Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқырман олжасы қаламында

Оқырман олжасы қаламында

Кеше Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында «28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні» мерекесі аясында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Аталған салтанатты іс-шарада аудан журналистикасында өзіндік орны бар әріптесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Балтабай Ордабеков марапат төрінен көрінді.

Жас та болса оқырмандары қалыптасқан тілші еңбек жолын аудандық газеттен бастап, редакцияның белді мүшесіне айналды. Журналистік жолда табанды еңбек етіп келе жатқан Балтабайдың саладағы еңбек өтілі он жылдан асады. Осы жылдар ішінде көптеген байқаудың жеңімпазы атанып, марапат төрінен көрінген әріп­тесіміз өткен жылы алғаш­қы жинағын шығарып, «Әке – қорғаным» атты кітабы оқыр­­манның олжасына айналды. Оның табандылығы мен еңбеккештігі газет бетіне шық­қан мақалаларынан айқын байқалады. Өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, ауданның айшық­ты жаңалықтарын дер кезінде оқырманға жеткізу жолын­дағы тілшілік қызметі осы күнге дейін сәтті жалғасып келеді.

Аудандық редакцияға қыз­метке келместен бұрын жоғары оқу орнындағы әрбір курсын бітіргенде редакцияға алып ұшып келетін жас тілші өзінің ынтасын байқатты. Сол кездегі бас редактор Сәуле Ерімбет Балтабай­дың болашағынан зор үміт күтіп, сол сенім қазір ақталды десек, артық айт­қандық болмас. Тілші, сайт маманы, бас редактордың орынбасары қызметін мінсіз атқарып көптеген жетістікке жетті. Ол жетістік пен марапаттарды тіз­бектеп айтып, тауысу мүмкін емес. Барлығы – оның ізденісі мен еңбеккештігінің арқасы. Балтабай – нағыз шығармашыл жан. Оның қаламынан шыққан өлеңдері де бар. Ақынжанды журналист қара өлеңнен маржан теріп, оқырманы іздеп оқитын қаламгерге айналды.

Осы күні отыз жастан асқан Балтабайды аудан көлемінде танымайтын адам кемде кем. Кісімен тез тіл табысып кететін, елгезек, аңқылдақ, қарапайым қасиеті таңдап, қалаған маман­дығына сәйкес келгеніне таң-тамаша боласыз. Енді, міне бүгін тағы да мерейлі марапат биігіндегі Балтабай облыс орта­лығынан аймақ башысының қолынан Алғыс хат алды.

– Бұл марапатты өзімнің ғана емес, «Тіршілік тынысы» газетінің тұтас ұжымының еңбегіне берілген баға деп қабыл­даймын. Күн сайын оқыр­манға сапалы ақпарат ұсыну жолында аянбай еңбек етіп жүр­ген әріптестерімнің қолдауы мен сенімі болмаса, мұндай жетістікке жету оңай болмас еді. Еңбек жолымда бағыт-бағ­дар беріп, тәжірибесімен бөліскен аға буын журналис­терге және әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Әр жетістіктің артында ұжымдық еңбек, өзара сыйластық пен қолдау тұратыны анық. Қан­дай қуаныш болса да оны бірге бөлісетін отбасым мен жақындарыма ризамын. Олар­дың сенімі мен қолдауы менің жұмысыма серпін береді. Ал оқырманның ықыласы мен жылы лебізі шығармашылық ізденіске жетелейтін ең үлкен мотивация. Журналистиканың басты мақсаты – оқырман сені­мін ақтау. Сондықтан алдағы уақытта да шығармашылық ізденістен жаңылмай, ел мен жердің тыныс-тіршілігін, қоғам­дағы өзекті мәселені сапалы әрі шынайы жеткізу жолында еңбек ете беремін. Қолдау білдіріп, қуанышымды бөліскен барша азаматқа алғыс айтамын. Ортақ сенім мен құрмет әрдайым жаңа жетістіктерге жетелейді, – деді Балтабай Аябекұлы.

Ауданның айнасы – «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының белді қызметкері, бас редак­тордың орынбасары шығар­машыл ұжымға жетекшілік етеді. Газеттің кезекті жаңа нөмері дайындалатын сәтте елді елең еткізетін жаңалықты қалт жібермей, тыңнан та­қырып іздейтін журналист жаңа­шыл­дыққа арқа сүйейді. Әлемнің түкпір-түкпірінен хабардар болып отыру оның кәсіби шеберлігі. Ал сүйікті ісі – прозалық шығарма жазу. Көркем сөздің де шебері болуға ұмтылатын Балтабайдың өлең­ге, айтысқа деген махаббаты ерекше. Мақала жазудан сәл қолы босай қалса, ақындардың жырын тыңдап, әр сөзді терең­нен талдайды. Оның кітап оқуға деген құмарлығы да басым, хоббиі десек те болады. Кітап оқуға меже қойып, мақсатына жетуге күш салады. Сол межені орындап, жаңадан шыққан туындыны іздеп жүріп оқып тауысады. Жай оқып қана қоймай, әріптестерімен пікірлесіп, оқуға кеңес береді. Міне, бұл біз білетін Бал­та­байдың тамаша қыры.

Балтабай Аябекұлының газет өміріндегі кезеңі ізденіспен өтіп, жетістікке жалғасуда. Оқыр­­­манның олжасын қаламы арқылы жеткізіп жүрген әріп­тесімізге шығармашылық табыс тілейміз. Жазарыңыз көп болсын!


Бибісара ЖАНӘЛІ

27 маусым 2026 ж. 82 0