Бәйгеде сыр алдырмас сәйгүлік

Бүгінде «Мойнақ торы» 2 жасқа келген құнан. Оны Наурыз Ғаниев Ресей мемлекетінен арнайы бәйгеге қосу үшін әкелген. Жалынына жармасқан бойда шаба жөнелетін құнанның бойында ағылшын және араб жылқысының қаны бар. Алғаш Сыр өңіріне аяғы тиген сәттен табиғатты жатырқамаған. Заматында жерсініп, нағыз бәйгеге қосатын аттың қатарынан табылған. Негізінен, жылқы баптаудың да көңіл бөлетін ерекшелігі жетерлік. Ең алдымен жылқының етіне мән берген дұрыс. Семірген жылқыны 3-4 күн бойы желі аяңдап жүргізген дұрыс. Қан айналымы жақсы болған аттың жүрісі жеңіл болады. Құлақ түбін терлетіп, қолтығын бусандырып қойылған жылқы өзіндік күйін ешқашан жоғалтпайды. Күтімі жақсы «Мойнақ торы» тай кезінен 10-нан аса бәйгеге қатысып, жүлделі орынға ілікті.
– Қазақтың қанында жылқы баптау өнері бұрыннан бар нәрсе. Ең алдымен, жылқыны ашықтырмау керек. Жылқының асқазаны жемді 4 сағатта қорытады. Сондықтан ұдайы бақылап, аттың бабында тұрғанын тексеру керек. Біз «Мойнақ торыны» бәйгеге қосу үшін 1-2 ай бұрын дайындықты бастаймыз. Үнемі шабандоз Мағжан Кеңесов пен атбегі Алмат Тұрманбаевпен ақылдасып отырамын. Жылқы үстіне мінетін баланы да, бәйгеге сай икемдейміз. Бабындағы жылқы ауыздығын тістеп, «тізгінді жібер» деп тіленіп тұрады. Жақында Қуаңдария ауылындағы ат жарыста мәрені екінші кесті. Биыл тағы «Мираж» деп аталатын жылқыны сатып әкелдім. Ол ауылдағы бәйгеден І орын жеңіп алды. Ендігі жерде «Мойнақ торы» мен «Мираждың» жарқын жеңістеріне куә боламыз., – дейді Наурыз.
Бірде жазушы Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабын оқып отырып, жылқының аламандағы шабысын бағдарлап отыратын дала қазақтарының көрегенділігіне тәнті болғанбыз. Жалпы «Дайағашшы» деп бәйгеге қосылып, мәреге бірінші келген аттарды тосып алатын адамды атайтын болған. Міне, Наурыз Ғаниевтің «Мойнақ торысы» әлі талай мәреге бірінші жетіп, дайағашшының қолында тыпыршып, ойнақшып тұратыны сөзсіз.
«Жүйрік атқа жел – қамшы» демекші, аттының несібесі алтау екені даусыз. Қара жердің шаң-топырағын шығарып, жүйрік сәйгүлікті шағылмаған бала шапқаны дұрыс. «Мойнақ торы» қазақ жылқыларымен бірге үзеңгі қағыстырып, иесінің үмітін ақтайтыны мәлім. Алдағы уақытта тектілігін бойына жиған тұлпар республика көлемінде топ жарып жатса, таңғалмаймыз.
– Қос жылқымның болашағынан зор үміт күтемін. Әсіресе, құнан бәйгеге енді қосылған «Мойнақ торы» қазіргі уақытта бабында. Қашанда жеңіс үшін талпынып, жылқының күйін жоғалтпауға тырысамыз. Ат баптау кезінде ескеретін ереже көп. Біз әр жарыс сайын ізденіп, тәжірибе арқылы үйреніп келеміз, – дейді «Мойнақ торының» иесі.
Б.Ордабеков