Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ жүрек еді ғой Әбекең...

Ақ жүрек еді ғой Әбекең...

Бұрынғы аудандық Пионерлер үйі, яғни қазіргі Оқушылар үйі, Кеңес үкіметі кезінде бекерден-бекер ашылған жоқ. Бұл құрылым мектептен тыс қосымша білім беру орталығы болды. Осы мақаланы жазу барысында әңгімелескен замандастарымның көпшілігі – осы ұйымның тәрбиесін алған жандар болып шықты. Аталған мекеме мамандары балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың шығармашылық, интеллектуалдық және спорттық қабілеттерін дамытуға бар күш-жігерін жұмсады. Онда сурет, қолөнер, жас техник, көркемсөз, драма сияқты түрлі үйірмелер жұмыс істеді. Талантты жас буынды тәрбиелеп, шыңдады. Оқушылардың бойына патриоттық рухты, ұлттық құндылықтарды және эстетикалық талғамды сіңірді.

Біздің бала кезімізде Оқушылар үйі Д.Қонаев көше­сінің бойында, қазіргі Иса Тоқтыбаев атындағы мектептің жанындағы, бүгінде тұрғын үйге айналған ұзын ғимаратта орналасқан еді. Осы мекемені ұзақ жыл­дар бойы ауданымызға белгілі ұстаз Әбутәліп Есенов басқарды.

Өз уақытында Оқушылар үйінің қызметкерлері жаздың үш айында толық ауысым бойы лагерьдің штабында жұмыс істейтін. Штаб бастығы Әбекең жанына ауданның өнерлі де спортшы ұстаздарын жинап, оқушылардың демалысын қызықты өткізуге барын салатын. Дарияның жағасында орналасқан «Жалын» пионер лагерінде алғашқы кезде бір ғана ғимарат болды. Ол – балалардың асханасы еді. Лагерьдің тамағы ауыл баласына нағыз жеңсік ас болатын.

«Лагерь» деген аты айтып тұрғандай, кешкісін балалар ықшам бөтелкедегі «Комариный мазьды» денемізге аямай жағып, жерге төселген матрасқа жата кететінбіз. Кейін қоржынға ұқсайтын барақтар салынды. Ол кезде балалар күндіз-түні масахана пайдаланатын.

Тегеуріні мықты басшымен бірге лагерьдің штабын әр жылдары Барзу Ахметов, Пірназар Көзейбаев, Болат Тұрғанбаев, Сансызбай Сәдуақасов, Тимур Айсин басқарды. Ал Рахымжан Кенжеғұлов, Сардарбек Уайсов, Данабек Бөлегенов, Алмат Оспанов, Әлібек Аюпов педагог-тәрбиеші қызметін атқарды. Мейрамкүл Серікбаева аға пионер жетекшісі болды.

Әлі есімде, 1980 жылдың аяғына таман ауданның бірінші хатшысы Жолдасбек Ердешбаевтың бастамасымен шаруашылықтардың күшімен асарлатып лагерьде он жаңа ғимарат салынды. Сол жылы жерлесіміз, осы лагерьдің тәрбиесін көрген Болат Көшербаевтың мұрындық болуымен «Торғай Петролеум» мекемесі жаңа асхана мен дербес ауызсу құбырын салып берді.

Нарық келіп, барлық дүние жекешелене баста­ғанда лагерьге де қауіп төнгені рас. Сол кездегі аудан әкімі Алмагүл Божанова лагерьдің барлық мүлкін ғимараттарымен қоса уақытша АТП директоры Әнуар Серікбаевтың қарауына өткізіп, кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Ұлмекен Жаналиеваның теңгері­міне қайтарады. Осы жұмыстың басы-қасында ұстаздық қызметінен қол үзбей, «отымен кіріп, күлі­мен шыққан» Әбутәліп Бәйкенұлы болғанын біреу білсе, біреу білмес.

– Қызметті 1960 жылы сол кездегі Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің «Халық театры режиссері» бөлімін бітіргеннен кейін облыстық радио комитетінде диктор болып бастады. Кейін Қызылордаға қызмет ауыстырып, қазақ радиосының корифейі атанған Ахат Жанаевпен бірге дикторлық қызмет атқарды. Облыстық драма театрында актерлік қызметті қатар алып жүріп, педагогикалық институттың филология факультетін бітіріп, жоғары білім алды.

Қаладағы өнер ордасында серілік құрып жүрген Әбекеңнің ауылдағы ата-анасы, әсіресе Палау әжесі, оның әртіс болуына түбегейлі қарсы болыпты. Ол кезде қазіргідей емес, актерден гөрі мұғалімнің беделі жоғары болған заман болса керек. Әбутәліп ағамыз отыз жылдан астам уақыт білім саласында қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Педагогтік қызметпен қатар ауданның мәдени-қоғамдық өмірінің бел ортасында жүрді. Аудандағы барлық мәдени іс-шараны өзінің ерекше қоңыр дауысымен жоғары деңгейде жүргізетін. Сондай-ақ облыс бойынша құрылған «Сыр сұлуы» ансамблінің мүшесі болды, – деп еске алады мәдениет саласының ардагері Сансызбай Сәдуақасов.

Әбутәліп Бәйкенұлы өнегелі отбасының тірегі, ақылшысы болды. Зайыбы Бақыт апаймен бірге егіз қозыдай болған Расул мен Серікболды тәрбиелеп өсірді.

– Біздің қатарымыз жылына бір-ақ рет лагерьге баратын. Ал біз балалық шағымызды түгелдей сол лагерьде өткіздік. Одан жаман болған жоқпыз, – деп еске алады кенже ұлы Серікбол.

Бақыт апай әуелде аудандық газеттің баспаханасында, кейін шаштаразда шебер болып еңбек етті. Бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

Нарық заманы келгенде отбасы кәсіпкерлікке бет бұрды. Ауданға белгілі үлкен ұлы Расул кәсібін дөңгелетіп, қатарластарының алдына шықты. Әкесі секілді қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрді. Ел сыйлаған, өңірге белгілі азамат, қолы ашық меценат болды. Бір өкініштісі, оның ғұмыры қысқа болды. Алланың ісіне не шара?! Отбасылық кәсібін бүгінде ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді.

Жақында елімізге белгілі зерттеуші, жазушы, қоғам қайраткері, жерлесіміз, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Тынышбек Дайрабаев Алматыдан хабарласып, ауылдың жаңалығын, көзкөрген замандастары туралы сұрады. Сонда бірге қызметтес болған, отбасымен араласқан Әбутәліп ағаның жағ­дайын білді. Мен келесі айдың басында ұрпақтары мен жары Бақыт апайдың жылдық асын бергелі жатқанын айттым.

Артынша ол кісі «Ақ жүрек еді ғой Әбекең...» деген тақырыппен екі бет естелік хатын WhatsApp арқылы жолдапты. Тереңөзектен көшкеніне отыз екі жыл өтсе де, Әбекеңдей ауылына еңбегі сіңген қарапайым, адал азаматты ұмытпай, еске алып жүр­ген ардақты тұлғаның сол қоңырауы осы мақаланы жазуыма себеп болды.

Адамның артында қалатын ең үлкен мұрасы – салған сарайы да, жиған дүниесі де емес, ел есінде сақталған жақсы аты мен жасаған жақсылығы. Әбутәліп Бәйкенұлы дәл сондай, көптің алғысына бөленген, ұрпаққа өнеге болған азаматтардың бірі еді.
Алла Тағала ардақты азаматтың шаңырағына бақ-дәулет, бірлік пен амандық берсін!

Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
30 маусым 2026 ж. 31 0