Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 7 жасынан атқа шапқан Тұрар

7 жасынан атқа шапқан Тұрар

Қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық. Жылқының дүбірі естілсе болды, бірден елең ете қалады. Осыдан болса керек халқымыз түліктің төресінен ұқсастық іздеп жатады. «Жақсы аттың артынан құнан ереді, жақсы жігіттің артынан ұлан ереді», «Жақсы айғыр үйірін бөріге алдырмас, батыр жігіт ауылын ұрыға алдырмас» деген нақыл осыған дәлел. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны болып саналады.
Қазақтың рухы ат үстінде. Жылқыға қарғып мінетін халық адамды суреттегенде текті жануарға балап жатады. «Жылқы мінезді халықпыз» дейтіні де содан. Осы себепті де қазақтың атқа деген құрметі ерекше.
Жылқыға қатысты қазақта атбегілік өнер бар. Яки жылқының бабын жасап, оны жүйріктер қатарына қосуға халқымыз әуелден машықтанған. Тіпті қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ десек қателеспейміз. Өйткені «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» жазбай танып, оны жаратып, аламан бәйгеге қосу бізде ықылым заманнан келе жатқан өнер. Бұл тұста тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлайтын атбегілердің еңбегі ұшан-теңіз.
Расында, шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктерді кәнігі атбегілер жаратады. Тәжірибелі жаттықтырушылар қамшы салдырмас тұлпарды үйір ішінен жазбай танып, оның бабын жасайды. Міне сондай сәйгүліктерді алыстан танитын атбегілердің бірі – жетікөлдік Тұрар Оржанов. Ауылға жол түскенде ат баптаушымен жолығып қалдық. Сол арада атбегілік өнердің қыр-сырын білмекке кейіпкерімізді сөзге тарттық.
Қай жерде аламан болса, сол жерден табылатын Т.Оржанов 7 жасынан атқа шапқан. Аманкелді ауылында Көктің көлі деген жерде бәйгеге көп қатысыпты. Сондай-ақ Жетікөл, Айдарлы және басқа да елді мекендердегі ат жарыс­та торы атымен үнемі жүлдегер қатарынан көрінген. Айдарлыда Мүзаппартуар деген кісінің баласы екеуі бірінші, екінші орынды кезекпен алып отырған кез де болған.
– 7 жасымнан 13 жасқа дейін атқа шаптым. Әкем дүниеден өткенде ас берілді. Соңғы рет сол аста бәйгеге қатысқаным бар. Содан кейін ат жаратуға машықтандым. Төлеу деген үлкен ағам ат жарататын. Бала кезімізде таңертең жылқыға құман ұстап, тазарып бармасақ ағам қамшымен тартып жіберетін. Сол кезден бастап жылқы баптау­ды үйрендік, – дейді атбегі.
«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» дегенді айтқан Тұрар аға Оржанов тұлпарды таңдап, оның бабын жасаудың қыр-сырын айтып берді.
– Әр атбегінің ат баптау ісі әртүрлі. Бірақ жылқының бабын келтірсең, додада топ жарып шығады. Ол үшін сәйгүліктің бап-күтімі бөлек болуы тиіс. Мәселен кешегі қырық күн шілдеде құнарлы азық беру керек. Кем дегенде 80 келі бидай, жоңышқаны беріп, бағу қажет. Қырық күн шілде біткен соң оны бәйгеге дайындау керек, – деді ат баптаушы.
Шілдеде бойына күш жинаған тұлпармен бірден шабуға болмайды. Алдымен 2-3 күн кездіріп, жеген тамағын бойына таратады. Осы уақытта күніне 2-3 рет денесін жуу қажет. Содан кейін барып әуелі 1-2 шақырымға шоқытып, желдіріп, күн өткен сайын шабысты үдете береді. Бұл аралықта да аттың денесін жуып тұру қажет. Тұлпарды 30-40 күн жаратып, аламан додаға бір апта қалғанда оның терін алу керек болады.
– Бір ай бойы шауып бабына келген жүйріктің терін алады. Ол үшін бір бөлмені дайындап, оның ішіне от жағады. Пештің үстіне екі шелек су қойып, оны қайнатасың. Оның буы бөлменің ішін қыздырады. Сол кезде атқа қалың жабуды жауып, балаға шаптырасың. Алысқа шапқан ат терлеп, сүметіліп тұруы керек. Осы мезетте жылқыны бөлмеге кіргізіп, дорбаға сұлы салып, басына кигізесің. Сол кезде күші бар ат сұлыны гүтірлетіп жей бастайды. Шамалы тұрғанда аттың бақайларынан тер ағады. Үстінен жабуды сыпырып алып, жонылған ағашпен денесіндегі терді қырып шығасың. Мұнан соң шелектегі суды қанжылым етіп томыртқалап, атты жуасың. Жұқалап жабу жауып, сыртқа шығарып, кездіресің. Оны түнімен кездіру керек. Мұны аттың ұйқысын алу дейді. Жоңышқаны қолтыққа қысатындай баулап, түнімен атқа жегізген жөн. Сонда барып додаға түсетін сәйгүлік бабында болады, – дейді кәнігі жаттықтырушы.
Кезінде жылқы баптағанда атсейістер кемік те беріпті. Бұл тұлпар сүйегінің мықты болуына септігін тигізеді екен.
Атбегі кезіндегі қазақы аттар ұзақ шақырымға шабатынын айтады. Ал қазір көпшілік шетелден тұлпарлар әкеліп, бәйгеге қосуда. Олар ұзаққа шыдамайтын көрінеді. Қазақы аттар секілді төзімді, шыдамды емес. Жылы жерде күтіп-баптамаса ат жарыста омақаса құлап, белгіленген шақырымды шауып өтуі екіталай. Ат баптаушы мұндайды қазір көптеген бәйгеде көріп жүргенін жеткізді.
Ал қазақы аттар шапқан сайын көсіле түспек. Дана халқымыздың «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек...» дегені бекер емес. Өйткені жылқының қазанаты бір күн шапқаны таң асырғанмен, екі күн шапқаны бусандырғанмен тең болса, үшінші күні жүйрік жүйткіп, көсіледі екен. Мұндай тұлпар суарып, от алдырмастан тоқтамай, таң ертеңнен күн ұясына қонғанша жүруге шыдас беретін көрінеді. Бірақ көпшілік қазір мұндай арғымақтардан гөрі шетелдің сәйгүліктеріне қызығады. Содан болса керек бүгінде аламан додалардың шақырымы қысқарып қалған.
Ат жаратуды айтқан кейіпкеріміз бізді үйіне ертіп барып, баптаулы жылқысын көрсетті. Жабуын жауып, осы күзгі бәйгелерге дайындап отырғандай. Ат баптаушы бұл тұлпарды көп жылқының ішінен таңдап алғандағы қызығымен де бөлісті.
– Бір күні Тараз жақтың жігіттері қалаға келіп жылқы сатып жүр екен. Жабағы, тай, құнандар бар. Қаумалап тұрған жігіттердің ортасына кіріп барып, осы жабағыны таңдап алдым. Әлі жабағы жүні түспеген екен. Сол арада «біз де алғалы тұрмыз» деп жігіттер шуласты. Мен «осыны таңдадым» деп бөлек шығарып алдым. Жабағы иесіне тапсырып, «ауылға әкеліп бер» дедім. Содан әлгі жігіттер кешкілік ауылға келді. Таңдаған атты қораға түсірдім де, орнына дөнен жылқыны ұстатып «Осыны сатып, ақшасын аласың» дедім. «Ой, аға, олай келіспеп едік қой» дей бергенде, «Жігіттер, мына жылқыны сатып, осы жабағының ақшасын аласың, артығы болса өзіме әкеліп берерсің, болмаса өзің жаратарсың» деп келістірдім. Дөненге айырбастаған жабағының қазір бабы келісіп тұр, – дейді жетікөлдік атбегі.
«Тайында – қақта, құнанында – сақта, дөненінде – бапта, бестісінде – бəйгіге қосып, бағын сына» дейді ат сейістер. Сол айтқандай, жылқы ішінде жүйрігін алыстан танып, оның бабын келістірген Тұрар аға Оржановтай атбегілер елде көп болса, атбегілік өнер өлмейтіні белгілі. Олардың қатары көбейген сайын жылқы мінезді халықтың ешкімге есе жібермесі де белгілі. Тек аламан додадағы бақталастық дұшпандыққа жеткізбесе болғаны. Оның жайы белгілі ғой...

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
14 қыркүйек 2019 ж. 1 255 0