Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саланың тамырына қан жүгірткен басшы

Саланың тамырына қан жүгірткен басшы

Қашанда мемлекеттік қызмет саласында өзіндік ұстанымымен даралана білген Марат Ерташов жөнінде айтқан уақытта спорт және туризм саласына серпін беруге ұмтылған бітім-болмысы айрықша байқалады. Біз білетін Мәкеңнің 30 жылға жуық спорт саласында тәжірибесі бар. Оның ішінде, 20 жыл бойы мемлекеттік қызметтің жүгін көтеріп келеді. Арада азды-көпті үзіліс болғанымен, бағытынан айнымаған ардақты азамат өзі қыр-сырын білетін саланы өркендетуге қайта күш салуда.

Бүгінде аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Марат Жарылқасынұлы 1972 жылы Қалжан ахун ауылында дүниеге келген. Туған жердің топырағында елдің тыныс-тіршілігін жастайынан көріп өскен ол бала күнінен-ақ еңбекке жақын, жауапкершілігі мол болып қалыптасты. 1979-1989 жылдары туған ауылындағы №126 В.Чапаев атындағы орта мектепте білім алып, сол кездің өзінде алғырлығымен, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен ерекшеленді. Негізінен, Марат Ерташов 1989-1994 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтында суар­малы жерлерді өңдеу жұмысын механикаландыру мамандығын оқыған. Нәтижесінде ол инженер-механик біліктілігін иеленді. Бұл оның техникалық бағыттағы алғашқы кәсіби қадамы еді. Алайда уақыт өте келе болашақ мемлекеттік қызметші спорт пен дене тәрбиесі саласына ден қойып, осы бағытта да білімін жетілдіруге бел буды. 2002-2004 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша толық курсты тәмамдап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі біліктілігін алды. Оның спорт саласына деген қызығушылығы мен үздіксіз ізденісінің айқын көрінісі екенін анық байқаймыз.

Еңбек жолына ерте араласқан Марат Жарылқасын­ұлы­ның қызмет баспалдақтары да әр кезеңде түрлі міндетпен өрілді. Алғашқы еңбек жолын жұмысшы болып бастап, кейін білім саласында мұғалімдік қызмет атқарды. Уақыт өте келе спорт саласындағы ұйымдастырушылық қабілеті байқалып, аудандық спорт құрылымдарында әртүрлі жауапты қызметтерге тартылды. Атап айтқанда, аудандық «Қажы-Мұқан» атындағы спорт комитетінде қойма меңгерушісі, аудандық жастар ісі, туризм және спорт комитетіне қарасты балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жұмысшы, кейіннен сол спорт мектебінің директоры қызметтерін атқарды. Бұл – оның спорт саласының барлық сатысынан өткен, істің ыстығы мен суығын қатар көрген маман екенін аңғартады. 1999-2006 жылдар аралығында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып еңбек етуі – оның басшылық қабілетінің қалыптасқан кезеңі болды. Бұл уақытта ол жас спортшыларды қолдау, спорттық инфрақұрылымды жандандыру, аудан жастарын бұқаралық спортқа тарту бағытында жұмыс жүргізді. Ал 2006 жылдан бастап Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде басшылық қызметтерді атқарып, аудан спортының дамуы­на тікелей ықпал еткен тұлғаның біріне айналды.

– Спорт саласы – менің өміріммен біте қайнасқан, маған ерекше жақын сала. Осы бағыттағы еңбек жолымда талай азаматтың қамқорлығы мен сенімі, ағалық ақылы мен жанашырлығы демеу болды. Солардың жақсылығын, көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпаймын. Ең алғаш осы салаға келіп, жауапты қызметке араласуыма сол кездегі аудан басшысы Ибрагим Әбибуллаев сенім білдіріп, бөлім басшысы ретінде тағайындаған еді. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар зор сенім болды. Ал сол кезеңде басқарма басшысы болған Садық Мұстафаев та үнемі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Азаматтың қызмет жолында осындай сенім мен қолдау үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан сол кісілердің маған білдірген сенімі мен көрсеткен қамқорлығын әрдайым ризашылықпен еске аламын. Біздің аудан спортының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан сала ардагерлерінің орны да айрықша. Солардың қатарында Кеңес Инаятов ағамыздың еңбегін ерекше атаған жөн. Спорт саласының ыстығы мен суығын қатар көріп, жас­тар тәрбиесіне, бұқаралық спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың еңбегі кейінгі буын үшін әрдайым өнеге. Аудан спорты десе, есімі құрметпен аталатын азаматтың бірі – Шәкір Қиықбаев. Оның спорт саласындағы еңбегін, кейінгі буынға қалдырған өнегесін ешқашан ұмытпауымыз керек. Мұндай азаматтардың маңдай тері мен жанкешті еңбегі бүгінгі спорт саласының тарихында алтын әріппен жазылуға лайық. Өйткені бүгінгі жетістік – кешегі аға буынның табанды еңбегінің, маңдай терінің, жанашырлығының нәтижесі. Жалпы, спорт – тек жарыс пен нәтиже ғана емес, ол – тәрбие, тәртіп, табандылық мектебі. Осы саланың дамуына әр кезеңде еңбек сіңірген азаматтардың бәріне құрметпен қараймын. Біз әрдайым өткенді ұмытпай, салаға үлес қосқан ардагерлердің еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттап отыруымыз керек. Себебі тарихын қадірлеген, аға буынның еңбегін бағалай білген ұжымның ғана болашағы берік болады. Бүгінгі міндет – сол қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, аудан спортын жаңа деңгейге көтеру. Бұл ретте, аудан басшысы Берік Сәрменбаевқа сенім білдіргеніне алғыс айтамын! Бұл жолда аянбай еңбек ету – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі абыройлы міндет, – дейді бөлім басшысы.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап спорт саласы бірнеше құрылымға қосылып жұмыс жасап көрді. Бірде мәдениет, бірде туризм саласына қосылған аудан спортының бағыты ешқашан жаңылған емес. Бірер жыл бұрын Марат Жарылқасынұлы белгілі бір себептермен бөлім басшысы қызметінен алыстағаны рас. Өткен жылдан бастап өз саласына қайта кірісіп, өз жұмысын ыждағаттылықпен атқаруда. Бүгінде спорт саласында айқын өзгеріс бар. Межелі нәтиже көрсету барысында өз білгенінен жаңылмайтын бөлім басшысы мамандарға жоғары талап қояды. Әрине, жоғары талаптың артында аудан мерейі мен абыройы жатыр.

– Аудан спортының бүгінгі жетістігі – ең алдымен тынымсыз еңбек етіп жүрген спортшылар, жаттықтырушылар және сала мамандарының маңдай терінің жемісі. Кез келген нәтиженің артында үлкен дайындық, табандылық, тәртіп пен төзім жатады. Жарыс алаңында аудан намысын қорғап жүрген әрбір спортшының жеңісі – тек жеке жетістік емес, бұл – тұтас Сырдария ауданы спортының мерейі. Сондықтан біз жақсы нәтижеге жеткен спортшыларымыздың еңбегін әрдайым жоғары бағалаймыз. Олар күнделікті жаттығуда өз-өзін шыңдап қана қоймай, кейінгі буынға үлгі болып келеді. Жалпы спорт саласына маман ретінде қарайтын болсақ, барлық спорт түрі бір мезетте бірдей қарқынмен дамиды деп айту қиын. Бұл – табиғи үдеріс. Кей кезеңде кейбір спорт түрлері алға озып, жарқын нәтиже көрсетіп жатады, ал кейбір бағыттар белгілі бір уақыт аралығында кенжелеп қалуы мүмкін. Мұның себебі әртүрлі екенін ұмытпаған жөн. Маман тапшылығы, материалдық-техникалық база, балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы, жаттықтырушылар құрамының тәжірибесі, жарысқа қатысу мүмкіндігі секілді факторлардың барлығы әсер етеді. Сондықтан спортты дамытуда бір ғана көрсеткішпен шектелуге болмайды. Біз үшін ең бастысы – барлық спорт түрінің тамырына қан жүгіртіп, әр бағыттың әлеуетін біртіндеп көтеру. Бүгін кенжелеп тұрған спорт ертең жүйелі жұмыстың нәтижесінде алға шығуы әбден мүмкін. Сол себепті әр спорт түріне жан-жақты қарап, олардың дамуына кезең-кезеңімен қолдау көрсету – біздің басты міндетіміздің бірі. Аудан көлемінде спорттың бұқаралық сипатын арттыру, ауылдық жерлердегі жастарды спортқа тарту, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру – басты назардағы мәселе. Өйткені спорт – тек медаль мен марапаттың жолы ғана емес, ол – тәрбие мектебі, саламатты өмір салтының негізі, елдің ертеңін қалыптастыратын маңызды құрал. Біз жас буынның спортқа бет бұруына жағдай жасап, әр ауылдан талапты, талантты жастардың шығуына мүмкіндік беруді көздейміз, – деді Марат Жарылқасынұлы.

Бөлім басшысы ретінде Марат Ерташов туризм саласының өркендеуіне айрықша көңіл бөлетінін ұмыт­паған жөн. Бұл бағыттағы жұмыс барысына білікті басшы кеңінен тоқталды.

– Аудан өмірінде туризм саласының орны да айрық­ша. Бұрын туризм көбіне қосымша бағыт ретінде қарас­тырылып келсе, қазір бұл салаға мүлде басқа көзқарас қажет екені анық байқалып отыр. Туризм – тек қонақ қабылдау немесе тарихи орындарды таныстыру ғана емес, ол – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын, мәдениеті мен табиғи ерекшелігін насихаттайтын, елді мекеннің тартымдылығын күшейтетін маңызды сала. Осы орайда аудан көлемінде туризм бағытындағы жұмысты жүйелеу, тарихи-танымдық орындарды насихаттау, ішкі туризмді дамыту – алдағы уақыттағы маңызды міндеттің бірі болмақ. Жақында туризм саласына қатысты басқарманың ашылуы – осы бағытқа деген жаңаша көзқарастың айқын көрінісі. Бұл қадам алдағы уақытта туризмді дамыту ісіне тың серпін береді деп сенеміз. Өйткені арнайы құрылымның болуы саладағы жұмысты жүйелеп, нақты жоспармен ілгерілетуге мүмкіндік береді. Сырдария ауданының өзіне тән тарихы, табиғаты, ұлттық құндылықтары, елге танытар ерекшелігі аз емес. Ендігі міндет – осы әлеуетті дұрыс пайдаланып, ауданның туристік мүмкіндігін кеңінен таныту. Бұл бағытта спорт пен туризмді ұштастыра отырып, түрлі бұқаралық, спорттық жарыстар, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырудың да маңызы зор. Біз алдағы уақытта спорт пен туризм саласын бір-бірімен сабақтастыра отырып дамытуға басымдық береміз. Себебі бұл екі бағыттың да түпкі мақсаты – ауданның әлеуетін арттыру, жастарды белсенді өмір салтына баулу, туған өлкенің қадір-қасиетін кеңінен таныту. Сондықтан аудан спортының да, туризм саласының да дамуы – ортақ мүдде, ортақ міндет. Осы жолда жүйелі жұмыс жүргізіп, бар мүмкіндікті тиімді пайдалану – біздің басты мақсатымыз, – дейді бөлім басшысы.

Айта кетейік, Марат Жарылқасынұлы отбасында зайы­бы Гүлсім Оразбайқызымен бірге 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Перзенттерінің ішінде үлкен ұлы Асқар көгалдағы хоккей спортымен айналысқан. Бүгінде Наурызбай ағасымен бірге ішкі істер саласында қызмет етсе, қызы Айжан – білім саласының маманы. Кенжесі Нариман – студент.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
23 маусым 2026 ж. 38 0