы аймақтағы алғашқы мықты ұстаздардың бірі еді. Мектепте шәкірт тәрбиелеумен қатар қолы бос уақытында ат баптаумен айналысқан. Оның сәйгүліктері ауылда ойын-тойдың көркі, жарыстың жүлдегері болған. Осы қасиет әкеден балаға, баладан немереге жұғысып, жақсы дәстүр жалғасып келеді. Балалары Әбілда, Әбутәліп, Ислам, Әділбек, Бақытжан жастайынан жылқы малына жақын болып өсіп, есейгенде ат баптаса, бүгінде немерелері Бауыржан мен Дархан да бәйге аттарын ұстайды. Ал шөберелерінің алды бәйгеге шауып жүр. Әбутәліптің немерелері Рамазан, Мұхтар, Нұрислам, ӘлиИслам, Әділбектің немерелері Әлихан, Заңғар, Мырзахан атқұмар болып өсіп келеді.
Жылқы жануарын жақсы танып, жүйрік баптап, аламан жарысқа шығара білген Әділбекті бұрыннан танитын едім. Тіпті бір рет үйінде қонақта болғаным да бар. Сол кезде бәйге аттарын ұстау, оларды баптау жайлы әңгімелерін қызыға тыңдағанмын. Содан бері арада біршама уақыт өтті. Міне, енді тағы да Әділбекпен жүздесіп отырмын.
– «Мына сәйгүлік «Заңғар торы» деп аталады», – деді ол байланған діңгекті шыр айналып, елеңдеп, қарауылдана сақтанған жылқыға жақын келіп. Осы жерде бір байқағаным жүйрік құйрығын денесіне тигізбей көтеріп, оқшау ұстайды! – Көріп тұрсыз ғой, бәйгеге қосуға даяр жылқының тезегі жылтыр болып, бүтін түседі. Бұл – жылқының іші ескі жем-шөптен толық тазарып, асқазанында жас жоңышқа қорытылып, табиғи тартылғанының белгісі. Бұл жағдайда жылқының ішінде жел жиналмайды, ішегінде тезек тұрып қалмайды.
Әділбек жайлап қана жылқыға жақындай түсті, ат иесіне қарай кеудесін көтере көзі жайнай оқыранды. Жүйріктің дене мүшесі жүзіктің көзінен өткендей жұп-жұмыр екенін де байқап тұрмын. Мен де жақындай түстім, «Заңғар торының» көзінің шарасы мөлдіреп, одан Әділбектің тұлғасы көрініп тұр. Жоқ, суреттеп отырған жоқпын, шыны осы.
Әділбек жайлап қана жалынан бастап жылқының арқасын сипады, бұл қимылдың жануардың жанына жағып тұрғаны байқалады. Арқа жүні жұп-жұмсақ екен, ат иесі алақанының ыңғайына қарай жығылып жатыр.
Бәйге атының жарамдылығының бір белгісін жүні мен терісінен байқауға болады. Саусағыңызға салмақ сала шымшып алсаңыз, сол жердегі терінің қатпары баяу жазылады. Тыртық тез тарап кетпейді. Міне, осындай жүйріктің шапқанда шаршағаны білінбейді. Қан айналымы қалыпқа тез түседі. Аққан тері сұйық, мөлдір келеді, кермек дәмі білінбейді.
Атбегі болу оңай емес, ішкі сезім, тәжірибеден басқа әр жүйрікке өзінше бап керек. Жылқы ішіндегі шын жүйрікті тану бір бөлек те, оның бабын табу мүлде бөлек өнер. Әр аттың жаратылысы, бітімі мен мінезі әртүрлі. Осы жерде атбегілік үлкен сезімталдықты, шыдамдылықты, тіпті... артық айтсам кешірім өтінем, көрегенділікті талап етеді.
Әділбек Сәдуақасұлы аймақта ат спортын дамытуға үлкен үлес қосуда. Қазір «Заңғар торыдан» басқа «Найзағай», «Мереке» атты құнандарын да баптауда. Жылқы малына деген сүйіспеншілігі сондай, оларға өз немерелерінің атын қойған. Сәйгүліктер де иесін жерге қаратқан емес. Аймақтық, республикалық бәйгелерде алдыңғы орынды алып келіп жүр. Жүлде туралы сұрай бастағанымда, ол жаққа аяқ басқысы келмеді. Бапкерліктің ермек емес екені сияқты, дүние үшін жүйрікті өсірмейтінін байқадым. Ол – жанның қалауы, жүректің ісі. Марапаттың да, аттан атақ алудың да керегі жоқ, ондай жағдайда атбегіліктің шынайы табиғаты жоғалар еді. Әділбек жылқыны адамның жан серігі ретінде сезінеді, тіпті сырласады-ау. Қалай дегенде бапкер мен жүйріктің арасында сөзсіз түсіністік бар. Аттың бабын табу ешқандай дүние, малмен өлшенбейді, түн ұйқыңды төрт бөліп, бұл іске бар ынтаңмен берілесің.
Әділбек «Найзағайды» жетектеп алып, суаруға апарды, жануар денесін бос тастап, ырғала аяқ басады. Су ішкенде бірнеше рет басын көтеріп, алысқа көз тастады.
– Күн ауа суарып отырғаным, баптап отырған жылқыны шаңқай түсте суаруға болмайды, – деді Әділбек.
Ал дене бітімі толысқан сақа жылқыны кешкі салқынмен суарады. Сондайда жүректің, іш май тез тартылады.
– Жылқы маңдайын күнге сүйгізеді, – деді сәл үнсіздіктен кейін.
Мен түсіне қоймадым. Соны байқады да: – Жылқы таңертең шығысқа, күн батарда батысқа қарайды, бұл басқа мал мен аңда жоқ қасиет, – деді.
Бапкер арасында жүйріктерін ащылатып та алады екен, яғни аптасына бір рет тұз жалатады. Олай етпесе топырақ жалап, оны қорыта алмай қиналады.
Әділбектің үйінің жанында мамыр айында піскен жоңышқаның гүлді орамын көрдім. Соны сақтап қойып, жылқыға жегізеді екен. Жалпы құрғақ шөп берген дұрыс екенін түсіндім. Бүгінде шабандоздың еңбекқорлығы арқасында аты шығып жүр.
Сәдуақас әкенің әулетінің тірлігіне қарап отырып, атбегілік өнердің жай ғана ермек немесе дағды емес екенін байқадым. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан үлкен құндылық, ұлттық код.
Шаһарбек Нұрсейіт,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі










