Құс қанатты өмір зулап барады
Қалам құдіретін сезінген сырдариялық ардагер-журналист Кенжалы Райымбекұлы Ерімбетовтің есімі көпшілік оқырман қауымға етене таныс. Жетікөлдің топырағынан түлеп ұшып, «аузымен құс тістеген» азулы қаламгерге айналған ел ағасы биыл 70 жасқа толып отыр. Қашанда қаламын тастамай, жанына серік еткен жерлесіміздің ақындығы өз алдына бір төбе. Өз кезегінде ойлы оқырман назарына қаламгердің мерейтойы аясында бір топ өлеңін ұсынамыз.Редакциядан
Мақпалкөлмен сырласу
Мақпалкөлдің толқынымен тілдескем,
Өзің болдың ойымдағы жыр кестем.
Айдыныңнан үйрек ұшып, қаз қонбай,
Сенің жаның осы күні мұң кешкен.
Мақпалкөлім айдыныңмен сырласқам,
Табиғатың сұлу еді жыр дастан.
Қара қайық ғайып болды жағаңнан,
Соны іздеп тұнжырайды мұңлы аспан.
Мақпалкөлім бал құрағың жоқ бүгін,
Айдыныңда өтіп еді көп күнім.
Майшабақты қуатын-ек су кешіп,
Басылғандай су тартылып шаттығың.
Мақпалкөлім мөлтілдеген жыр едің,
Белгісіздеу қалай өмір сүрерің?
Суға зәру азып-тозып жүдедің,
Бір өзіңе байлаулы ғой жүрегім,
Содан болар, сені ойлаумен жүремін.
Мақпалкөлім мөлдір еді аспаның,
Сенен алғам өмірімнің бастауын.
Мұқағали Жетімкөлін сағынса,
Жетікөлде қалған еді жас шағым.
Ауылға барғанда...
Жауынды аңсап,
Іздеймін бұлтынды аңсап,
Дауылды аңсап,
Тұратын желіңді ән сап.
Найзағайың жарқ етпей, қайда кеткен?
Бауыңды аңсап,
Мен келдім көңіл шаршап!
Жидеңді аңсап,
Жұпарлы даламды аңсап,
Ауылды аңсап,
Ағайын-бауыр барсақ.
Көлдің де,
Көңілдің де көркі жадау,
Тынысы тіршіліктің кеткен алшақ.
Көктемді аңсап,
Балалық шағымды аңсап.
Жусанды аңсап,
Келгенде ауаңды аңсап.
Қайтеді жуа іздеп құмға барсақ?
Рахат,
Рахат қой,
өткен күнді еске алсақ!
Бұлтыңды аңсап,
Кеп тұрмын жұртымды аңсап.
Ей, табиғат,
Жер-ананы жүдетпе!
Жетікөлдің жағалауын сор басқан,
Көлді ойлап, көрінеді мұңлы аспан.
Бір амалын таба алады мұның кім?,
Мазалайды осы сұрақ тынбастан.
Жетікөлдің желпіп өтсе самалы,
Аяулы анам сипағандай болады.
Ақ айдынның жәудіреген жанары,
Соны ойлап көңілдің көп алаңы.
Жетікөлдің жайы уайым мендегі,
Басу айтып, жұбатады жел мені.
Ақ айдынын қоға басқан бүгінде,
Не болар деп мұң кешемін ертеңі.
Құстар да жоқ, баяғыдай шулаған,
Балық та жоқ, көл бетінде тулаған.
Аққу-қазың кетті оралмай бүгінде,
Осы кейпің жанға батып тұр маған.
Қанжар сұғып алғандай-ау жүрекке,
Қиялға әкеп жаман ойды түнетпе.
Аштықты да, қуғынды да өткердік,
Ей, табиғат, Жер-Ананы жүдетпе.
Көк бөрі
Шәуілдейді қанден күшік ұмтылып,
Балақтан ап, тістемекші ынтығып.
Егесіне арқа сүйеп алқынған,
Қояр емес, танытқандай мықтылық.
Әр жағынан екі төбет қосылды,
Онан-мұнан жиналды кіл қосынды.
Көк бөріні көрмекші олар қаумалап,
Сәл азуды батырған ед, шошынды.
Қаң қақсады ұлар салып айнала,
Жаны шығып кетердей-ақ, ой-тоба.
Шәуілдесіп жатқан иттер шегінді,
Шын бөрінің қандайлығын байқады-ә!
Тиер-тимес қанден қалды зар қағып,
Ал, төбеттер үрген болды жан бағып.
Сүйенгені күшті болған иттер-ай,
Ит болған соң не істейді арланып.
Тұрсыңдар-ау, айтақтаса малданып,
Неғылайын, істеріңе шамданып.
Амал жоқ қой, қарындарың қамы үшін,
Әупілдейсің қарап қалмай қамданып.
Әй, иттер-ай, иттіктерің осында,
Әлің жетпес, сен бөріні басынба!
Бір күн сен де керек болмай қаласың,
Үре бергін, шаужайдан ап, тосылма.
Ала алмайсың көк бөріні бірақ та,
Ортаға алып жабылсаң да бір апта.
Сағы оның сына қоймас әсте де,
Сыр бермеген, талай дүзгі сынақта.
Сен сияқты дайын асқа еге емес,
Көк бөрінің көретіні күнде егес.
Әй, иттер-ай, тайып бәрің кетесің,
Басталса егер сол арада төбелес.
Қас қылмаған серігіне көк бөрі,
Көк бөріге жабыла иттер кеткені.
Сәл азуын ақситқанда қыңсылап,
Иттер байғұс, шулап бәрі шеттеді.
Иесі кеп айтақтады, иттерді,
Көрмеген боп, жеңілгенін өйткені.
Көк бөрінің азуынан тайсақтап,
Жандарының амандығын күйттеді.
Жабылғанмен жыға алмады арланды,
Ақырында көк бөріден қорғанды.
Қашты иттер қоқан, қалмақ секілді,
Жалғыз қалған күшті егесі шамданды.
Не істесін, бармақ тістеп өкінді,
Тарих ертең тілгілер-ау бетіңді.
Шаш ал десе, бас алатын жандайшап,
Бар ғой адам, төбеттердей не түрлі.
Құс қанатты
өмір зулап барады
Құс қанатты өмір зулап барады,
Көбейгендей көңілімінің алаңы.
Болмағаны асқар таудай әкенің,
Тез есейтіп жібергендей сананы.
Алыс қапты жағалауы жастықтың,
Дөнен көңіл сонша қайда аптықтың?
Ай-жұлдыздар жоғарыдан жымимас,
Енді олар сыйлай қоймас шаттық күн.
Бала кезім Жетікөлде қалғандай,
Ұл-қызының бәрі әдемі ақмаңдай.
Ақ айдынын шарлағанда қайықпен,
Кеткен емес, көрген адам таңғалмай.
Өмірімде орның бөлек ауылым,
Ондағының бәрі туыс, бауырым.
Көз алдымда қарттарымның бейнесі,
Барлығын да жарылқай гөр, Тәңірім!
Басқанымда алға аттап оң қадам,
Туған жердің қасиеті қолдаған.
Сен болмасаң о, киелі мекенім,
Көрінер ед, кең дүние тар маған.
Мекке де өзің, топырағың киелі,
Сенде жатыр батыр бабам сүйегі.
Аңсап барсам ақ самалың аймалап,
Анамдай боп, жібек желі сүйеді.
Әйел – сезім, әйел – көктем,
төккен нұр
Әйел – ана, әйел – бақыт, тыңдаңыз,
Жырласаңыз әйелдерді жырлаңыз.
Ол өмір ғой, үзілгенді жалғаған,
Әрқашанда еркектерге арман-ән,
Сұлулықтың символы олар-үр нағыз!
Әйел – шаттық, әйел – гүлі өмірдің,
Еркектерге берген сыйы Тәңірдің.
Мына әлем әйелдермен әдемі,
Әдемілік – тіршіліктің әдебі,
Аңсары ауар сұлулыққа көңілдің.
Әйел – сезім, әйел – көктем шуақты,
Сол шуақтан біз алғанбыз қуатты.
Жарқын өмір сыйлаған ол ұрпаққа,
Аналарға артық сөйлеп тіл қатпа,
Ана есімі жүректерде гүл атты.
Кеуделерге алау жаққан сан арман,
Олар барда ой-қиялдар жаңарған.
Әрбір үйдің жаққан отын, шырағын,
Азаматтың жанын терең ұғатын,
Әйел деген нәзіктіктен жаралған!
Әйел – сезім, жан жылытар көктем бұл,
Әй-әйлар-ай, барлық ақын еткен жыр.
Еркектердің жүрегіне еккен гүл,
Олар жайлы тек еркектер шерткен сыр,
Әйел деген періште ғой, төккен нұр.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
ақын
ақын









