Тәжірибемен шыңдалған бас маман
Қай уақытта болсын қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі ең алдымен адал еңбек пен жауапкершілікті ту еткен азаматтарға байланысты. Солардың қатарында мемлекеттік қызметшінің орны айрықша. Өйткені мемлекеттік қызмет – жай ғана мамандық емес, ол – ел алдындағы үлкен жауапкершілік, халық сенімін ақтау жолындағы маңызды міндет саналады. Осы міндет үдесінен шығып келе жатқан кейіпкеріміз Жадыра Ұзақбаева мемлекеттік қызметші ретінде сегізінші жыл қатарынан кәсіби мерекесін тойлап келеді.Қашанда табандылығы мен ыждағаттылығының арқасында мемлекеттік қызметте абырой биігінен көріне білген Жадыра Бақытбекқызы бүгінде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы қызметін атқарады. Ол Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Туған жердің топырағында өсіп, сол өңірдің тыныс-тіршілігін көріп өскен ол бала күнінен білімге құштар, ізденімпаз болып қалыптасты. 2000-2011 жылдар аралығында №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектепте білім алып, мектеп қабырғасында-ақ жауапкершілігімен, алғырлығымен ерекшеленді. Алға қойған мақсаты айқын, болашағын біліммен байланыстырған жас түлек мектептен кейін жоғары оқу орнына түсіп, таңдаған саласы бойынша терең білім алуға ден қояды. Білікті жас маман 2011-2015 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Мелиорация, рекультивация және жерді баптау мен қорғау» мамандығы бойынша білім алып, оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдады. Бұл – оның тек теориялық білімді игеріп қана қоймай, өз мамандығына асқан жауапкершілікпен қарағанының айқын дәлелі. Жадыра Бақытбекқызы білімін одан әрі жетілдіру мақсатында 2017-2019 жылдары Алматы қаласындағы «НАРХОЗ» университетінде «Жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығының қыр-сырына қанықты. Осылайша ол өз кәсіби бағытын тек бір саламен шектемей, мемлекеттік басқару жүйесінің қыр-сырын меңгеруге ұмтылды.
– Мемлекеттік қызметтің мәртебесі – сол салада еңбек ететін өзім секілді мамандардың беделімен өлшенеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ел сенімін ақтауға ұмтылуы тиіс екенін жақсы білемін. Себебі біздің еңбегіміз – мемлекеттің мерейі, халықтың әл-ауқаты, ел болашағы үшін жасалып жатқан қызмет ретінде бағаланады. Бір қарағанда қағазбасты жұмыс болып көрінетін бұл салада шын мәнінде үлкен жауапкершілік, табандылық, сауаттылық пен сабырлылық қажет. Халықтың мәселесін тыңдап, заң аясында шешім шығару, ел дамуына ықпал ететін маңызды құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету – мұның бәрі мемлекеттік қызметшінің күнделікті атқаратын міндеті. Яғни мен секілді маманның күнделікті бетпе-бет келетін жұмысы. Ел Президенті де мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыру, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселесіне әрдайым айрықша назар аударып келеді. Бұл – мемлекеттік қызмет саласына артылған сенім мен жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетеді. Осы орайда өзім секілді мемлекеттік қызметшінің кәсіби деңгейі, адамгершілік болмысы, елге қызмет етуге деген адалдығы мемлекет дамуының басты кепілі екенін атап өткен жөн, – деді Жадыра Бақытбекқызы.
Айта кетейік, сала маманы еңбек жолын 2015-2016 жылдары Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жастар тәжірибесінен өтуден бастаған. Ол алғашқы күннен-ақ өзіне жүктелген міндетке тиянақты қарап, іскерлігімен көзге түсті. Ал 2016-2017 жылдары Сырдария ауданы әкімі аппаратында әдіскер қызметін атқарып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен тәртібін іс жүзінде көруге мүмкіндік алды. Бұл кезең оның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына, тәжірибе жинақтауына және басқару саласының талаптарын тереңірек түсінуіне жол ашты. 2018 жылдан бастап Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалып, осы саладағы жауапты жұмыстарды атқаруға кірісті. Ал 2023 жылы Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде бас маман болып қайта тағайындалды.
Осы уақыт аралығында ол халыққа жер қатынастары саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсетіп, маңызды әрі жауапты мәселелермен айналысып келеді. Атап айтқанда, жер учаскесінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, бүлінген жерлерді қалпына келтіруге келісім беру, ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыруға түпкілікті шешім қабылдау, іздестіру жұмыстарына рұқсат беру секілді күрделі әрі аса маңызды бағыттар – оның күнделікті қызметінің бір бөлігі.
Мемлекеттік қызметтегі әр күн – жаңа міндет, жаңа жауапкершілік. Халықпен тікелей жұмыс істейтін сала маманы ретінде Жадыра Ұзақбаева азаматтардың өтініш-тілегіне мұқият қарап, заң аясында сапалы қызмет көрсетуге басымдық беріп келеді. Оның жұмысындағы басты ұстанымы – жауапкершілік, кәсібилік және халық сенімін ақтау. Қай істе де тиянақтылық танытып, әрбір тапсырмаға байыппен қарайтын маманның еңбегі әріптестері мен басшылық тарапынан да жоғары бағалануда. Осы жылдар ішінде оның адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі бірнеше мәрте марапатқа ие болды. Әр жылдары кейіпкеріміз Сырдария ауданы әкімінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының және Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталуы – соның айқын дәлелі. Әсіресе, «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсына қатысып, еңбегінің бағалануы оның өз ісіне деген шынайы жауапкершілігін көрсетеді.
Әйел адамның қоғамдағы орны да, отбасындағы орны да айрықша. Жадыра Ұзақбаева – бір жағынан жауапты мемлекеттік қызметші болса, екінші жағынан өнегелі отбасының ұйытқысы, аяулы ана. Бүгінде ол отбасында 1 қыз және 2 ұл тәрбиелеп отыр. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру – кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс. Бұл ретте оның еңбекқорлығы мен табандылығы, өмірге деген байыпты көзқарасы анық аңғарылады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










