Ұлттық тәрбие – құқықтық мәдениеттің бастауы
Міне, тәуелсіздіктің ширек ғасырына аяқ бастық. Қазақ мұндайда тәуба дейді. Бәріміз үшін Ел егемендігінің мәні де мазмұны, мағынасы да ерекше. Ұлы дала елінің «мың өліп, мың тірілген», сан рет сүрініп, сан рет қайта тұрған, бір замандарда жарты әлемді билеген, бодандықтың да дәмін татқан ата – бабаларымыз аңсаған азаттық біздің ұрпақтың маңдайына бұйырды.
Азаттық көк туын әлемге паш еткен Елбасымыз еліміздің рухын көтеріп, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік Ел!» ұлттық идеясын өмірге әкелгені белгілі. «Мәңгілік Ел!» идеясы – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Ендеше, әрбір өскелең ұрпақ елінің өткені мен келешегін ой елегінен өткізе отырып, өз Отанын мақтаныш етіп, қадірлеу керек. Әсіресе, Ата Заңға деген сүйіспеншіліктің орны бөлек. Ол үшін оқушыларымыз еліміз қабылдаған Ата Заңын өмірлік қажеттілігін терең ұғынып, өз құқықтары мен бостандықтары туралы білуге міндетті.
Бұл жерде ұлттық тәрбиені ұрпағымыздың бойына сіңірудегі құқықтық құндылықтарымыздың ерекшеліктерін Ата Заңымыздың өткен тарих беттеріне көз жібере қарауды міндет еттік. «Өмір белесі өткен күндер емес, есте қалған күндер» деген ойшылдың сөзі ойға оралды.
Адамдардың алғашқы қоғамдық бірлестіктерінде қоғам мүшелері арасындағы дау – жанжал, келіспеушіліктер болды, бірақ оны шешетін заң болмады. Заң содан пайда болды. Біздің елімізде ең алғашқы ғұрыпты заңдар негізін қалаушы Қорқыт бабамыз деп есептеуге болады. Халық арасында ол кісінің Конституциясы «Азат» деп аталады. Ол заңда мынадай негізгі баптар бар: Атамекенді жерұйық деп білу, оны жаудан қорғау, жер – суды белгілі тәртіппен пайдалануы, дау – жанжалды ақылмен шешу, кінәліні жазасыз қалдырмау. «Қорқыт ата кітабы» - әр түрлі жырлар жинағы болса да, ерлік жасау мен ізгілік көрсетудің біртұтас жолдары көрсетіліп отырады. Бұл кітапта тәрбиелік құнары мол қанатты сөздерден кейінгі толқын ұрпаққа берері мол дүниелер екендігін айта кетуге болады.
Заңға байланысты ұлылардан қалған ұлағатты сөздер бұл күндері өзінің құндылығын жойған емес. Ендеше, сөзіміз дәлелді болу үшін маңызы мол, дәйекті пікірлерге мән бере қарайықшы.
«Жер бетіндегі адамдар арасында тәртіп орнату үшін заңды қолдану шөлге жауған жаңбырдай қайырымды» (Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ата Заң әркімнің бойтұмары болып, оның қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа жетеміз» деп атап көрсетті. Біртуар қазақтың асыл ұлы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» десе, Шерхан Мұртаза: «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат тор көзді сауыты» деген ойлы пікірі бар.
Дана халқымызды өскелең ұрпағының ертеңіне терең үңіліп, құқықтық тәрбиені жетілдіруге аса мән берілу керектігін ескерген. Тыйым сөздерді санасына сіңіру арқылы баланы жастайынан қылмыс жасамауға, ұрлыққа бармауға, өтірік және жалған сөйлемеуге, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиелеуді басым міндет, ата – аналық борыш деп санаған.
«Баланы жастан» демекші, айтылған ақыл – кеңестен әдет ұғуын, өздерінің жүріс – тұрысын түзеп, сөйлер сөзімен, жақсы ісімен үлгі – өнеге болып, әділ сөйлеп, түзу жүруге мән берген.
Ұрпағын адал жолға салу, тәрбиелеудің негізгі күші алдымен отбасына жүктеледі. Бұл жерде ата – ананың ерекше рөлі бар. Баланы ұлағатты адамзат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу үшін, ата – аналардың өздерінің сол дәрежеге сай үлгілі, өнегелі болуын талап етеді. Осы жерде адамгершілік қасиеттің жоғары түрі ар – ұят, намыс, ождан.
«Жаным – арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Ақылың болса арыңды сақта, ар – ұят керек әр уақытта» деген ұлағатты мақал – мәтелдер осының айқын дәлелі.
Әр адамда екі қуат бар: біріншісі – тән, екіншісі – рух дейді мамандар. Адамға рухани тәрбие бермей, тәрбиенің басқа салаларын жүзеге асыру мүмкін емес. Рухани тәрбие берілмеген адамға тіпті білім беру қауіпті, ол адам өзінің алған білімін қара басына жұмсап, өз мүддесі жолында адамзатқа апат әкелуі мүмкін.
Халқымыз ұл мен қызды тіршілікке, өмірдегі, үйдегі іс – әрекеттерге бейімдеп, еңбек арқылы тәрбиелеуге баса көңіл бөлген. Көп жағдайда тәрбиенің, өнегелі істердің жоқтығынан адам баласының сотқарлыққа, бұзықтыққа жас кезінен ұрынып, өмірден опық жеп, өзегін өкініштің зар үні кернейтін кездері аз емес. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген Абай сөзі осыған дәлел.
Қаймағы бұзылмаған халқымыздың дәстүрінде, өмір белесінде әкенің бетіне келу, анаға ауыр сөз айту, үлкенге қарсы шығу, біреудің дүниесіне қол сұғу өте жат қылық. Мұндайда қазақ ата – ана тілін алмай, қарсы шыққандарды «көргенсіз» деген ауыр, зілді сөзбен сөккен. Яғни, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген жақсы қасиет заңдылық болып саналған.
Ата – әже, әке – ананың үлкен шаңырақта өз орны болған. Олардың айтқандарына тоқтап, олар отырған төрге бала – шағаны шығармаған.
«Әкесі тұрып, ұлы сөйлегеннен, шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» деген мақалдың өзі өмір тәжірбиесінен алынғаны белгілі.
Бала мен қыз тәртіп бұзса, әкесі теріс батасын берген, анасы ақ сүтін көкке сауған. Бұл өліммен бірдей болып, қарғысқа ұшыраған бала көгеріп – көктемеген.
Оған «Қыз Жібек» жырының бір көрінісі куә. Жібекпен уәде байласқан Төлеген әкесі Базарбайдың наразылығына қарамай аттанбақ болады. «Ата салтын бұздың» деп назаланған Базарбай баласы Төлегеннің жанына ешбір жолдас ерітпей алыс сапарға жалғыз жібереді. Төлеген аттанарда Базарбай теріс батасын береді. Теріс бата алып, «ата назасына» ұшыраған Төлеген сол сапардан оралмай, жолда қапылыста Бекежанның қолынан қаза табады. Осы арқылы ата – ананы ренжітпеу керек «ата қарғысына ұшыраған ұл оңбайды» деген ой – пікірлер айқын байқалып тұр.
Нағыман Әйтенов,
№ 37 мектеп – лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары