Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір ұжымның барлық жүгін көтерген

Бір ұжымның барлық жүгін көтерген

Адам өмірінде әріптес азаматтардың алатын орны ерекше. Қызметтік байланыстан бөлек азаматтық сыйластық, адамгершілік түсінік әріптестерді айнымас дос, сырлас жан және етене жақын бауыр етіп жібереді. Журналистика саласының ардагері Мүсілім Қалмұратұлы ұзақ жыл аудандық газет редакциясында бірге жұмыс істеген, бүгінде өмірден өткен байырғы әріптесі Ерғали Әбдіхалықұлын еске алып, ардақты азаматтың рухына арнап бірнеше жыл бұрын өлең жазған. Сол өлеңді қаламгерлердің төл мерекесінде газетке ұсынуды жөн көрдік.

Бауырым, сені іздеймін

(Ерғали Әбдіхалықұлының рухына)

Жігіт едің жаны таза, ойы кең,
Жарасты етіп мұртыңды да қойып ең.
Жұмыс жаққа күнде бара жатушы ең,
Маңғаз басып, «Майжарманың» бойымен.

Қалпың қандай қиналып еш саспайтын,
Қол жеткенге сонша асып-таспайтын.
Бар тірліктің жүріп басы-қасында.
Жақсы іске жан біткенді бастайтын.

Тереңөзекте туып-өстің түледің,
Туған жер деп соқты ыстық жүрегің.
Бір ұжымның барлық жүгін көтерген,
Жиын-той мен отырыстың гүлі едің.

Күш-қуатты жинап бар бойыңа,
Дайындалдың 60 жылдық тойыңа.
Бауырым-ай, кенет келген сұм ажал,
Жеткізбеді-ау, арман-мақсат ойыңа.

Ұл-қызың бар, Бисенің бар, бақ қандай,
Содан менің жаным медеу тапқандай.
Тағы міне «Майжарманың» бойымен,
Күлім қағып Ерхан келе жатқандай.

Ажал алар адамдардың тәуірін,
Жүректерде қалды бейнең, дәуірің.
Редакцияға келіп қалар ма екен деп,
Күтемін де, сені іздеймін бауырым!

Мүсілім Қалмұратұлы,
аудандық газет редакциясы
ардагерлерінің төрағасы
27 маусым 2026 ж. 70 0