Жас тілші – «Өрлеу» сыйлығының иегері
«Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі, әріптесіміз Таңшолпан Шанжарханова «Жұмысшы жастар: еңбек және инновация» атты жастар форумында Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығына ие болып, құрмет төрінен көрінді.Форум барысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға елеулі үлес қосып, аудан көлемінде белсенді қызмет атқарып жүрген 10 жасқа аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығы мен 100 000 теңге көлеміндегі қаржылай сертификат табысталды. Сонымен қатар бірқатар жас «Жыл үздіктері» атанды және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Өз кезегінде марапат төрінен көрінген Таңшолпан Қалдыбекқызы «Болашақ» университетінде «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын «Тіршілік тынысы» газеті редакциясында корректор болып бастаған Таңшолпан 2023 жылы тілшілік қызметке тағайындалып, қазіргі таңда өз қызметін абыройлы атқарып келеді. Үш жылдан астам уақыт ішінде қаламы ұшталып, өз оқырмандарын қалыптастырған жас тілші осы жылдар аралығында алдыңғы буыннан үлгі алып, тәжірибе жинап келеді. Нәтижелі жұмыстың арқасында түрлі марапатқа ие болды.
– Бұл марапат – әріптесіміздің өз ісіне деген адалдығының, тынымсыз еңбегінің, жоғары жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігінің лайықты нәтижесі екенін айта кетейік. Басылым беделін арттырған әріптесіміз аудан үнжариясының мәртебесін биіктетті. Ұжым арасында сый-құрметке ие болып, әрдайым үлгі бола білген әріптесіміздің жетістігі баршаға қуаныш сыйлады. Осындай марапат алдағы уақытта да жаңа табыстарға жетелеп, шығармашылық ізденіс пен биік белестерге жол аша бермек. Ұжымда абыройлы еңбек етіп, саланың дамуына үлес қосып жүрген әріптесіміздің мерейі әрқашан үстем болсын, – деді аудандық газеттің бас редакторы Аружан Мұханбетқали.
Еңбектің бағалануы адамға жаңа серпін беріп, алға ұмтылуға жол ашады. Әріптесіміздің абыройы асқақтап, алдағы күндері де толағай табыстарға жете беруіне тілектеспіз. Марапатыңыз құтты болсын!
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА










