Білім – қазына қоймасы
Бұрынғы заманнан бері халқымыз білім берген жандарды төрге шығарып, мерейлерін өсірген деседі. Жолай алдынан ұстазы шығып қалса, иіліп сәлемдесуді ұмытпай ізет білдірген. Ол кісілерге әрдайым жол беріп, сөз сөйлеген шағында еш бөлмей бүкіл жұрт тыңдаған. Осындай ұлы есімді жандардың ерен еңбегі мен маңдай терлерінің адал екендігін сөзсіз ұғынуға міндеттіміз. Баланың сауатты болып, жақсы жерде жұмыс жасап жатқанының бірден бір үлесі ұстазының сапалы білім беруінің арқасында деп тұжырымдаған абзал. Себебі, мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушы үшін ең алғашқы ұстазының рөлі маңызды. Бастауыш сыныпта баланың деңгейі жоғары болса, мектепті озат бітіруіне де ұстаздар себепші. Сол үшін аяулы ұстаздарға қанша құрмет көрсетсек те аз.
«Мен қай заманда болса да, сәби шағымыздың тәрбиешісі мұғалім алдында бас иемін», – деп Ә.Тәжібаев атамыздың сөзінен-ақ аяулы жандарға деген құрметтің қандай болғандығын аңғарамыз. Қазіргі таңда да ұстаз бен шәкірттің арасындағы бірлестіктің мықты жүйеге қалыптасуы қуантарлық жайт. Заманның дамуына байланысты түрлі шараларға оқушыларды бейімдеген мұғалім әрқашан бала көңіліне ыстық болып көрінеді. Жеткен жетістігі үшін өзі де бірге қуана алса одан әрмен ынталы болуға тырысады. Бұл да «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөздің растығы.
Ахмет Игунеки «білімсіз мың кісіден білімді бір кісі артық» деп жазып кеткен екен. Расымен де білімі жоқ адам еш нәрседен хабары жоқ болып, өмірі құр босқа өтеді. Ал, білімді жан бір ғана оқумен шектеліп ғана қоймай өз ойы мен санасын жетілдірумен айналысады. Сол үшін білімсізден құр сөзді естігенше, білімдіден білмеген үйренген он есе артық.
Қорыта келгенде, ұстаздардың еңбегі мен рөлі адамзат тарихында ұшан-теңіз. Олар білім мен тәрбие арқылы шәкірттерін болашаққа бағыттап, үлкен жетістіктерге жетуге көмектеседі. Мұғалімнің ардақты қызметі ешқашан ұмытылмайды, себебі ол болашақ ұрпақтың тағдырын қалыптастырып, қоғамның дамуына зор үлес қосады. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөздің терең мәнін түсінген әрбір шәкірт өз ұстазына құрмет көрсетіп, оның берген білімін өмірде қолдануға ұмтылады. Сол себепті ұстаздарға деген құрмет ешқашан төмендемей, үнемі өсе бермек. Білім мен тәрбие беру ісі адам баласының жоғарғы құндылықтарының бірі болып, мұғалімнің адал еңбегі мен тер төгіп жасаған жұмысы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қоғамда мәңгілікке орныққан.
Қарақат ЫДЫРЫС
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ