Конституция
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана тілінің мәртебесі төмендемесін десек...

Ана тілінің мәртебесі төмендемесін десек...

Осы жылдың 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енетіні мәлім. Жаңа Ата заңдағы 9-бапта: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді», – делінген. Расында, ұлттың ана тілінің мәртебесі заң жүзінде қорғалып, құқықтық дәрежесі айқындала түскендей. Әлемде шамамен 7 100-ден астам тіл бар десек, оның 3 000-ға жуығына жойылып кету қаупі төніп тұр. Ал қазақ тілі өз өміршеңдігімен, ерекше көркемдігімен дараланады.

Жақында еліміздің 195 ауданын автостоппен аралап жүрген Solo-саяхатшы Мәди Әлмұрат Қызылорда қаласына сапары барысында өзге ұлт өкілімен әңгімелеседі. Сонда жерлесіміз саяхатшымен қазақ тілінде сөйлесіп, жол нұсқайды. Міне, қаймағы бұзылмаған Сыр елінде өзге ұлт өкілдері де ана тілімізді еркін меңгергенін дәлелдей түскен. Осы ретте қазақ тілі ұлт пен ұлысты жақындастыратын маңызды құрал екенін айқын аңғарамыз.

Жалпы, ғалымдардың пікірінше, қазақ тілінің жалпы сөздік қоры 500 мыңнан астам сөзді қамтиды, ал 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі жинақталған. Мәселен, бір ғана Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында 17 мыңнан астам бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбайтын сөз қолданылған. Бұл шығарма қазақ тілінің көркемдік қуаты мен сөздік қорының байлығын әлемге танытқан теңдессіз туынды болып саналады.

Өз кезегінде көрнекті шығыстанушы, түрколог, Берлин университетінің философия факультетінің түлегі Василий Радлов: «Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілдердің бірі», – деген болатын. Одан бөлек, «Қазақтардың тілі мен әдет-ғұрпы сақталған күйінде өте бай халықтық мұра болып табылады», – деп баға берген ғалым, шығыстанушы Василий Бартольд қазақ тілінің мәртебесін арттыра түскен.

«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Бір ауыз сөз. Бірақ бір ұлттың тағдырын арқалап тұрған салмақты ой. Бұл – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының келер ұрпаққа қалдырған аманаты. Арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, осы сөздің мәні бұрынғыдан да тереңдей түскендей. Себебі бүгін біз тілімізге ашық қауіп төндірген жаумен емес, көзге көрінбейтін, бірақ сананы біртіндеп өзгертетін жаңа заманның сынағымен бетпе-бет келдік.

Қазіргі қоғамда технология адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Телефон, планшет, әлеуметтік желі, сан түрлі ойын мен бейнежазба күнделікті тіршілігімізді жеңілдеткенімен, олардың бала тәрбиесіне тигізіп жатқан әсері де аз емес. Әсіресе, тілдік ортаға келтіріп отырған зияны алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр.

Бүгінде кейбір балалардың алғашқы сөзі «ана» немесе «әке» емес, шетелдік мультфильмдерден естіген бөтен тілдегі сөздер болып жатқаны жасырын емес. Себебі сәби қолына телефонды тым ерте ұстайды. Экраннан көргенін санасына тез сіңіреді. Егер ол қазақ тіліндегі ертегі мен әлди емес, өзге тілдегі бейнероликтерді күн сайын көріп өссе, оның сөйлеу тілі де сол бағытқа қарай өзгереді. Бұл – тілдің табиғи даму заңдылығы.

Өкінішке қарай, бүгінде ата-аналардың кейбірі баланың жылағанын басу үшін телефон ұстата салатыны жасырын емес. Бір қарағанда бұл уақытша шешім сияқты көрінеді. Бірақ сол бірнеше минут күн сайын сағаттарға, айларға, кейін жылдарға ұласады. Нәтижесінде бала ата-анамен емес, экранмен тілдесетін ұрпаққа айналады. Оның сөздік қоры жұтаңдайды, ойын анық жеткізуі қиындайды, ана тіліндегі көркем сөздерді сирек қолданады.

Тілдің байлығы тек сөз санымен өлшенбейді. Оның шұрайлылығы – теңеуінде, мақал-мәтелінде, тұрақты тіркесінде, шешендік сөзінде. Қазақ тілінің көркемдігі де осында жатыр. Бір ғана «жүрек» сөзі арқылы халқымыз мейірімділікті де, батырлықты да, адалдықты да, махаббатты да жеткізе білген. «Жүрегі кең», «жүрегі тас», «жүрек жұтқан», «жүрегі елжіреу» деген тіркестердің әрқайсысында тұтас бір өмірлік ұғым бар. Осындай байлықты ешбір технология алмастыра алмайды.

Қазақ халқы табиғаттың әр құбылысын дәл бейнелейтін сөздерді өмірге әкелген. Қардың, желдің, жаңбырдың, малдың жасына қатысты ондаған атаудың болуы – халқымыздың өмір салты мен дүниетанымының кеңдігін көрсетеді. Ана тіліндегі әрбір сөздің артында ғасырлар бойы жинақталған тәжірибе, халықтың танымы мен болмысы жатыр. Сондықтан тілді жоғалту – жай ғана сөзден айырылу емес, бүтін бір рухани әлемнен айырылу.

Міне, сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының сөзі өте терең мағынаға ие. Бұл сөздің мәні – белгілі бір халықтың мемлекеттік шекарасы сақталғанымен, егер оның тілі қолданыстан шықса, уақыт өте келе ұлттық болмысы да жоғалады дегенді білдіреді. Өйткені тіл – халықтың жадын сақтайтын қазына. Батырлар жыры да, бесік жыры да, мақал-мәтелі де, шежіресі де тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Егер келесі буын ана тілінде ойламаса, сөйлемесе, оқымаса, онда ол өткен тарихымен де, ұлттық құндылықтарымен де байланысын біртіндеп үзеді.

Тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы бұл сөзді жай ескерту ретінде айтқан жоқ. Ол қазақ халқының болашағын ойлағандықтан айтты. Ол үшін тіл – ұлттың жаны еді. Адамның жаны болмаса, денесі тіршілік ете алмайтыны сияқты, тілінен айырылған халық та уақыт өте келе өз ерекшелігін жоғалтады. Сондықтан бұл қанатты сөз бүгінгі күні әрбір қазақтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.

Қазақ тілін сақтаудың ең тиімді жолы – оны күнделікті өмірде қолдану. Баламен қазақша сөйлесу, бесік жырын айту, ертегі оқу, қазақша кітаптарды бірге талқылау, ұлттық мультфильмдерді көрсету – мұның бәрі тілдің табиғи дамуына ықпал етеді. Телефонға толық тыйым салу мүмкін емес. Бірақ оның орнын отбасыдағы жылы әңгіме, кітап оқу мәдениеті және ұлттық тәрбиемен толықтыра алсақ, ұтарымыз көп.

Ұлы даланың ұрпағы ретінде бізге аманат болған ең қымбат мұра – ана тіліміз. Оны ешқандай заң ғана емес, әр қазақтың жүрегіндегі құрмет сақтайды. Егер бүгін біз тілімізді төрге шығарсақ, ертең ұрпағымыз ұлттық рухын жоғалтпай өседі.

Тіл – ұлттың жаны. Жансыз дене өмір сүрмейтіні секілді, тілсіз ұлттың да болашағы болмайды. Сондықтан ана тіліміздің әрбір сөзіне құрметпен қарап, оны ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың қасиетті борышымыз. Ахмет Байтұрсынұлының аманатына адал болу – қазақ тілін тек мерекеде ғана емес, күнделікті өміріміздің өзегіне айналдырудан басталады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 маусым 2026 ж. 50 0