Жарқын белестер ордасы
Аудандық басылымның ұжымы қашанда шығармашылықпен айналып келе жатқан жастарға бағыт-бағдар беруден жалықпайды. Тұрақты түрде оқушы шығармашылығы есті оқырманға кеңінен дәріптеліп, болашақ тілшілердің қабілеті шыңдалуда. Өз кезегінде зерек те алғыр оқушы Зере Дастанова үнемі редакция ұжымымен байланысын үзбейді. Өз кезегінде «Редакцияның хат қоржынынан» айдары бойынша оның өзі оқыған білім ошағы жөнінде мақаласын оқырман назарына ұсынбақпыз.Редакциядан
Әр адамның жүрегінде мәңгілік сақталатын, сағынышпен еске алатын ерекше ортасы болады. Мен үшін сондай қасиетті де қымбат орын – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі. Бұл мектеп маған тек сапалы білім беріп қана қойған жоқ, өмірдің мәнін ұғынуға, арманымды айқындауға, өз жолымды табуға бағыт-бағдар берген алтын ұя болды.
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап мені білім әлеміне жетелеген алғашқы ұстазым – Ақмаржан Асылбекқызы. Оның мейірімі, қамқорлығы, әр шәкіртіне деген ерекше ықыласы мен ұстаздық шеберлігі менің жүрегімде мәңгі сақталады. Ол бізге әріп танытып қана қоймай, адамгершілік пен еңбекқорлықтың, ізеттілік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Бойымдағы көптеген жақсы қасиеттің қалыптасуына, өнерге деген қызығушылығымның оянуына да Ақмаржан Асылбекқызының қосқан үлесі ерекше.
Жоғары сыныпта маған бағыт-бағдар беріп, әр жетістігіме қуанып, қиын сәттерде қолдау білдірген сынып жетекшілерім Гүлфара Ерғалиева мен Меруерт Қындыбаева ұстаздарыма да ерекше ризашылығымды білдіремін. Олардың ақыл-кеңесі, сенімі мен қамқорлығы бізді әрдайым алға ұмтылуға, биік мақсат қоюға жігерлендіріп отырды. Ұстаздың сенімі – шәкіртке берілетін ең үлкен күш екенін осы жылдар ішінде терең сезіндім.
Мектебіміздің директоры Айнұр Тоқшылыққызының басшылығымен білім ордамыз жыл сайын жаңа жетістікке жетіп, білім мен тәрбиені қатар ұштастырған үлгілі оқу орнына айналды. Осындай білім мен өнерге қолдау көрсететін ортада білім алу – мен үшін үлкен мақтаныш.
Осы мектеп қабырғасында мен өнер жолындағы алғашқы қадамымды жасадым. Өнерге деген сүйіспеншілігімді дамытып, сахнада өзімді еркін ұстауға, талантымды шыңдауға Ақмаржан Асылбекқызы мен Майра Нажматқызы ерекше ықпал етті. Олардың сенімі мен қолдауы маған қанат бітіріп, көптеген байқауда бақ сынап, түрлі жетістікке жетуге жігер берді. Әрбір жеңісімнің артында ұстаздарымның маңдай тері мен шынайы еңбегі жатыр.
Дегенмен, өмірдегі ең үлкен ұстазым – менің аяулы әжем. Ол кісі әрдайым жанымнан табылып, өнерге деген қызығушылығымды қолдап, әр байқауға тыңғылықты дайындап, ақылын айтып, жігерлендіріп отырды. Үлкен өмірдің мәнін, адамгершіліктің қадірін, еңбектің қасиетін де әжемнен үйрендім. Бүгінгі жеткен әрбір жетістігімнің негізінде оның тәрбиесі, ақ батасы мен шексіз мейірімі жатыр.
Мектеп – тек білім алатын орын емес, ол – достықтың, сыйластықтың, өмірлік естеліктердің мекені. Сыныптастарыммен бірге өткізген қызықты сәт, шаттыққа толы күн, бірге дайындалған мереке мен байқау, қуаныш пен толқу араласқан сәттің барлығы жүрегімде мәңгі сақталады. Біз бір-бірімізге демеу болып, талай белесті бірге бағындырдық. Сондықтан аяулы сыныптастарыма алдағы өмір жолында зор денсаулық, мол бақыт, толайым табыс және барлық арманның орындалуын тілеймін.
Бүгін мен мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағып барамын. Қайда жүрсем де, өзіме білім мен тәрбие берген қасиетті қара шаңырағымды мақтан тұтамын. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі – менің алтын ұям, менің өмірге жолдама берген білім ордам. Осында алған тәлімім мен тәрбием, ұстаздарымның ақылы мен сенімі болашақта да маған жол көрсетіп, өмірлік бағдаршамым болып қала беретініне кәміл сенемін.
Қасиетті мектебіме, ардақты ұстаздарыма және бірге білім алған барша сыныптастарыма шексіз алғысымды білдіремін. Мектебімнің абыройы асқақтап, алар асуы әрдайым биік болсын!
Зере ДАСТАНОВА,
жас түлек










